БАУЫРЛАС ҚАЛАЛАРДЫҢ БІР-БІРІНЕН ҮЙРЕНЕРІ КӨП
Кездесу барысында шаһар басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы биыл мамыр айында экономиканы әртараптандыру тәжірибесін зерделеу үшін Атырау қаласының делегациясы Хьюстон қаласына барып келгенін айтып, АҚШ-тың «мұнайлы астанасынан» үйренер тұстарды атап өтті.
— Біз Хьюстонның экономиканы әртараптандырудағы жетістіктеріне тәнті болдық. Атап айтсақ, мұнай-газ секторы, денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, агроөнеркәсіп және тағы басқа салалардың дамуын жоғары бағаладық. Сондай-ақ, Хьюстон өңірінде 87 мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейтінін көріп, экологияның тазалығына таңғалдық. Екі жақты кездесулер инвесторлармен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, мұнай-газ саласында жоғары білікті мамандар дайындауды бірігіп ұйымдастыруға болады, — деді қала әкімі Н.Ожаев.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының «мұнайлы астаналары» Атырау мен Хьюстон бауырлас қалалар ретінде қарастырылған болатын. Нәтижесінде көктемде атыраулық делегацияның сапары барысында сол кезде Хьюстонның мэрі қызметін атқарған Аннис Паркер мен Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді. Ал, осы жолғы кездесу кезінде екі тарап Хьюстондағы қазақ диаспорасының саны жағынан АҚШ-тағы үшінші орындағы қауым екенін ескере отырып, мәдени қарым-қатынастарды одан әрі дамытуды да сөз етті.
— Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенімде екі ел арасында тікелей рейс ашу жөнінде ұсыныстар айтқанмын. Атырау қаласы маған өте ұнады. Біздің Хьюстонмен көп ұқсастықтары бар екен. Хьюстонда әлемдегі ең ірі мұнай компаниялары жұмыс жасайды. Және осы қалада АҚШ-тағы газдың жартысы өндірілгенімен, біз табиғаттың тазалығына, адамдардың денсаулығына аса үлкен көңіл бөлеміз. Осы тәжірибемізді Атыраумен бөлісуге болады. Өйткені, бір-бірімізден үйренеріміз көп, — деді конгрессмен С.Стокман.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.