Жарнама
Жаңалықтар

Басты мақсат – қаланы сақтап қалу

Облыс орталығын тасқыннан қорғау үшін Соколок каналының бойын қайта жандандыру жұмыстары басталды. Бүгінде канал бойына дамбы көтеру үшін арнайы техникалар тартылған. Ауыл шаруашылығы және мемлекеттік қызмет ардагері Әділтұрақбай Құмаров осындай сын шақта тұрғындарды күш біріктіруге шақырды.

⁃ Әрине, халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Біздің мақсатымыз – әрбір елді мекенді, қаланы сақтап қалу. Осы жерді мекен еткен еңбек ардагерлері – барлығымыз бірлесіп, ауылдық округ әкімдіктеріне қолдау көрсетіп жатырмыз. Басты міндет – Геолог шағынауданынан бастап Соколок каналына дейінгі 27 шақырым аумақты сақтап, қорғап қалу. Сосын қаланың су қақпасы саналатын Соколок каналынан Доссор трассына дейінгі тағы да 27 шақырым аралыққа дамбы тұрғызу. Ең бірінші кезекте осы шараларға күш салу керек. Қазір ол жақта техникалар дамбы тұрғызып жатыр. Бірақ, техникалар өз алдына, тәулік бойы жағада жүрген ауылдық округ жастарының белсенділігіне разы болдым.

1993 жылғы тасқын кезінде біз көпсалалы «Теңдік» кеңшарында 500-дің үстінде жұмысшы бар еді. Егін және мал шаруашылығымен айналыстық. Біз сол кезде қаладан бастап Соколок арнасына дейінгі 21-24 шақырымдай аумақты құрғаттық. Ол кезде Геолог бөлек әкімшілік аумақ болатын. Соның өзінде Бесікті және тағы да басқа қыстақтарды қоршап қойдық. Соколға мән бермесек, су жан-жаққа жайылып кетіп, қаланы басатын еді. Сокол өзегі Бесікті жақта орналасқан, өзінің насостық станциясы бар. Сол арқылы су Доссор трассасы арқылы өтіп теңізге құяды. Қазіргі кезде қаланы сондай тасқыннан аман алып қалу үшін сол 27 шақырымдай ізді қайта ашу керек. Биылғы су сол тасқыннан екі есе мөлшерде болатыны айтылып жатыр. Сондықтан, «қамданған қапы қалмайтынын» ұмытпауымыз керек.

Бесіктіден бастап қалаға дейін бірнеше елді мекен бар, оның да әрқайсысын қорғауымыз қажет. Сондықтан, барлық күш бірлікте екенін жадымыздан шығармауымыз қажет, — деді Ә.Құмаров.

Айбөпе САБЫРОВА

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button