Жарнама
БілімЖаңалықтар

Басты мақсат – бәсекеге қабілеттілік

Өткен жұмада Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бір күнде, бір сағатта еліміздің орта білім беретін барлық мектептерінде тұңғыш рет жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті. Игі бастамаға Атыраудағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияда да зор мән берілді.

білім2

Бүгінде гимназияда оқушылардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті және болашақтары жарқын болуы үшін жаңартылған педагогикалық мазмұн енгізілуде. Мұғалімдер біліктілікті арттыру бағдарламасы аясында жаппай оқытылып жатыр. Былтырдан бастап  бірінші сынып оқушыларының жетістіктерін шектеусіз бағалау жүйесі енгізілді. Алдағы оқу жылынан бастап 1, 2, 5 және 7-сыныптар шәкірттері жаңартылған бағдарлама бойынша оқиды. Сондай-ақ, биыл ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы жаңа форматта өтеді.

— Біздің шәкірттеріміз қалалық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларында, бірыңғай ұлттық тестілеуде, ғылыми жобалар байқауы мен спорттық сайыстарда талай рет топ жарып келеді. Түлектеріміз Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Тәуелсіз елдер дос-тастығына енетін мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдірді. Бұл – бір мектепке шоғырланған жоғары санатты мұғалімдер еңбегінің ортақ жемісі. Екіншіден, заман талабына сай оқу бөлмелері ашылып, жаңа жиһаздармен жабдықталды. Үшіншіден, әркез мектебімізге демеушілік танытып жүретін НКОК, ТШО компанияларының көмегі де зор, — дейді мектеп директоры София Әлібаева. Ол оқушылардың алдағы оқу жылын жаңа ғимаратта қарсы алатынын да жеткізді.

Бүгінде гимназияның 54 сыныбында 1512 оқушы білім алуда. Биыл мектеп бітіруші 80 түлек алдын ала сынақтан мүдірмей өтті. Нәтижесі облыстағы басқа оқу орындарымен салыстырғанда анағұрлым жоғары.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button