Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚұқық

«Балық барымташылары»: Ұрлықты ұйымдастыратын кімдер?

Аtr.kz/15 сәуір, 2020 жыл. Міне, «Бекіре-2020» шарасы басталды. Әдеттегі іс қой. Бірақ, биыл басқаша жағдайда өткелі отыр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, қатерлі дертпен қабаттаса келді.

Бірақ, одан ау-сайманын сайлаған браконьерлердің бұғып қалатын түрі жоқ. Олар да өздерінше даярланып жатқаны кәміл. Ендеше, заңсыз балық аулаушылармен қалай күресеміз? Осы мәселенің түйіні түбі тарқатыла ма?

АЙРАН ІШКЕН ҚҰТЫЛЫП…

Қашанда тауып сөйлейтін қазақ қазандағы айранды ұрлап ішіп кеткен қудың құтылып, оның түбін жалаған жанның тұтылатынын айтады. Осы орайда Елбасының Атырауға кезекті сапарында Жайықтың бекіресі мен уылдырығы Еуропада еркін сатылып жатқанын тілге тиек еткені ойымызға оралады. Расында да, бағалы тауарды шетелде саудалаушылар ау құлағын ұстағандар емес. Бұлар – азды-көпті ақшаға алданып, басын бәйгеге тігіп жүрген қарапайым балықшылар. Айдынның асау толқынымен алысып, суға бататындар да солар. Құқық қорғаушылардың қолына түсіп, жазаға тартылатындар да осылар.

Ал, бекіренің бәсін бұлдап, тысқа тонналап таситындар – көзге көрінбейтін, назарға шалынбайтын мықтылар. Берісі Ресей, әрісі Еуропа нарығын жаулап алғандар. Бірақ, бәрі беймәлім емес. Көп жорғалаған жылан аяғын көрсетіп алады. Талай жылдан бері осы көлеңкелі кәсіпті серік еткендердің ғарыштан келмегені, жанымызда жүргені кәміл. Тек неге торға түспейтіні таңқаларлық.

Соңғы рет қашан осыған орай ірі сот отырысы болды? Қателеспесем, бұдан 10-15 жыл бұрын бір оқиға тіркелген тәрізді. Жұртшылықтың жадында шығар, талайдың талқысында таразыға тартылып еді ғой. Содан бері тым-тырыс. Бірақ, браконьерліктің бұғауланғанын байқамадық. Керісінше, үдеп бара жатқан секілді. Әйтсе де, соларға бағалы балықты шығарып беретін өзге емес, өзіміздің адамдар. Жанбай жақта елді мекендерге соқпай, сырттан өтіп кететін айналма жолдар бар көрінеді. Көршілес Ресейден келетін алушылармен байланыс солай жүзеге асатын тәрізді.

Ал, жылдар бойы жалғасып жатқан сол соқпақты құқық қорғаушылар білмей ме? Демек, жең ұшынан жалғасушылық бар. Әйтпесе, жай жұртқа жария нәрсе, неге олардың құлағына тимейді? Жалпы, бекіреге байланысты оны аулаушылар ғана емес, соларды қорушылар да күдікке ілініп жатқаны жасырын емес. Біразының қолына кісен де салынды. Әлі де жазасын өтеп жатқандар бар. Бірақ, сол сабақ болып тұр ма?

Сонау жылы Жанбайда жергілікті жігіттер мен балық қорғау инспекторлары шекісіп қалды. Оқиғаның ақ-қарасын анықтау үшін редакция тапсырмасымен соған аттандық. Барсақ, ауыл тым-тырыс. Жаға жыртысудың ізі де жоқ. Ауыл ақсақалдарымен әңгімелесіп көрсек, мұның әдеттегі нәрсе екенін айтады. Сөйтсек, мұндағы заңсыз балық аулау фактісі баршаға мәлім көрінеді. Оны осындағы тұрғындар да, құзырлы орын қызметкерлері де бес саусақтай біледі.

Ал, балықшылар мен инспекторлардың ара-тұра тебісіп тұруы шектен шыққандық саналмайды. «Балалар балыққа таласып қалған ғой» дейді қарттар түк болмағандай. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дейтіндей жайбарақат. Бұдан соң бірлескен күрес жөнінде әңгіме айтуға бола ма?

