Жарнама
Жаңалықтар

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЖУРНАЛИСТИКА

Онда бұқаралық ақпарат құралдарының өзара бәсекелестігін тиімді ұйымдастыру мәселесі қаралып, талқыланды. Бұл жайында алдымен облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов баяндама жасады.

 — Бұл – терең ойластыруды қажет ететін тақырып. Өйткені, бүгінде қайсы салада да бәсекелестікке қабілетті болу мәселесі өткір тұр. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарының өзара бәсекелестігі оның рухани тауар ретінде өтімділігімен ерекшеленетіндіктен, бұл істі тиімді ұйымдастыру аса қажет, — деді Исатай Құндызбайұлы. – Бәсекелестіктің бірінші шарты – сапалық деңгей. Қазір журналистика нақтылықтан виртуалды сипатқа көбірек ие болып отыр. Яғни, ерекше жедел даму жолына түскен ғаламтор өмірімізден ойып тұрып орын алды. Кез келген журналист әлемнің кез келген елінен ақпарат алып, оны жұмысына пайдалана алады. Бұл журналистке тиімді болғанымен, өз кезегінде біліктілік пен жауапкершіліктің төмендеуін тудырады. Екіншіден, оқиғаны, жаңалықты қысқа, нұсқа, әрі қызықты етіп бере білу – бәсекелестіктің тағы бір алғышарты.

Белгілі болғанындай, Қазақстанда ресми тіркелген БАҚ саны 10 мыңнан асты. Ал, 9 миллион адам елімізде ғаламтор қызметін пайдаланады. 25-30 мың адам электронды үкімет қызметіне жүгінеді. Бұл ақпараттық жаһанданудың жоғары қарқынмен жүріп жатқанын айғақтағанымен, мерзімді баспасөз оқырмандарының азайтып, олардың таралымын шектейді. Бұл ретте мерзімді басылымдар үшін тәжірибеге қандай шаралар алынғаны жөн? – «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай  Балмағамбетов бұған нақты мысалдар келтіріп, шешімін күткен мәселелерді атап айтты. 

«Ақпарат» қоғамдық бірлес-тігінің төрайымы Гүлжан Елешованың айтуынша, газет бетінде гендерлік теңдік мәселесі туралы айтылғанда, әйел-ананың отбасындағы рөлімен қатар, ер адамның да құқығы бірдей көрсетілгені жөн. Сондай-ақ, белгілі бір жетістікке жеткен әйелдерді басылым бетіне жарыққа шығаруды мемлекеттік тапсырыс шеңберіне енгізу жөнінде ұсыныс айтылды. Кеңес мүшелері аталған тақырыпты жазудағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

— Облыстық «Атырау» газеті аталған тақырыпқа ерекше үн қосуда. Арнайы айдарлармен қатар, басылым ішінен «Шаңырақ» қосымшасын жарыққа шығаруда. Онда гендерлік теңдікке қатысты бірқатар мәселелер назардан тыс қалып жатқан жоқ. Алдағы уақытта да «Шаңырақтың» тың бастамалары болады, — деді басылымның бас редакторы. 

Биыл «Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы Атырау коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығы өз жұмысын бастады. Осыған орай орталық жетекшісі Ринат Құлмағамбетов атқарылған жұмыстармен таныстырып, жуырда қолға алынған медиа-мектептің қызметін түсіндірді.

Талқыланған мәселелерге байланысты сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева қоғамдық кеңестің қарауына ұсынылып отырған әр тақырыптың өзекті, әрі маңызды екендігіне тоқталып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай облыс журналистері арасында ұйымдастырылған конкурстың қорытындысы шыққанын айтты. Жеңімпаздар сала қызметкерлерінің төл мерекесінде марапатталатын болады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суретті түсірген Ерлан Алтыбаев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button