Банкроттық – ұжымды тарату емес, оны оңалту жолдары да бар
Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды түсіндіру мақсатында семинар өтті.
Аталмыш заң өткен жылғы 1 желтоқсанда күшіне енген болатын. Ол кәсіпорынды банкрот деп танығаннан кейін де сақтап қалудың баламалы тәсілдерін ұсынады. Яғни, еңбек ұжымын бірден таратып жібермей, оны оңалту жұмыстары қолға алынады.
ҚР Ұлттық банкі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөнінде 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін төлем қабілеттілігін реттеудің жаңа тетіктерін іске асыру бойынша нақты жоспарын бекітті. Алайда, бүгінде кредиторлардың осы заңмен қарастырылған мүмкіндіктерді қолдануда бәсеңдік танытуының салдарынан облыс бойынша бірде-бір бітімгершілік келісім жасалмаған. Сонымен қатар, банкроттық және оңалту рәсімі өткізілмеген.
Оның кез келген сатысында оңалту рәсімін қолдану, борышкер мен кредитор арасында бітімгершілік келісім жасасу, сондай-ақ, банкрот-кәсіпорынды сату және меншік иесін ауыстыру мүмкіндігі бар. Әйтсе де, басты мақсат – өндірісті сақтап қалу. Демек, борышкер мен кредитор арасындағы төлем қабілетсіздігін келісім жасасу арқылы реттеу қажет.
— Заң қабылданғаннан кейін, беріліп жатқан жеңілдіктерді барлығымыз пайдалануымыз керек. Қазіргі таңда салық төлеушілер саны көп. Оларға тиімді заңдылықтар өмірге келуде. Мұны көп ешкім біле бермейді. Әлі түсінбейтіндер бар. Алда да өзгерістер болады. Сондықтан, халыққа түсінік жұмыстарын жүргізу маңызды, — дейді облыстық мемлекеттік кіріс департаменті оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Эльвира Оңғарова.
Оның айтуынша, қарыздың тиісті деңгейде өтелмеуінің бірден-бір себебі – мекемелер мүліктерінің жоқтығы немесе жеткіліксіздігі. Кей жағдайда борышкерді субсидиарлық жауаптылыққа тарту және атқару парақтарының тиісті деңгейде орындалмау фактілері байқалады.
Есепті кезеңде мекемені әдейі және жалған банкроттыққа ұшыратқан немесе заң ережелерін бұзғаны үшін мекеменің лауазымды тұлғаларының жеке мүлкі есебінен келтірілген залал көлемі 1 млрд. 123 млн. 711,2 мың теңгені құрады. Оны өндіру мақсатында субсидиарлық жауаптылыққа тарту үшін 23 талап арыз жолданды. Нәтижесінде 1 млрд. 19 млн. 164 мың теңгені өндіру туралы он арыз қанағаттандырылды.
Атап өту қажет, ағымдағы жылдың 30 тамызында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасымен борышкердің лауазымды тұлғаларын немесе құрылтайшысын субсидиарлық жауаптылыққа тарту және залал сомаларын өндіріп алу туралы әдістемелік ұсынымы бекітілді. Ол әкімшілер мен аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларына арнайы хатпен жолданған. Бүгінде банкроттық рәсімі жүргізіліп жатқан 73 мекеменің 34-нің ғана мүлкі бар. Қалған 39-ның қарызын өтейтін қауқары жоқ.
Эльвира Садыққызы банкрот деп танылып жатқан мекемелердің 90 пайызын субсидиарлық жауаптылыққа тартуға негіз бар деп есептейді. Себебі, облысымыздың кейбір кәсіпкерлері салық заңнамаларында көрсетілген міндеттемелерін орындамай, жалған кәсіпкерлікпен айналысу арқылы шын мәнінде сатылмаған тауарға немесе көрсетілмеген қызметке жалған шот фактуралар жазып берген. Ал, кейбіреулері осы кәсіпкерлерден шот фактуралар сатып алып, өзінің бухгалтерлік есебінде көрсеткен. Сөйтіп, тиісті салықтарын төлеуден жалтаруда. Соңында өзінің қылмыстық іс-әрекеттерін жою немесе ізін суыту мақсатында, банкроттыққа кетуге ұмтылады.
Міне, қолданыстағы заңдылықтарға енгізілген толықтырулар осындай өрескелдіктің де бетін ашуға мүмкіндік береді.
Нұрислам ҒҰМАР,
Суреттерді түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.