Бас редактор бағаны: Біз үшін өткен жыл несімен есте қалды?

1 nazarbek Жаңалықтар

Жер жүзі 2020 жылды тарихтың еншісіне қалдырды, жаңа 2021 жылға қадам бастық. Әлбетте, өткен жыл адамзат үшін ауыр жыл болды. Саулықтың қадірін білдірген жыл. Астамшылықтан арылып, асыл істің қандай боларын көрсеткен жыл. Енді әлемдегі ахуал біртіндеп, оңғарылып келеді. Дегенмен, қауіп сейіле қойған жоқ. Қалай десек те, жыл аяқталды. «Таң атпайын десе де, Күн шығуын қоймайды» дегеннің кебі!..

 Атырау журналистикасындағы қара шаңырақ саналатын «Аtyraý» газетінде былтыр біраз жұмыс атқарылды. Елдің дамуына оң ықпал етер бірқатар тақырыпты көтеріп, кейбір мәселелердің дұрыс шешілуіне мінсіз қызмет етті. Газет тарихында бұрын-соңды кездеспеген жағдай болды. Елдегі қалыптасқан ахуалға байланысты редакция қызметкерлері қашықтан жұмыс жасау режиміне көшті. Бірақ ол ұзаққа бармады, оқырманға нақты әрі шынайы ақпарат жеткізу үшін басын қауіпке тіге отырып, ұжым офлайн әдіспен жұмысын бастады.

Ең басты жаңалық – «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиевтің бастамасымен медиахолдингке қарасты 2 облыстық, 7 аудандық газет тамыз айынан бастап D-2 форматымен жарық көре бастады. Медиасеріктестік басшылығы бұл шешімді халықаралық талап үдесінен шығу мақсатында қабылдады. Себебі, дәстүрлі медианың қай дәуірде де үні ерен, өзектілігі жоғары. Өркениет әлемінде кез-келген жерде отырып, газет оқудың еш әбестігі жоқ. Егер шетелге барып, қоғамдық орында газет не кітап оқып жайбарақат отырған адам көрсеңіз, мәдениетті, зиялы жанға жолыққаныңыз!..

Тамызда газеттің бас редакторы лауазымын 10 жылға жуық атқарған танымал журналист Исатай Құндызбайұлы Балмағамбетов басқа жұмысқа ауысты. Көптің көкейінде жүрген мәселелерді айтып, оқырманның мұң-мұқтажын жүзеге асыруға атсалысқан басылымның соңғы 10 жылда көтерген жүгі ауыр. Атқарылған істі, жасалған жақсылықты ешкім тартып алмас, бірақ ол тарихтың еншісінде қалды.Енді алда атқарылар міндет пен жасалар жұмыстың мән-маңызы жоғары болмақ. Өйткені, коронавирустан запы болып, күйзелген адамзаттың алдында жаңа міндет, жаңарған іс-әрекет күтіп тұр. Абай айтқан бес асыл істің астарына үңілдірген індет қолы іс білетін, ақыл иесі жандарға жаңа бағытты нұсқап тұрғандай.

Әлбетте, газет үшін ең бастысы – оқырманның талап-сұранысына қарай бетбұрыс жасау. Сол үшін тер төгіп келе жатқан «атыраулықтар» келешекте де осы бағыттан таймақ емес. Әрине, жаңа айдарлар, идея-бастамаларға толы жоспар-жобалар жүзеге асары сөзсіз. Елдің қызметін үйлестіру жолындағы азаматтардың шынайы келбетін жасап, алыстағы жерлестердің тірлігін Атырау жұртына жеткізуді мақсат тұтамыз.Дегенмен, соның бәрін оқырманның сұранысымен үндестіре білу парыз. Өйткені, біздің оқырман – қалың бұқара. Бұқара дегеніміз – Атырау облысының 652 723 тұрғыны.

Қазақ баспасөзінің бағыт-бағдарына алғаш дұрыс баға бергендердің бірі Тұрар Рысқұловтың бұдан бір ғасырдай бұрын елдің бас газеті «Еңбекші қазақта» редактор болғаны мәлім. Сол кезде көрнекті қайраткер «Баспасөздің мәнісі» атты мақаласында прогрестік, демократиялық дәстүр жағынан өз пікірін былай деп жазған екен: «…біздің қазіргі баспасөзіміз жұмысшы табының, еңбекші бұқараның мұңшысы. Айырмашылықтың үлкені, міне – осында!» («Еңбекші қазақ», No103, 17 май, 1926 ж.)Тұтас бір ғасырдай дәуір өтсе де, дәл осы ұстаным, осы пікір өзінің құндылығын бір мысқал да төмендеткен жоқ. Т.Рысқұлов осы сөзімен алдағыны болжап кеткен тәрізді. Біздің де бағдарымыз осыған саяды. Халықтың мұң-мұқтажының оң шешілуіне байланысты іс-әрекеттер жүзеге аса бермек.Десек те, біз үшін оқырман санының артуы да маңызды. Өйткені, оқылмаған газеттің қоғамдағы ролі төмен бола-тыны хақ. Сол себепті, дәстүрлі медиамен қатар, газеттің интернет нұсқасы да atr.kz сайты арқылы жұмыс жасап тұр.

Биыл «Аtyraý» газеті 10 мың данадай таралыммен оқырманға жол тартады. Газеттен гөрі гаджетке үңіліп отыратын заманда бұл да аз көрсеткіш емес. Бірақ бұған біз марқайып, кеуде керуден аулақпыз. Біздің мақсат – қалың бұқараның ортасынан табылып, елдік мүдде жо-лында еңбек ету.2021 жылдың еншісінде болатыны – газетке онлайн жазылған оқырмандардың электронды поштасына әр номер электронды (PDF) нұсқада ертемен түсіп тұрады. Қалаған мәліметке қанығасыз.

Қысқасы, Міржақып Дулатұлы айтпақшы, «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты». Ал, «баспасөз – халықтың көзі, тілі һәм құлағы» (А.Байтұрсынұлы) екені даусыз. Бұл баға-анықтамаларға біздің алып-қосарымыз жоқ.Жаңа 2021 жылдан күтеріміз – елдің әл-ауқатының артуы, тұрмыстың ауыртпалығы жеңілдеп, ақжарылқап заманға шығып, іс-әрекетіміздің сәтті жүзеге асуы. Ықылас пен ниетке алғау түспей, адал көңілдегі жоспар-жобамыз селкеусіз сеніммен оңғарылып кетсе, жұмыр басты пен-деге одан артық нендей бақыт бар дейсіз?! Тек әрдайым халықтың бірлігі мен ынтымағы жарасым тапсын.Әппақ көңілдің ақжарқын тілегі сол. Бізді оқыңыз, әрқашан Сізбен біргеміз, қадірлі оқырман!

Назарбек ҚОСШИЕВ, бас редактор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз