Дені сау ұлт – қоғам байлығы

Брифинг Жаңалықтар

Халық денсаулығы – қашан да өзекті. Елбасының дәстүрлі Жолдауында ұдайы назардан тыс қалмай, кең қамтылатын тақырыптың бірі де – осы. Аймақтағы денсаулық саласының өзекті мәселелері қандай, жаңа жүйелердің тиімділігі неде? Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелованың қатысуымен өткен брифинг барысында осы және өзге де сұрақтарға жауап беріліп, кең талқыланды.

Брифинг

Жетістігіміз аз емес

Жалпы, өткен жылғы атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Заманауи медициналық құрылғылар алынып, материалдық-техникалық базалар жаңартылған. Жағымды жаңалықтың бірі – Атырауда Қазақстан бойынша бірінші рет жедел-жәрдем саласына жү-рек ауруларының жедел нәтижесін білуге арналған құрылғы алынды. Соның көмегімен жедел инфаркт ауруларының көрсеткіші 18 пайызға төмендеп отыр.

Салаға қатысты жаңалықтың бірі – орталық ақпараттық жүйе енгізу. Яғни, кез келген адамның саулығына қатысты барлық мәліметтер арнайы базада сақталып, жеке карточканы іздеу секілді артық әуреші-ліктен құтылады. Қазіргі таңда облыстық аурухана, Атырау қаласындағы №2, №7 емханалар және Мақат аудандық ауруханаға аталмыш жүйе ен-гізілуде. Жыл аяғына дейін облыстағы барлық медициналық мекемелерді 100 пайыз қамту жоспарланып отыр.

Әке-ана-бала – жаңа жүйе

Бұрын ана мен бала денсаулығы бірінші орында болып, зор мән берілсе, кейінгі жылдары әке-ана-бала жүйесі бо-йынша жұмыстар жасалуда. Атырауда ерлер денсаулығына арналған 13 кабинет, об-лыстық аурухана жанынан кеңес беру-диагностикалық орталығы ашылып, 75500 ер-азамат қаралған. Айта кеткен жөн, кабинетке келгендердің 37 пайызы бірінші рет мамандарға қаралса, 50 пайыздан астамының әртүрлі ауруларға шалдыққаны анықталып отыр. «Бұл – бізге белгілісі ғана. Негізінде, науқастардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Қазақы менталитетімізге сай, ерлер көбіне кінәні өздерінен іздемей, әйелдерді себепші қылады. Жалпы, облыс бо-йынша бедеулікпен тіркелген 551 ерлі-зайыптының 117-і жағдайында кінәрат ерлер тарапынан болды. Сол секілді жыл басынан бері Атырау облысында ЭКО-ға (экстракорпоралды ұрықтандыру) да-йындық аясында тексеруден 10 жұп өтсе, 7 жағдайда проблеманың ерлер денсаулығымен байланысты екені белгілі болып отыр» деді Дина Базарбайқызы.

Жалпы, ерлер денсаулығына қатысты проблемалар жетерлік. Мәселен, олардың өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмен, ал, 75 жасқа қарағанда қатерлі ісіктен көз жұму көрсеткіштері екі есе жоғары екен. Сондай-ақ, ерлер жүректің ишемиялық сырқатына үш есе жиі, қант  диабетіне алты есе жиі шалдығады екен. «Олар дәрігерлерге сирек қаралады, ерте кезеңде сырқатты анықтау деңгейінің төмендігі осыған байланысты. Мұның бәрі ұзақ жылдар бойы еркектердің денсаулығына өте аз көңіл бөлініп келгендіктен орын алып отыр» деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары. Бұл ахуалды белгілі бір мамандардың тапшылығы да қиындатады. Мәселен, Атырауда бірде-бір андролог пен сексапатолог жоқ. Сондықтан, қазір облыстық аурухана осы тапшы мамандықтар бойынша білім алу үшін шет елге екі дәрігерді жіберуде. Ал, ана мен бала денсаулығына қатысты жүйелі жұмыстар жалғаса береді. Осы ретте перинатальдық орталық мамандарының бір айдан бері аудандарды аралап жүргенін айта кетуге болады. Бұл ана мен бала саулығына қатысты мәселелерді ертерек анықтап, оңалтуға көмектеседі.

Мамандар әлі де керек

Саладағы маман тапшылығы – өзекті мәселенің бірі. 2015 жылы облысқа 68 жас маман келсе, былтыр 111 маман келіп, олардың жартысы аудандарға жіберілген. Десек те, әлі акушер-гинеколог, неонатолог, реаниматолог жеткі-ліксіз. «Атыраулық бас дәрігерлер жоғары оқу орындарымен келісім-шарт аясында қажетті мамандарды өңірлерге тарту жұмыстарын жалғастырып отыр. Биыл 100-ден аса маман келеді деп күтілуде. Олардың әлеуметтік жағдайын шешу, қызметтік пәтермен қамту жүйелі жүргізіліп келеді. Айта кетелік, тек жас мамандар емес, тәжірибелі қызметкерлер де келуде. Тұтастай саланың алға басуына – бұл мамандардың қосар үлесі аз емес» дейді ол.

Гүлжан Әмірова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз