Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Банк секторындағы бетбұрыс немесе осы саладағы өзгерістер қандай?

Жиі жарнамаланатын криптовалютаның кірісінен күдігі басым. Оған ақша салғандар арандап қалмай ма? Облыс тұрғындарының ипотекаға қарызы қанша? Бережақ қалай өтеледі? Көпшілік коллекторлық қызметтен ат-тонын ала қашады. Оның себебі неде? Осы және өзге сұрақтарға Ұлттық Банкі Атырау филиалының директоры Айнұр Көшербаева жауап берді.

Қаржы нарығы2

Заңдағы басты жаңалық

Қаржы секторы қайтадан жаңғыртылып жатыр. Банктер «нашар» несиеден арыла бастады. Салаға қатысты заңға енгізілген өзгерістердің бастылары мыналар:

Біріншіден, банктерге мерзімі 180 күннен асқан борыштар бойынша сыйақы мен тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуіне тыйым салынады. Яғни, қаржы ұйымы борышкерге орынсыз талап қоя алмайды.

Екіншіден, қарызын өтей алмай жатқандарға «жығылғанға жұдырық» болатын банктер бар. Олар ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша мерзімі өткен сыйақыны, тұрақсыздық айыбын негізгі берешекке қосып есептейді екен. Енді мұндай заңсыздыққа жол берілмейді.

Үшіншіден, шетел валютасында кірістері жоқ жеке тұлғаларға осы валютада ипотекалық қарыз беруге рұқсат етілмейді.

Төртіншіден, міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алғандарға 90 күнге дейін борыштың 0,5 пайызынан аспайтын, ал, 90 күннен кейін сомасының 0,03 пайызынан аспайтын көлемде айыппұл салынады. Бұрынғыдай алқымнан алатын талап болмайды.

Бесіншіден, бұрын банк  борышкердің есепшотын толық бұғаттағандықтан, несие алушы өзінің шотынан ақша ала алмайтын. Қазіргі өзгерістерден кейін банк соманың 50 пайызын ғана бұғаттайды немесе түскен ақшаның тек жартысын ала алады.

Келісім-шартқа мұқият бол!

Әлеуметтік желіде банктік төлемдер үшін тағайындалатын комиссия туралы әңгіме қызып тұр. «Сотқа шағымданып, қыруар қаржысын қайтарып алғандар көп» деседі. Ұлттық Банкі Атырау облыстық филиалының басшылары осы мәселенің анық-қанығын айтты. Олардың баяндауынша, шағымданушылардың бірқатарының арызы негізсіз.

Осыдан екі жыл бұрын банктік қарыз, шағын несие төлемдері комиссиясының тізімі бекітілген болатын.  Соған сәйкес комиссиялар мен өзге де төлемдердің жалпы саны 11-ге дейін қысқарды.  Бұрын банктер 40-тан астам комиссия мен өзге де төлемдерді өндіріп алатын еді.

«2016 жылдың 1 шілдесінен бастап жасалған келісім-шарттың негізінде комиссия заңсыз болып табылады. Қазір бізде бір үрдіс қалыптасқан. Бұл көрсетілген мерзімге дейін жасалған келісім-шарттың негізінде артық алынған комиссия бар деп естіген халық банкке келіп шағымдануда. Егер келісім-шартта комиссия көрсетілсе, оған қол қойған әрбір адам төлеуге міндетті. Ал, банк келісім-шартта бекітілмеген комиссияны енгізсе, ондай жағдайда сотқа шағымдануына болады»,-деді Ұлттық банктің Атырау филиалының директоры Айнұр Көшербаева.

Ипотека несиесі – 37,2 млрд. теңге

Атырауда ипотекалық несие алушылардың қарызы 2,5 есеге көбейді. Қазір 89,6 млрд. теңгені құрайды. Ал, ипотекалық несиенің көлемі 37,2 млрд. теңгеге жетіп отыр.

«Соған қарамастан халық банкіден несие алуда. Соның ішінде ипотекалық қарызданушылар аз емес»,-дейді Ұлттық банктің Атырау филиалының директоры.

«Қарыздың күліп келіп, жылап қайтатынындай», тұрғындардың бірқатары несие төлеуде қиналып қалады. Заңдағы өзгерістер осы тұйықтан шығуға мүмкіндік бермекші. Мәселен, бұрын банкке борыштың құрылымын қайта қарауға, немесе қарамауға ерік берілетін. Енді мәселенің байыбына бару, проблеманы шешу – қаржы құрылымының міндеті. Бұл орайда жұртшылыққа коллекторлық агенттіктер көмекке келе алады. Облыста осындай бір агенттік және 10 коллекторлық компанияның филиалы тіркелген.

«Көпшілік коллекторлық компаниялардан ат-тонын ала қашады. Шындығында, жағдай бұлай болмауы керек еді. Жасырынудың да қажеті жоқ. Олар, керісінше, қарызын өтей алмаған адамға көмектеседі, қаржылық дағдарыстан қиналмай шығуға қолын созады», — деді Айнұр Мейірбекқызы.

Криптовалюта сенімді ме?

Қазір халықты ақшасын криптовалютаға салуға шақырған компаниялар көбейді. Олардың әңгімесін тыңдасаң, аз ақшаң ертең өзіңе еселеніп қайтады. Қоғамдағы бұл құбылысқа жергілікті қаржыгерлер күмәнмен қарап отыр.

«Криптовалютаға қаражат салу – үлкен тәуекелге бару. Бұл валюта мемлекет тарапынан бақыланбайды. Оған салынған ақшаның сақталатынына ешкім кепілдік бермейді. Бір орталықтан басқарылатын тетігі болмағандықтан, сенім арту да қиын. Оның әр елде жеке бақылауы жоқ. Сол себепті жұртшылықты күмәнді істерден сақтандырғымыз келеді»,-дейді Ұлттық банктің Атырау филиалының басшысы.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button