Батыр рухына тағзым
Қазақ халқы талай қиын кезеңдерді басынан кешірді. Елін, жерін қорғап, азаттығы үшін сын сағаттарда айқасқа түскен қазақ ерлері аз болмады. Елім деп еңіреді, жерім деп тебіренді.
Бүгінгі бейбіт заман ұрпақтарының ендігі міндеті – ұлыларын ұлықтап, асылын ардақап, ер есімін әрдайым биікте ұстау. Осы мақсатта Атырау қаласының Ақжар ауылындағы С.Датов атындағы № 26 атындағы орта мектептің мұғалімдері, ата-аналары және оқушылары Қаройда жерленген ақын, батыр, аруақты ер Махамбет Өтемісұлының мазарына барып, дұға бағыштады.
Мазар 1995 жылы салынып, 2003 жылы арнайы жөндеуден өткен. Қазіргі таңда мемлекет қамқорлығына алынған. Мазар ішінде Махамбеттің ескерткіші салынып, әшекейлі тастармен өрнектелген. Қабырғаларында ақынның ел аузында қанатты сөзге айналған өлең шумақтары жазылған. Мазарға келген мектеп мұғалімдері батырдың өмірі жайында сыр шертіп, оқушылар жалынды өлең-жырларын жатқа айтты.
Руслан САРБАЛИН,
С. Датов атындағы № 26 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі.