Жарнама
Жаңалықтар

Барымызды бағалау – болашақты бағамдау

БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАУ – БОЛАШАҚТЫ БАҒАМДАУ

ҚИНАЛҒАНДАР ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

— Баршамызға белгілі, жуырда Атырау қаласында қатты жел болып, кейбір көп қабатты үйлердің шатырын ұшырып әкетті. Алайда, жаңғырту жұмыстарының жасалғанына біраз уақыт өткендіктен сақтандыру мерзімі де шектеулі болып тұр.

Ал, Смағұлов көшесіндегі №56 үй  тұрғындарының басым бөлігі – зейнеткерлер. Оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетіле ме?

— Шынымен де, қалада жел күшейді. Белгілі параметрге сай келмегендіктен  төтенше жағдай жарияланған жоқ. Оның жылдамдығы секундына 22 метр болды. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен әлеуметтік нысандарға мемлекет тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ауқымы бір мың шаршы метрден асады. Күні бүгінде бұл мәселені қала басшылығы демеушілік көмек арқылы шешуге жұмыстануда.

АЙДЫНҒА ҚУАТТЫ  ҚАЙЫҚ ЖІБЕРІЛМЕЙДІ

— 1 сәуірде көктемгі балық аулау маусымы басталады. Бұл бағытта облыс басшылығының бастамасымен біраз іс қолға алынуда. Заңсыз балық аулауға қарсы күресте қандай жаңашыл әдіс енгізу жоспарда бар?

— Браконьерлікті жою мақсатында барлық құрылымдарды жұмылдырдық. Әр тарапқа балық аулау науқаны жөнінде нақты сауал жолдадық. Қоршаған ортаға зиян келтірмей, уылдырық шашу кезін ретімен өткізуге мүмкіндік жасап отырмыз. Осы орайда үлкен жұмыстар атқарылуда. Орынбасарларым жергілікті полиция және басқа да мемлекеттік орган басшыларымен бірлесіп Атырау қаласында, Құрманғазы ауданында түсіндіру шараларын жүргізді. Жақында Исатай ауданының Жанбай, Зинеден ауылдары тұрғындарымен кездесті. Жалпы, жағдайды тұрғындар түсіністікпен қабылдап отыр. Балық аулау маусымында қуаты 20 ат күшінен асатын қайықтардың айдынға шығуына тыйым салынады. Қазірде бұл талаптың сақталмауынан, заңсыз әрекеттерге жол берілуде. Кейбір қайықтардың қуаты шамадан тыс артық. Шын мәнінде, Үкіметтің қаулысы 2013 жылы қабылданған. Ережеден бейхабар кейбір тұрғындар қуатты қайық моторын несиеге алғанын айтып, наразылық білдірді. Дегенмен, заң алдында бәріміз де бірдейміз.

Біз тәртіпті ретке келтіріп қана қоймай, жұртшылыққа мүмкіндік те беріп отырмыз. Балық аулау  басты табыс көзіне айналған Жанбай, Зинеден ауылдарының тұрғындары үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жақын күндері бос жұмыс орындары  жәрмеңкесін өткізуді тапсырдық. Тұрғындар мұнай және өзге де жобалар бойынша қызметке орналасуға мүмкіндік алады.

БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАУ – БОЛАШАҚТЫ БАҒАМДАУ-2

БАЛЫҚТЫҢ  БАҒАСЫ НЕГЕ  ҚЫМБАТ?

— Жыл сайын балықтың қоры кемімегенмен, бағасы арзандамай тұр. Әрине, оған себеп көп: алыпсатарлар және тағы да басқалар. Ал, бұл тұрғындарды қуантпайтыны белгілі…

— Балық бағасы бойынша түске дейін жиналыс өткізіп, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы  міндетін атқарушы  Марлен Айнабековпен кездестім. Құқық қорғау органдары, жергілікті полиция және тағы басқа құрылымдардың қатысуымен өткен штаб отырысында осы мәселені талқыладық. Биыл балық бәсі арзандайды. Біз кәсіпкерлерге тек шикізатты сатып қана қоймай, оны тереңдетіп өңдеуге ұсыныс жасаудамыз.

