БАҚ бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек

istock 639117456 d 850 Жаңалықтар

Бұған дейін БАҚ туралы, журналист қауымы жайлы қолында билігі барлар тарапынан әртүрлі, оңды-солды пікірлер айтылып келді. Оларды төртінші билік өкілдері десті. Бірақ жергілікті органдар баспасөзді, электронды бұқаралық ақпарат құралдарын уыстарынан шығармауға, қолбалалары сияқты өз дегендерін жаздыруға тырысты. Сәл-пәл қытықтарына тисе соңдарына шам алып түсуге беттері шімірікпейтін. Биылғы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында БАҚ-қа, тұтастай алғанда журналистерге қарата орнықты, ұстамды пікірлер білдірілгені көкейімізге қонды. Алға қойған міндеттері мен бағдарлары да орайлы, нақты.

Мемлекет басшысы бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті және еркін болуы қажеттігін айқындап берді. БАҚ өкілдерінің өз көзқарастары мен ұстанымдарына басымдық берілудің, баспасөз беттерінде, телерадио салаларында өзекті мәселелер көтере білудің маңыздылығын алға тартты. Егер олар өздерінен жоғары тұрған ішкі органдардың айтқандарынан шықпаса онда азусыз, жадағай, жай ғана күнделікті мадақтау материалдар мен «ана жерде мынадай болып жатыр», «мына жерде біреуді біреу ұрып кетті» деген тәрізді сырғыма хабарлар беруден аспай, жалтақтыққа ұрынады. Біреуге тәуелділік аяқты әбден тұсайды. Қайткен күнде де БАҚ тәуелділіктен арылуы қажет-ақ. Солай екен деп түрлі теріс ағымдарды, азғындықты насихаттап бетімен кетушілікке де жол беруге болмайды.

Сайып келгенде, БАҚ бұқара халықтың көкейіндегіні дөп баса біліп, мәнді, мағыналы мақалаларымен, эссе, корреспонденцияларымен, өткір сындарымен, фельетондарымен, толымды хабарларымен  танылмаса жұрт оқымайды, көрмейді, тыңдамайды. Газеттер, басқа да бұқаралық ақпарат құралдары қарапайым еңбек адамдарының өмірлері мен еңбек жолдарын көрсететін, шалғай ауылдардың, елді мекендердің проблемаларын, мәдени-әлеуметтік жағдайларды көтеретін материалдарымен, хабарларымен оқырмандары мен көрермендерін, тыңдармандарын қуанта білсе ғана өтімді, ойлары мен жүректерінен орын алады.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз