Баспана бағасы: қымбат па, әлде…
Atr.kz/27 тамыз, 2019 жыл. Жылжымайтын мүлік нарығы Қазақстанда, соның ішінде Атырау өңірінде ауа райы тәрізді сан құбылып тұрады.
Мысалы, күздің бел ортасынан көктемге дейінгі кезеңде айтарлықтай саябырсиды. Осы кездегі кейбір климаттық қиындықтар мен кедергілерге байланысты әлеуетті сатып алушылардың белсенділігі бәсеңдейді. Бұған әсерін тигізіп, ықпал ететін келесі бір фактор – доллар бағамының ауытқуы. Сондай сәтте алып-сату нарығындағы келісімдер мен рәсімдер күрт азаяды.
ШАРЫҚТАҒАН ШАРШЫ МЕТР ҚҰНЫ
Статистикалық мәліметтерге қарағанда, соңғы бірнеше жылда бір шаршы метр тұрғын алаңның орташа құны 326 мың теңге болса, екінші санатты элиталық баспананың бағасы – 262 және жайлы пәтердікі – 263, ал, төмен баға индексі 130 мың теңгеге тұрақтаған. Жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын риэлторлардың айтуынша, кейінгі кезде клиенттер пәтерді жаңадан салынған және жөндеуді қажетсінбейтін үйлерден сатып алғанды қалайды екен. Біріншіден, көпшілігі тұрғын жайды ипотека жүйесімен алатындықтан, пәтерлер банктың қойған талаптарына сәйкес келуі шарт.
Екіншіден, егер жылжымайтын мүлікті сатып алуды қаражат салу ретінде қарастырсақ, клиенттер 2000-жылдардан бергі уақытта салынған үйлерден баспаналы болғанды жөн санайды. Ал, өткен ғасырдың 80-90-жылдарында пайдалануға берілген үйлер физикалық та, моральдық та тұрғыдан ескірген болып есептеледі.
Үшіншіден, 3-сыныпқа жататын жаңа бюджеттік үйлердің құны Атырау қаласындағы Азаттық даңғылында, Авангард және Вокзал маңы мөлтек аудандарында орналасқан баспана бағасымен тең түседі. Сөйтіп, Сәтпаев даңғылындағы қайталама нарықтағы үй пәтерлерінің бағасы жоғары санатқа кіретін жаңа үйлермен бәстесе алуы ықтимал. Осындай мүмкіндік туып тұрғанда, ескі пәтерді алудың қажеттілігі қанша?
Төртіншіден, заманауи үлгіде жоспарланған, ас бөлмесі үлкен, бірнеше санитарлық торабы бар жаңа пәтерлер баршаны қызықтырмай ма? Ал, дайын күйінде пайдалануға берілген баспаналарға келсек, олардың бағасы орта есеппен 1-2 млн. теңгеге қымбат.
ҚАЛАУЫҢЫЗ ҚАЙ ҚАБАТТА?
Тұрғын үйдің орналасқан ауданына қарай таңдалуында қаланың еуропалық бөлігіне, яғни оң жақ жағалауына басымдық беріледі. Дамыған инфрақұрылым, сауда орталықтары мен мектептердің, балабақшалардың қолжетімділігі, аулаларында көлік тұрағы үшін арнайы орынның қарастырылуы, өзендер мен саябақтардың жақындығы – осы аумақтағы тұрғын үйлердің тартымдылығын арттыра түсетін факторлар.
Сарапшы мамандардың пікірінше, оқушы балалары бар отбасылары үшін мектептің жақын орналасуы маңызды рөл атқарады. Сондықтан да, ата-аналар балаларын жақын маңда орналасқан мектеп-лицей, гимназия, өзге де элитарлық мектептерге бергенді жөн санайды. Өйткені, мұндай санаттағы білім беру мекемелерінің дені шаһардың еуропалық бөлігінде шоғырланған. Оның үстіне, бұл жағалауда саудаойын-сауық орталықтары мен мейрамхана, басқа да көңіл көтеретін орындар да жеткілікті.
ӘЛЕУЕТТІ САТЫП АЛУШЫ КІМ?
Сарапшылардың пайымдауына сүйенсек, белсенді баспана сатып алушылардың қатарын ірі шетелдік немесе бірлескен компаниялардың қызметкерлері құрайды екен. Өйткені, оларға өздерінің еңбек етіп жүрген кәсіпорындарынан жылдық қайтарым пайызынсыз қарыз ақша беріледі. Соған байланысты бұл санаттағы сатып алушылар жайлы пәтерді жаңа тұрғын үй кешендерінен таңдайды. Олардың басым көпшілігі болашақта тұратын баспаналарын құрылыстың салыну кезеңінде, үлескерлік қатысу келісімшартын рәсімдеу жолымен иеленіп алады.
Қабылданған ереже бойынша мұнда мердігер компаниялар үйлерді сатумен тікелей айналысады. Қайталама нарыққа шығарылатын тұрғын үйлерді сатып алушы тарап жақсы жарақтандырылған көлік қоятын орынның, балалар ойын алаңының, дербес жылыту және энергиямен жабдықтау жүйесінің, сондай-ақ, коммуналдық қызмет көрсетуші пәтер иелері кооперативі қызметінің сапалы болуына назар аударады. Жылжымайтын мүлікті сатып алуда саудаланатын пәтердің үйдің қай қабатында орналасқаны да маңызды. Бәрінен де бұрын бірінші қабаттағы пәтерді сату қиынға түседі. Бірінші қабаттағы пәтерлерге қызықпауға, қауіпсіздігіне кепілдіктің болмауы, масаның маза бермеуі, жертөледен келетін жағымсыз иіс әсер етеді.
Соның салдарынан, терезелердің үнемі жабық тұруына тура келеді. Ал, жоғары қабаттардан баспана бұйырғандар көбінесе пәтер қабырғаларының ылғалданып, сыз тартып тұруынан, оған қоса жеделсатының жұмыс жасамай, істен шығып қалу қаупінен қорқады. Тәжірибеде дәлелденгендей, сатып алушыларды көбіне-көп бір және үш бөлмелі пәтерлер қызықтыратын көрінеді.
Дәулетқали АРУЕВ