ТАБИҒАТТЫҢ ҚОЛАЙСЫЗ КҮНІ ЖОҚ

— Жақын күндері әдеттегідей жауын-шашын мөлшері көбеюінен су деңгейі көтеріліп, қала көшелері «айдын көлге» айналуы мүмкін.  Мұндай жағдайда, әсіресе, жеке сектордағы тұрғындар қиналады. Бұл ретте сақтандыру мәселесі қозғалып жүр. Сіздің осыған орай ойыңыз қандай?

— Жаңбыр жауып, жауын-шашын мөлшерінің көбеюі – қалыпты құбылыс. «Табиғаттың қолайсыз күні жоқ». Өткен жылдардағы жағдайды ескере отырып, біз қосымша сорғылар, қажетті құрал-жабдықтар алып әзірлендік. Былтыр Сәтбаев көшесінде нөсерлік желіні кәріз жүйесіне қостық. Бұл жүйе жемісін берді, орталық көшеде шалшық су көп жиналған жоқ. Өкінішке орай, дренаж жүйесін кеңейте алмай отырмыз. Гидрогеолог Едіге Сабуров бұл мәселемен айналысып, оның тәжірибелік жұмыстары оң нәтижесін көрсетуде. Алайда, бұдан басқа дренаж жайымен айналысатын компания жоқ. Сондықтан, жаңа құрылыс салынып, жолдар төселген кезде кәріз жүйесін де жүргіземіз.

Біз су жиналатын ондаған аумақты анықтадық. Енді қала басшылығы суды сорып шығару жайын іске асыруда. Бұл орайда  ғылым да, өткен жылдар тәжірибесі де ескеріледі. Жалпы, жеке мүлкіне, соның ішінде баспанасының сақталуына, күтіміне иесі жауапты болуы керек. Атырау халқын осыған назар аударуға шақырамын.

Айта кету керек, былтыр облыс орталығының бас жоспары қайта жасақталды. Қаланың ескі бөлігіндегі тозығы жеткен үйлер (470 шаршы метр) бұзылады деп жоспарлануда. Оны жаңарту үшін инвесторлар тартуға жұмыстанудамыз.

«ИНДЕР КҮМБЕЗІН» КІМ ИГЕРЕДІ?

— Елбасы Индер күмбезін «жер астындағы алтын сандық» деп атаған болатын. Мұнда қазба байлықтың қай түрі де бар. Алайда, күні бүгінде байлығымызды кәдеге асырып отырмыз деу қиын. Өнеркәсіпті кешенді түрде игеру, инвесторлар тарту мәселесі қалай жүзеге асуда?

— Индер күмбезін игеру мәселесі біздің үнемі назарымызда тұрады. Жергілікті жерден демалыс айлағын жасақтау, жерасты тұзын пайдалануға байланысты түсіп жатқан ұсыныстар бар. Инвесторлармен кездескенде ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы, балық шаруашылығы салаларының мүмкіншіліктері жайында үнемі айтудамыз. Тоқтала кетейін, кезінде Индерде натрий гипохлоридін өндіру орны жұмысын бастаған болатын. Өкінішке орай, құрылтайшылардың келісе алмауынан жоба жүзеге аспай қалды. Ақырында, банк несиесі уақытылы өтелмей, мекеме банкрот болып танылып, жабылып тынды.

Натрий гипохлоридінің ерекшелігі неде? Ол – алдымен табиғи өнім, күнделікті тұтынып жүрген ауыз суды хлормен залалсыздандырсақ, жаңа өнімді пайдалану арқылы оның сапасы артады. Адам ағзасына кері әсерін тигізбейді.

