Бар мейірім балаларға 

5eb01fbd fc5a 4452 9702 c24f82b26303 Жаңалықтар

​«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі мен жергілікті кәсіпкерлер  «Мамандандырылған балалар үйінде» болды.

​ Мекеме 4 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, жас аналардан туған балалар мен некесіз туған балаларды, сонымен қатар ойлау және физикалық дамуында ақауы бар балаларды тәрбиелеп, оларға медициналық көмек көрсетеді.

061d3576 09e1 484e aaf2 188a50393c58

​Ашылғанына 80 жылға жуықтаған балалар үйінде 28 тұрақты тәрбиеленуші, 45 қызметкер, оның ішінде логопед, педиатр, психолог және педагог мамандар жұмыс істейді.

​Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекеме 40 балаға дейін қабылдай алады.

 ​Кездесуде мекеме қызметкерлері қонақтармен емен-жарқын әңгіме өрбітіп, мекеме жұмысымен таныстырып, ұсыныстарын жеткізді. Ұйымдастырушылар кездесудегі негізгі мақсат – балалар үйіне жан-жақты қолдау көрсету екендігін айтты.  

​– Балалар үйіне қабылдау және одан шығару талап етілген құжаттары мен  ережелері арқылы жүзеге асырылады. Балалардың 70 пайызының ата-анасы бар. Ата-аналардың көбі жұмыссыз. Жалғызбасты аналар да бар. Осы санаттағы ата-аналардың балаларын бағып, тәрбиелеп отырмыз. 4 жасқа толған денсаулығы қалыпты баланы «Шаңырақ» отбасылық балалар ауылына, ал, денсаулығында кінәраты бар балаларды арнайы интернатқа ауыстырамыз. «Қазақстан Халық партиясының» өкілдері хабарласып, қандай қажеттігіміз бар екенін сұраған болатын. Алдағы уақытта мекеме аумағын абаттандыруды көздеп отырмыз, – деді балалар үйінің бас дәрігері Райса Баймұханова.

​Бас дәрігердің айтуынша, балалар үйінде көкейтесті мәселелер бар. Мысалы, кадр тапшылығы, еңбекақының төмендігі, ғимараттың ескілігі де күн тәртібінде тұр. Бас дәрігер амалсыздан белсенді зейнеткерлерді жұмысқа шақырып отырғандығын жасырмайды. Ал, жас мамандар жүктемесі көп, еңбекақысы аз жұмысқа тұрақтамайтын көрінеді. Мекеме басшысының сөзінен ұққанымыз мекемеге мемлекет тарапынан кешенді түрде жүйелі көңіл бөлінгенін қалайды.

​– Биыл Балалар жылы болғандықтан балалар үйінің жағдайымен танысуға арнайы келдік. Қолдан келгенше көмек қолын созамыз. Балалардың денсаулығының жақсарып, үлкен азамат болып қалыптасуына кәсіпкерлер бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Азаматтардың осындай игі іске ұйымшылдықпен қатысқандары дұрыс деп есептейміз. Себебі, бала – біздің болашағымыз. Балалар үйіне қажетті дүниелерін алып беруге жұмыстанамыз, – деді жеке кәсіпкер Қаһарман Жәрдемов.

​«Қазақстан Халық партиясы» бірлестігінің мүшесі Тасқынбай Мырзашев алдағы уақытта мекеме қызметкерлері айтқан ұсыныс-пікірлерін партия атынан құзырлы мекемелерге жеткізетінін айтып, кішкентай бөбектерге жарқын болашақ тіледі. Сондай-ақ, партия атынан «Ақшақыз және жеті гном» қойылымына 20 билет табыстады. Ал, кәсіпкерлер тарапынан 20 балаға кеңсе тауарлары мен тәтті дәмдер тарту етілді.

​Айта кету керек, Республика көлемінде 17 мамандандырылған балалар үйі бар.

Алмас ҚАБДОЛОВ

суреттер автордікі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз