«Бастау-Бизнеске» қатысу ережесі
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға» арналған бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқытатынын естіген едім. Курс жөнінде толығырақ мәлімет берсеңіздер екен.
Гүлайна Иманәлиева,
Атырау қаласының тұрғыны
(электрондық пошта арқылы).
Бұл сұраққа облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Балдай Өтеғалиева жауап берді:
– Аталған мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты – «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары және қалалар мен ауылдарда шағын несиелерге кепілдік беру шаралары көрсетіледі.
«Бастау-Бизнес» жобасы бағдарламаға қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларына оқытуға, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына, олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған.
Халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан жұмыссыздар және кәсіпкерлік әлеуеті бар және ауылдық елді мекендер мен аудан орталықтарында тұратын өзін-өзі жұмыспен қамтыған жандар «Бастау-Бизнес» бағдарламасына қатысушы бола алады. Оларға оқу барысында шәкіртақы төлеу бойынша мемлекеттік қолдау түрлері көрсетіледі.
Оқыту барысында бизнеске үйретіліп қана қоймай, тәжірибеден өтеді және дербес кеңес беріледі, он екі айға дейінгі мерзімде бизнес-жобаны іске асыру сүйемелденеді. Оқу процесінің жалпы ұзақтығы күнтізбелік 30 күннен аспайды, оның қорытындысы бойынша сертификат беріледі.
Аталған курстан өткен соң немесе соңғы екі жыл ішінде басқа бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлік негіздерінен тәлім алғандығы туралы сертификат болған жағдайда өз ісіңді ашуға немесе кәсібіңді кеңейтуге шағын несие ұсынылады.