Әрине, инвестор тарту бағытында жұмыстанып жатырмыз. Бірақ, іспен нақты айналысамын деушілер болмай тұр. Жалпы, бұл аумақта денсаулыққа пайдалы тұз, тереңдігі 300 метрге жететін шахта бар екендігінен хабардармыз. Оның өңеш, қолқа ауруларына емдік қасиеті мол. Тек оны жабайы түрде емес, қауіпсіздік жағдайларының барлығын ескеріп, жан-жақты ұйымдастыру қажет.

Ыстық тамақпен қамту – бақылауда

— Мектептердегі ыстық тағаммен қамту мәселесін бақылау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

— Тексеріс жұмыстары үнемі жүргізіліп отыруы тиіс. Ең алдымен, оған қоғам, ата-аналар мүдделі болуы шарт. Сонымен қатар, бұл мәселе облыстық білім беру басқармасының тікелей құзырында. Өткен жылы бастауыш сынып оқушыларын және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды ыстық тағаммен қамту үшін қажетті қаражат бөлінді.  Дегенмен, жүктелген міндет тиісті деңгейде атқарылмай отырғандығы жасырын емес. Алдағы уақытта осы мәселеге байланысты тиісті шараларды атқаратын боламыз.

— Жаңадан салынып жатқан және құрылыстары басталған мөлтекаудандарға инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелер жүргізілгенде  орталық кәріз жүйесіне қосу талабы қаншалықты міндеттеледі?

— Бұл мәселе біздің күн тәртібімізден түспейді. Алайда, техникалық мәселелерге орай шешу жолдарын әлі қарастырып жатырмыз. Негізінен, біз жеке секторды да кәріздік жүйелермен қамтуымыз керек. Оны қолға аламыз. Қазіргі таңда осы шаруаны қалай іске асыратынымызды ойластырудамыз.

Егіс көлемі ұлғайды

— Бүгінгі таңда облыс халқын картоппен қамтамасыз ету мәселесі әлі шешілмеген. Менің ойымша, климаттық және субсидия бөлу жағдайларына байланысты біздің өлкеде картоп өсіру тиімсіз секілді. Сол себепті, бұл бағыттағы көрсеткіш те төмен. Енді оған қаншалықты көңіл бөлінуде?

— Жыл сайын ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі кемімей, керісінше көбейіп отыр. Бүгінгі күннің өзінде егін шаруашылығы өнімділігін арттыру, егіс алқаптарын кеңейту мақсатында біз бір миллиард жарым теңге көлемінде субсидия алып отырмыз. Тіпті, балықтарды тоғандарда өсіру үшін де  субсидия бөлуге ұсыныс берілді.

Иә, Атырау облысы бүгінгі таңда картопты есептемегенде, көкөністің барлық түрімен өз-өзін толық қамтып отыр. Картоппен қамтылу деңгейіміз – 40 пайыз. Бірақ, ауыл шаруашылығы аумағын кеңейтуге жұмыстанып жатырмыз. Өткен жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 7600 гектар болса, биыл 8400 гектар жерге егін егуді жоспарлап отырмыз. Ал, тамшылатып суару әдісімен 1927 гектар жер қамтылса, биылғы меже – 2300 гектар.

Күкірттен қауіп болмайды

— Қашаған кенішінен алынған мұнайдың құрамында күкірттің аз болмайтынын ғалымдар айтқан. Теңіз кенішіндегі күкірт тауы Қашағанда да болмауы үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Жалпы өңіріміздегі экологиялық ахуал жайлы не айтасыз?

— Қашаған кен орнын игергенде Қарабатандағы зауыттан күніне 3800 тонна күкірт шығады. Оларды жинайтын арнайы қоймалар бар. Сондай-ақ, бұл жердегі өндіріс процестерінде қоршаған ортаға және адам ағзасына әсерін төмендетуге бағытталған заманауи технологиялар қолданылады. Кезінде «Теңізшевройл»  компаниясы Теңіз кен орнын игергенде  шамамен 9 миллион  800 мың  тонна  күкірт далада ашық күйде жатқан еді. Кейін Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың, халықтың қойған талабынан соң компания күкірттің бәрін жойып, күкіртті еш жерде сақтамай, тұтынушыға жеткізіп жатыр. Қарабатандағы зауытта да күкіртті жою жөніндегі мәселемен облыс әкімдігі және Энергетика министрлігі айналысуда. Біз бұған мүдделіміз.

— Қарабатан зауыты аумағында тұратын тұрғындарды көшіру мәселесі шешілді ме?

— Бұл маңдағы ауылдардың болашағына қатысты мәселелер жан-жақты қаралып жатыр. Күні бүгін 496 жол айырығы, Ескене, Қарабатан және тағы басқа елді мекендер зауыттың санитарлық аумағына жатпайды. Сондықтан, көшіруге де негіз жоқ.

«Жасыл белдеу» қашан жасалады?

—  Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырау қаласы мен Қарабатан елді мекені арасына «жасыл белдеу» салу мәселесі көтерілген болатын. Бірақ, әлі сөз жүзінде қалып отыр. Осы жоба жүзеге аса ма?

— Расында  да, «Теңізшевройл», «НСОС» компанияларына «жасыл белдеу» салу, қоршаған ортаны қорғау, жергілікті атқарушы органмен бірігіп отырып, өндірістің табиғатқа әсерін азайту жөнінде нақты мәселе қойылған болатын. Олардың келісім-шарттарында сол кен орнының айналасына  тал  егу жөнінде тапсырма да берілген. Ал, бұл жердің топырағының өзі сортаң, сондықтан, ағаш шықпайды. Осыған орай, біз бұл компания басшыларына кен орны аумағына емес, елді мекендерге, Атырау қаласы бағытына тал егу жөнінде ұсыныс білдіріп отырмыз. Қазір келіссөздер жүргізілуде.

— Атырауда еріктілер иесіз жүрген жануарларды қорғауға алу үшін арнайы үй салуға қаржы жинап жатыр. Бұл мәселе жөнінде сіз не айтар едіңіз?

— Бір жағынан алып қарағанда, біз жануарларды күтіп-баптауымыз керек. Алайда, оның екінші жағы тағы бар. Қазір елді мекендерде, тіпті, қала көшелерінде қаңғыған аш иттер қаптап жүр. Олардың көбін адамдардың өздері далаға қуып жіберген. Осыған орай, ондай баспананың құрылысын салу жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ. Ал, бюджеттен қаржы бөлу үшін мұндай шара қаралмаған. Еріктілер құрылыс жұмыстарын жүргізумен қатар, жануарларды күтіп-баптау үшін де қаражат қажет екенін түсінуі керек.

Жол кептелісінің алдын алу керек

—  Ақтөбе–Атырау–Котяев жолдарына қатысты сауал туындап отыр. Бейресми деректер бойынша, құрылысы басталғалы отырған тасжол Аққыстаудың тұсынан Х.Ерғалиев ауылына тіке түсетіні жөнінде ақпарат бар. Бұл ақпарат рас па, әлде, бұрынғы бағыт өзгеріссіз қала ма?

— Бұл жоба қай жолмен, қай бағытта жүретіні жөнінде нақты ақпарат бере алмаймын. Құрылыс биыл екінші жартыжылдықта басталады деген министрліктің ақпараты ғана бар. Біз өз тарапымыздан Аққыстау ауылынан келе жатқандағы көпірдің тұсынан айналма жол жасап, көліктердің Атырау қаласына кірмей, айналып өту жолдарын қарастыру жөнінде министрлікке ұсыныс бердік. Өйткені, транзиттік автомобильдердің қалаға кіруінен жол кептелістері орын алып жататыны белгілі. Ал, бұл мәселе бүгінгі таңдағы өте өзекті проблема болып отыр.

—  Азғырға газ тарту жұмыстары қашан басталады?

