Батыс Қазақстан облысында 7000-ға жуық тұрғын эвакуацияланды
Бүгінде көршілес Батыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу және апаттық-құтқару жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Өңірде осы уақытта 6893 адам эвакуацияланған болса, оның 3313-і бала. Қазір аймақтағы жағдай күрделі, — деп хабарлайды біз байланысқан көрші облыстағы әріптесіміз, «Орал өңірі» газетінің журналисі Аманжол Исламғали.
Жалпы облыс бойынша төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Аймақтың алты ауданының (Теректі, Қаратөбе, Бәйтерек, Сырым, Тасқала және Бөрлі) кей ауылдары мен Орал қаласы маңындағы бірқатар саяжайды, яғни 427 учаскені су шайып кетті, 10 елді мекенде көлік қатынасы тоқтатылды. Үш мыңнан астам үй жануары қауіпсіз орындарға айдалды.
Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті ақпараттық-аналитикалық тобының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Нұржан Төлеуіштің айтуынша, облыстағы қауіпті аймақтардан 1 000 000 текше метрден жоғары еріген қар суы сорылған. Тасқын қаупі бар елді-мекендер маңына құм толтырылған 200 мыңнан астам қапшық қойылған. Өңірде 42 700 адамға арналған 219 эвакуациялық қосын жасақталған. Қазіргі бұл орындарға 1 408 адам орналасқан болса, 5 485 тұрғын туысқандарымен тұрып жатыр. Құтқару, апаттың алдын алу жұмыстарына 1979 маман, 365 техника, 76 мотопомпа тартылған.
Орал қаласы және Теректі, Бәйтерек аудандарында тұрғындар эвакуацияланып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отыр. Оған қоса құм толтырылған қаптар төселіп, су бетінде жылжыған мұздардың бір жерге жиналып қалмауы қатаң бақыланды. Ұлттық ұланның Ми-171 тікұшағымен Қаратөбе ауданының аумағындағы Үшана, Қоржын ауылдарына 2 тонна азық-түлік жеткізілді.
Теректі ауданындағы Ұзынкөл су қоймасында су шайып кету жағдайына байланысты Кемер, Юбилейный, Жаңаөмір, Ұзынкөл және Барбастау ауылдарына қауіп төнген. Онда ауыл адамдары эвакуацияланып, су сорылып, құм салынған қапшықтар төселген. Жұмыстардың нәтижесінде Ұзынкөл су қоймасына бағыт алған су көлемі азайды.
Ал Бөрлі ауданындағы Елек өзені 705 сантиметрге дейін көтерілді деген хабар жетіп, мұнда алдын ала эвакуациялау жұмыстары атқарылған. Осы жағдайға байланысты аталмыш аудандағы Қарашығанақ және Димитрово ауылдарында халыққа хабарлау және тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру мақсатында төтеншеліктер ауыл үйлерін аралаған. Айта кетейік, Қарашығанақта 163 тұрғын мен 70 баспана болса, Димитровода 68 үй мен 125 адам тұрады. Осы екі ауылдан барлығы 25 адам Жарсуат ауылындағы эвакуациялық қосынға жеткізілді. Ондағы адамдарды эвакуациялауға 32 жеке құрам және 8 бірлік техника жұмылдырылған. Бүгінде облыстағы күрделі жағдай мамандардың бақылауында.
Қазір су деңгейі Жайық және Шаған өзендерінде көтерілген. Шағанда мұздар қозғалған. Жайықтың Орал қаласына таяу тұстарында мұз жылжи қоймаған. Ал Деркөл өзенінде су деңгейі төмендеді. Десе де қауіптің беті әлі сейілген жоқ. Тұрғындар төтенше жағдайға қарамастан үйлерінен көшуге қарсылық танытса, мамандар тәртіп сақшыларының қызметіне жүгінбек.
Айта кетсек, Батыс Қазақстан облысы шығысында Ақтөбе, оңтүстігінде Атырау облыстарымен, батысында Ресейдің Астрахан, Волгоград, солтүстік – батысында Саратов, Самара, ал солтүстігінде Орынбор облысымен шектеседі. Облыста жалпы үлкенді-кішілі 200-ге жуық өзен бар. Негізгі су көзі Жайық өзені болып табылады.
Аманжол ИСЛАМҒАЛИ,
«Орал өңірі»