Бақытты балалық шақ үшін!
20 қараша күні сағат түнгі 2-ден кеткен шақта Атырау қалалық перзентханасында Нұрмұхамед есімді сәби дүниеге келді. Ал, аталған ғимаратта №80 сайлау учаскесі орналасқандықтан, бақытты ана Жаннат Нұреденова дауыс берушілер қатарынан табылып, өз таңдауын жасады. Жас ана балалардың бейбіт болашағы үшін дауыс бергенін айтты.
– Бұл – тұңғыш балам. Ал, жабық сайлау учаскесінде бірінші рет дауыс беріп отырмын. Қазір ұлым екеуміздің жағдайымыз жақсы. Дәрігерлерге рахмет, – дейді 22 жастағы ана. Нұрмұхамедтің салмағы 3 кг 300 гр, бойы 55 см болып дүниеге келген.
Перзентхананың бас дәрігері Гүлзейнеп Дүсіпова Жаннат пен оның жаңа туған сәбиіне сыйлық табыс етті.
Болашақ аналардың бірі Райгүл Сүлейманова егіз сәби күтіп жүр. 35 жастағы көп балалы ананың төрт баласы бар. Қызығы сол, олардың барлығы егіз.
«Егіз ұлдардың бірінші жұбы 15 жаста, екінші жұбы қыздар, олар 10-да, міне, тағы да егіз қыздарымызды күтіп жүрміз» деген ол Қазақстанның болашағы үшін, балалар бейбіт аспан астында өмір сүріп, бақытты болып өсуі үшін дауыс бергенін айтады. Әңгіма барысында Райгүлдің Абай орталығында хореограф болып жұмыс істейтінін білдік. Қарашаның 19-нан 20-на қараған түні Атырау қалалық перзентханасында 22 сәби дүниеге келді. Бұл күні қалалық перзентханада орналасқан сайлау учаскесінде барлығы 103 әйел дауыс берді.
Анжелика КИМ