БАС ЖОСПАР ЖАСАҚТАЛАДЫ
— Бас жоспарсыз кез келген құрылысқа жер бөлуге еш құқығымыз жоқ екенін білесіздер, — деді кеңес төрағасы Тимуржан Әдиетұлы. – Жуырда ҚР Өңірлік даму министрлігінде облысымыз аудандарда бас жоспар болмағандықтан, сынға алынған болатын. Қазір тек аудандарда ғана емес, қалада да жоспарлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Төлеп Орынбасаровтың айтуынша, бүгінгі күні бес мыңнан астам тұрғыны бар Атырау қаласы, Индербор, Доссор, Мақат елді мекендері бас жоспармен қамтылған. Облыс орталығының бас жоспары 2002 жылы бекітілсе, қалған үш аймақтың бас жоспарлары 2009 жылы жасақталды. Жобалаушы мекеме — Алматы қаласының «Казгипроград 1» жобалау институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Ағымдағы жылы бес аудан орталығы, атап айтсақ, Құлсары қаласы, Махамбет, Аққыстау, Ганюшкин, Миялы селоларының бас жоспарын жасақтауға жергілікті бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Айта кетсек, аталған елді мекендердің бас жоспары бұрын болмаған. Тек осыдан 33 жыл бұрын даму жобалау схемасы жасақталып, әлдеқашан маңыздылығын жойған.
Аталған елді мекендердің бас жоспарын жасақтауға жарияланған қонкурсты жеңіп алған алматылық жобалау институтының директоры Валентина Баркованың айтуынша, жоғарыда аталған өңірлердің ұзақ мерзімді даму болжамын дайындау барысында «жасыл экономика» жобасын жүзеге асыруға баса көңіл бөлінген. Сонымен қатар, Атырау облысы ауыл шаруашылығын дамытуға болатын бірден-бір қолайлы аймақ болып табылатындығын баса айтты.
Валентина Баркова кеңес мүшелерін тұжырымдамамен толықтай таныстырып, сұрақтарға тұшымды жауап берді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.