Өткен күнде бар белгі…

izobrazhenie 2021 02 23 152515 Шаһар шырайы

Менің қала басшылығына келген кезім нағыз экономикалық тұйыққа тірелген шақ еді. Бұл тек Атырау қаласы емес, барша әлемде сондай жағдай қалыптасып тұрды.

Бірде жұмыс бабымен көршілес Ақтөбе облысына бардық. Бес қабатты үйлердің тұрғындары бірлесіп, есік алдына қазанмен тамақ пісіріп жатқанын көрдік. Сол көрініс жадымда жатталып қалды. Алайда, Атырауда мұндай жағдайға жеткен жоқ. Ақшасы жоқтықтан, коммуналдық төлемдерге қарызын өтей алмағандардың сөзін сөйлеп, талай мәрте энергетиктермен келіссөз жүргізуге тура келді. Тұтас шағынауданның электр желісін қиямыз деп келген сәтте райларынан қайтарып, келісімге келуге тырысып бақтық. Өткен күнде бар белгі…

Сол кезде Атырау қаласының жылдық бюджеті – 920 миллион теңге. Қазір бұл – бір мектепке ғана бөлінетін ақша. Ал, облыстың бюджеті 6 миллиард теңгеден сәл асатын еді. Қаражат азғантай, атқарылуы тиіс жұмыс ауқымы өте көп. Сондай сәттерде де жұмыс жасап, аз ақшаны тиынына дейін тиімді жұмсауға бар күшімізді салдық. Әр бастама, ұсынысты егжей-тегжейлі талқылаушы едік. Жұмыс барысында көп қиындықтарға кезіктік. ПИК-тер құрылмаған, «жеке меншік» деген ұғым болмады. Қолынан іс келетін, икемі бар азаматтарды байқасақ, «ақша тап та, дүңгіршек аш, кәсіп баста» деп жетеледік. Бірте-бірте көп қабатты үйлердің бірінші қабатынан дүкен, дәріханалар ашыла бастады. Нақты мүмкіндіктерін саралап, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарынан рұқсат алып беруге тырыстық.

Сол уақыттарда шағын істен бастағандардың көбі бүгінде ірі кәсіпкерге айналды. Тұрғындар жаппай пәтер кезегіне тұруға асықты. «Жер алуға да арыз беріңдер» дегенбіз, оған құлақ аспады. Қазіргі Жеңіс саябағы тұрған жерді ұсынғанымызда, «ол керек емес, басқа жер бер, анау қашық, шет жақ» деген уәждер айтты. Қала бойынша салынған аз ғана тұрғын үйлерді ең алдымен көп балалы отбасыларға бөліп бердік. Кейін «шет жақ» деп менсінбеген жерде әдемі шағын қалашық салынып, орталық келбетті аудандардың біріне айналды.

Қызметтес әріптестер де жалақы үшін емес, жанкештілікпен еңбек етті. Қалайда мәселені оң шешуге тырысты, бас пайдасын ойлаған емес. Сенсеңіз, солардың арасында «маған пәтер бер, жер бер» дегені де болған жоқ. Аз ғана жалақыға ел қатарлы күн кешіп, ел мүддесі жолында еңбек етті. Өйткені, қаржының жоқтығы қолбайлау. Әріптестерім соны көріп отыр еді. Барымызды қиратпай, жарамды етіп ұстау – негізгі принцип. Қалада бірді-екілі тұрғын үй мен бір-екі әлеуметтік нысан салынып жатқаны болмаса, ауқымды құрылыс та жоқ.

Қаңырап қалған казарманы тұрғын үйге айналдырып, қоныстануға бердік. Махамбет көшесі бойындағы химзауыттың жатақханасы құлап, тұрғындарды бір түн ішінде көшірдік. «Атырау» қонақ үйіне қоныстандырып, «Жан сырымды шерттім…» немесе Атырау гимнінің қалай шыққаны жөнінде жағдайды бірте-бірте реттеуге, баспанамен қамтуға қол жетті. Жағдайдың дұрыстала бастаған кезі – мұнайдың 100 жылдығы тұсында. Нұрлан Балғымбаевтың ұйытқы болуымен қыруар істі атқаруға мүмкіндік алып, қаржы құйылды. Қала тез дамып, аяққа тұра бастады, тіпті реңі өзгеріп сала берді.

Сол жылдардан бастап, сауда-саттық дами түсті. Бұған бір жағынан ірі кәсіпорындардың тұралап қалуы да оң әсер етті. Қалай дейсіз бе? Көптеген кәсіпорындар қажетті шикізат, бөлшектерді сырттан тасыды. Кейін сол тауарларды төмен бағаға алып келуге болатынын байқаған жергілікті азаматтар осы істі қолға алды. Жұмыссыздықты жоюға қанша тырыссақ та, оң нәтижеге қол жеткізе алмадық. Жайық өзенінің жағасын жөндеу жұмыстарын бастағанбыз. Үштөрт айдан соң, оны да тоқтатуға мәжбүр болдық. Себебі, қаржы жоқ. Ахуалдың қаншалықты мүшкіл болғанына нақты мысал келтірейін. Мұғалімдер жазғы демалысқа кетер кезде, солардың екі айдан астам еңбек демалысына төлейтін ақша таба алмай қиналатынбыз.

Ең қиын күндер еді ол. Шүкір, бәрі артта қалды. Қалай болғанда да, ұсыныс, пікір, өтінішпен келген кез келген адамға ашық болдық. Мәселені қалайда шешуге жұмыстандық, қала әкімі ретінде «кеңсеге тіркел», «бүгін қабылдайтын күн емес» деген ұғым мүлде болған жоқ. Ре с п убл и ка д а ғ ы ә к і м ш і л і к – аума қ т ы қ оңтайландыруға байланысты, ірі аудан саналатын Балықшының қалаға қосылуы да – бөлек тарих. Аумағы үлкейгенімен, қаланың бюджеті өскен жоқ. Қосылған ауданның бюджетін қалаға біріктіру үшін талай табалдырықты тоздырдым. Бірнеше мәрте сессияда да қаралды.

Ақыры, мәселе шешілген жоқ, қалаға ғана бекітілген бюджетпен жұмыс жасауға тура келді. Азды-көпті тер төгіп, мұнай өнеркәсібінің орталығы саналатын шаһардың өсіп-өркендеуінде өз қолтаңбам қалғанына қуаныштымын. Әкім үлкен лауазым иесі болғанымен, қол астындағы қызметкерлерінің жұмысын үйлестіре алмаса, ештеңе бітіре алмайды. Сол кезде жеке бас пайдасынан гөрі ел мүддесін ойлап, мені қолдаған әріптестерімнің нағыз істің азаматтары болғанын ел біледі. Жеке үй, астында қызметтік көлігі болмаса да, уақытпен санаспай еңбек етті.

Сол азаматтардың кейбірімен әлі де қарым-қатынасым үзілген жоқ. Елімнің алдында жүзім жарқын жүргеніме шүкіршілік етемін. Кейін таныстарым маған Атыраудан қоныс аудару туралы пікір-ұсыныстарын айтты. Бірақ одан бас тарттым. Себебі, туып-өскен жерім болған соң, өмірімнің жарқын сәттері осы қаламен байланысты. Сондықтан, бұл жерден ешқашан кетпеймін. Өйткені, Атырау мен үшін ыстық.

Жалғас ТІКЕНБАЕВ, қоғам қайраткері,

Атырау қаласының 1995-1998 ж.ж. әкімі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз