Балық аулаудың жаңа тәртібі енгізілді
Бұл мәселе жақында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясында болып өткен жиында жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай «Qazaq balyk» «Республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Атырау облысы филиалының және Атырау облысы балық шаруашылығы бірлестігінің өкілдері түсінік берді.
Нақтылай кетсек, балық аулаудың тәртібі бұдан сегіз жыл бұрын шыққан Ауыл шаруашылығы министрінің «Қолдануға рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес балық аулау құралдарының түрлері мен тәсілдерінің тізбесін бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген. Алайда, бүгінгі уақыт талабына сай бұл құжатқа ішінара өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған.
Инспекция басшысының міндетін атқарушы Мәншүк Темешеваның айтуынша, жаңа ережеде кәсіпшілік аулау құралдарының барлық түрлері (ұяшықтайтын, сүзіп аулайтын және ілмекті) анық көрсетілген. Сонымен қатар, құжатта кәсіптік емес балық аулау құралдары, яғни спорттық-әуесқой балық аулау кезінде пайдаланылатын құралдардың 13 түрі белгіленген. Ендігі жерде балықшылар осыны қаперге алатын болады.
Дәулетқали АРУЕВ