Жарнама
Жаңалықтар

Баспана аламыз деген атыраулықтар сотқа жүгінуге мәжбүр болды

Жайлы да жаңа баспанаға қол жеткіземіз деген бір топ атыраулық бүгінде сот жағалауға мәжбүр. Себеп – тұрғын үй-құрылыс кооперативтері иелерінің салымшыларды алдап, заңға қайшы әрекетке баруы. Атышулы «Ақ маржан» және «Жібек жолы» кооперативтеріне қатысты даудың басталғанына да бірнеше айдан асып барады. таяуда «Amanat» партиясының облыстық филиалында салымшылардың сөзі тыңдалып, жауапты құрылымдардың мәліметтері де жария болды.

«Келісім шартта көзделген соманы аударып, қарқынды құрылыс жүріп жатқан соң, алғашқыда көңілімізде алаң болмады. Тіпті, кооперативтің ауқымды кеңсесі жұмыс жасап, жарнамасы жер жарып тұрған соң, жаңа баспанаға кірер күнімізді санаумен жүрдік» деген бір топ салымшылар «AMANAT» партиясы облыстық филиалының жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңес мәжілісінде базыналарын айтты. Аталған кеңес төрағасы, VII шақырылымдағы облыстық мәслихатының депутаты Нұрлыбек Алтынбеков қос тарапты қатар тыңдау қажеттігін айтып, құзырлы орган өкілдері де жиынға арнайы шақырылғанын жеткізді.

Салымшылар екі кооперативтің де иелері бір екенін айтып, олар қамауға алынғалы бері, кімнен көмек сұрарын білмей жүргендерін айтып отыр. Мысалы, «Ақ Маржан» тұрғын үй кешені құрылысының 90 пайыздан астамы аяқталса, «Жібек жолында» керісінше, 5 пайыздай жұмысы ғана жасалған. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, қазір іс сотта қаралуда. Жәбірленуші ретінде танылған 271 адамға 2 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген. Айта кетейік, 2020 жылы басталған тоғыз қабатты «Жібек жолы» кешенінің үйінде 306 пәтер бар. Ал, «Ақ Маржан» кешені бес қабатты, 70 отбасыға арналған.

Кооператив иелерінің тарапынан кеткен тағы бір өрескел қателік – бір пәтердің бірнеше адамға сатылуы.

«Егер мемлекет тарапынан кепілдік болса, табылған инвестормен жұмыс жасауға келісім берер едік. Әйтпесе, біз қорқып қалдық. Салымшылар арасындағы егде жастағылар өз баспанасын сатып, ақшасын жаңа үйге салғандықтан, пәтер жалдап жүргендер де бар. Бізге келген инвестор пәтердің шаршы метрінің бағасын екі есеге дейін көтеру туралы өз ұсыныстарын айтуда. Бұл біз үшін оңай емес. Қарызы көп болғандықтан, инвесторлар да қызықпайды. Оның үстіне, істің сотта қаралу уақыты да тым ұзақ» дейді тұрғындар.

Алайда, құзырлы орын мамандары «мемлекет кепіл болсын» деген талаптың нормативтік құжаттарға сәйкес еместігін айтады. Атырау облысы мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қабдинов келтірген деректер бойынша, қазір Атырау қаласының аумағында жеке инвестиция есебінен 43 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде құрылыс кооперативтері салып жатқан бес үйдегі пәтер саны – 669, жалпы аумағы – 63 мың шаршы метрден астам. Партия филиалы жанындағы кеңес төрағасы Нұрлыбек Алтынбеков таяуда төртжақты кездесу ұйымдастырып, тараптарды түгел тыңдау және тиімді механизм қалыптастыру қажеттігін атап көрсетті.

– Бұл мәселе «AMANAT» партиясының назарына алынды. Өзге өңірлерде дәл осындай проблемаға қатысты қабылданған тиімді шешімдерді саралап, мәселені көтереміз. Ең бастысы – тұрғындар талабы аяқсыз қалмауы тиіс. Заң аясында саралап, тиімді шешім шығару үшін жұмыстанамыз, — деді ол.

Гүлжан ӘМІРОВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button