— Азғыр, Балқұдық, Сүйіндік елді мекендеріне «көгілдір отын» жеткізу жобасы «НСОС» компаниясының әлеуметтік салаға жұмсайтын қаражаты есебінен жүзеге асады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы, сараптама қорытындысы да дайын. Тендер жүргізіліп жатыр. Басшылықтың берген мәліметі бойынша, құрылыс биыл бірінші жартыжылдықта басталады. Сондай-ақ, бұл өңірдің электр жарығын жаңғырту мәселесін де қарастырып отырмыз.

«Нұрсаяны» толғандырған мәселе

— «Нұрсая» мөлтекауданында көлік жүретін жолдардың тарлығы, жаяу жүргіншілер жолдарының, емдеу мекемесінің жоқтығы, қоғамдық көлік мәселесі қиындық келтіруде. Жиындарда жиі көтеріліп жүрген мәселе болғанымен, шешімін әлі күнге таппай келеді.

— Әр елді мекеннің даму жоспары бар. Үкіметтің деңгейінде бекітілген бұл құжатқа сәйкес мектеп, емханалар салынып отырады. Ал, кейбір жолдардың тұсында жаяу жүргіншілер жолдарының жоқтығы рас. Былтыр мысалы, 95 шақырым жол салынған болса, биыл 250 шақырым, яғни, 300-дің үстінде көшені асфальттауды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаларда да жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Бірақ, бұл жобадан бөлек жаяу жүргіншілер жолдарын салуға жаңадан жобалық-сметалық құжаттама жасақтап жатырмыз. Ал, келер жылы салынатын көшелерге 400 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл жобада тротуарлар қарастырылған.

Қоғамдық көлік – көптен толғандырып жүрген мәселе. Қазіргі таңда 30-дың үстінде көлік халықты тасымалдаумен айналысады. Кейбір маршруттардың жүру ұзақтығы 18 шақырымға дейін жетеді. Ал, бұл қызметті оңтайландыру үшін қоғамдық көліктер бір бағытқа жеті-сегіз шақырым ғана жүруі тиіс. Осыған орай, қала әкімдігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында қоғамдық көліктер қызметін ұйымдастырған компанияларды тартып, бәсекелестік орта құру жөнінде шаралар атқаруда.

Үйді ешкім де тартып ала алмайды

— Облыс бойынша баспаналы болған жетім балалардың пәтерлерін тума-туыстары тартып алып, қаңғыртып жіберу фактілері кездесуде. Үймен қамтамасыз етілгеннен кейін жетім балаларды қадағалау қай мекеменің құзырында?

— Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайын облыстық білім беру басқармасы қадағалайды. «Нұрсаяда» 240 пәтерлік үйдің 100-ден астамы осы топтағы тұлғаларға берілген болатын. Алайда, сол жерде тұрып жатқан көршілері ұрлықтың көбейіп кеткеніне, қоғамдық тәртіптің бұзылғанына жиі шағым түсіруде. Осыған орай, оларға басқа жерлерден пәтер беріп, сол учаскені құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бақылауына тапсырдық. Биыл да осы әдіспен 240 пәтерлік үй салуды жоспарлап отырмыз. Ал, пәтер берілген адамның иелігінде болады. Сондықтан, ешбір ағайыны тартып ала алмайды. Мұндай фактілер болса, хабарлауға болады.

 

P.S. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі желісі осындай. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін берген жобалар алдағы уақытта жалғасын табады. Осыдан бір жыл бұрын облысқа әкім болып тағайындалған  Нұрлан Ноғаев жеті ауданның орталығында ғана емес, үлкенді-кішілі елді мекендердің барлығында болып, тұрғындармен тілдесті. Ауыл жастарын экономиканың барлық саласын өркендетуге серпін беретін кәсіпкерлікпен кеңірек айналысуға шақырды. Бұл бағытта мемлекеттің тарапынан жүзеге асып жатқан бағдарламалар мен көрсетілетін қолдаулар жөнінде кеңінен түсінік берді.  Брифинг барысында мұның бәрі толайым көрініс тапты.

Материалды жазып алған: Айгүл ЕРТІЛЕУ, Айбөпе САБЫРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button