КООПЕРАТИВТЕР ҚОЛДАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Біраз жылдан бері Қиғаштың қос жағасындағы балықшыларға туғызылып отырған жағдайдың айырмашылығы айтылып келе жатқан-ды. Мәселен, қазақстандық балықшылар ресейлік әріптестеріне қарағанда маусымды жарты айға ерте аяқтайтын. Су маржандарын әр күні сүзгенде-ақ толымды табыс түсіретін кооперативтер көл-көсір пайдадан қағылатын. Енді бұл мәселе реттелді. Өзеннің ар жағына өзегін созатын құрманғазылықтардың қолы ұзарды. Ал, соны тиімді пайдалана ала ма?

Кооперативтердің күш-қуаты жете ме? Әйтпесе, ілгергі жылдары сол өңірдегілердің өздері жұмысшы жетіспейтінін, сондықтан, Ресейден жалдайтынын айтатын-ды. Науқан кезінде көрші елдің жалауы желбіреген кемелері Қиғашты кезіп жүреді екен. Ендеше, қолға ауыр балтаны белге қыстырып қайтеді? Көп лимитті игеруге мүмкіндігі болмаса, басқаға бергені жөн емес пе? Ресейліктер, әрине, текке көмектеспейді, сүбелі үлесін алады. Сонда байлығымыздың бір бөлігі жаттың жетегінде кетпей ме? Рас, кооперативтердің бәрі қауқарсыз емес. Арасында өнімдерін шетелге шығарып, толымды табыс тауып жүргендері бар. Әрине, экспорт – қыруар қаражат көзі. Бірақ, алдымен ішкі сұраныс қаншалықты қанағаттандырылды?

Кезінде көне Гурьевте балық сататын арнайы дүкен болған. Жүз граммдық қалбырға салынған қара уылдырықтан бастап, даяр өнімнің сан түрі болатын. Бағасы да қолжетімді еді. Жұрт алып жататын. Егер осылай еркін сатуды ұйымдастырса, онда браконьерлік біртіндеп керексіз кәсіпке айналар ма еді, кім білген? Демек, дайын тауарды далаға тасуға асыққанша, ара-тұра өзімізде балық жәрмеңкесін өткізіп тұрған дұрыс тәрізді. Тіпті, ең абзалы – балық және оның өнімдерін сататын сауда орындарын көбейту. Ә р и н е , с о л к е з д е д е заңсыздықтарға жол берілді. Барынша күресіп жататын. Сырттан әскерилер әкелінетін.

Қазір ырыққа көнбей тұрған себебі – оған құзырлы орындар өкілдерінің өздері араласуы. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегеннің кебі ме, әйтеуір, осыларға қатысты әңгіме көп. Өкінішке орай, солардың дені шындыққа айналып жатады. Бірінбірі бағып тұрсын деді ме екен, анау жылы күзет бекеттеріне полиция қызметкерлерін, ұлттық қауіпсіздік қызметі мен прокуратура өкілдерін және балық инспекторларын қатар қойған. Бұдан қаншалықты қайтарым болғанын қайдам, бірақ, кейінгі науқанда мұндай тәсіл қолданылмады. Сірә, күткендегідей нәтиже бермеген тәрізді.

Балық кооперативтерінің жетекшілері жағдайын айтып, қанша байбалам салғанымен, қажетті қолдауға ие. Дабыл қағатындай шаруалары да мүшкіл емес. Аяғына нық тұрғаны, ісі ілгері басқаны ғой. Ендеше, жерлестерін жерік аспен қамтуы қалай? Сыртқы байланыс сыр бере бастаған тұста атыраулықтарды аузы-мұрнынан шығаратын сәт емес пе? Әлде өзгеден гөрі алдымен өзін ойлайтын сараң заманға тап келдік пе?

P.S.

Сонымен, көктемгі тартым табалдырықтан аттады. Биыл сәл күрделі болғалы тұр. Әрине,Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, шешімді шарасы алынады. Тек соны табиғатқа зиян келтірмей, заң бұзушылыққа жол бермей ұйымшылдықпен өткізу парыз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button