БАЛЫҚ ҚОРЫ БАҚЫЛАУДА
Белгілі болғанындай, балықты заңсыз тасымалдау бойынша – 62, балық ресурстарын заңсыз сату және сатып алу бойынша – сегіз қылмыс тіркелген. Әкімшілік жауапкершілікке 529 адам, оның ішінде мамандандырылған әкімшілік сот арқылы 79 адам жауапқа алынды. Жалпы, акция басынан бері 115 қылмыстық іс қозғалса, оның ішінде 17 іс сотқа жолданған.
Жуырда Каспий теңізінің жағалауында Атырау облысының екі тұрғыны қайықпен ұсталды. Олардан заңсыз ауланған 27 кг қара балық, сазан және аулау құралдары мен салмағы 9,5 кг құрайтын бекіре тұқымдас уылдырықты шоқыр балығы алынды.
Бұл жайларды баяндаған облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының өкілі Олег Тушкановтың мәліметіне көз жүгіртсек, акция кезінде заңнама бұзушыларға 5 млн. теңгеден аса әкімшілік айыппұл салынды. Олардан мемлекет бюджетіне 4 млн. теңгеге жуық қаржы өндірілді.
«Табиғат заңнамасын бұзушылардан 31 тонна 938 кг балық, оның ішінде 1943 кг бекіре тұқымдас балық пен 11,3 кг бекіре тұқымдас балық уылдырығы алынды. Жалпы, акция басталғаннан бері 197 бекіре тұқымдас балық оның ішінде бекіренің төрт, шоқырдың 53 аналығы, бекіренің 15 және шоқырдың екі аталығы ауланды. Олар аймақтағы бекіре өсіру зауыттарына жіберілді» деді О.Тушканов.
Сондай-ақ, мемлекеттік шекараны бақылау кезінде Каспий теңізінің Жанбай бағытында табиғат заңнамасын бұзған «байда» типтес қайық пен атыраулық алты азамат ұсталған. 2201 «Г» әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары Асхат Палтушевтың айтуынша, олардан ондаған сазан мен ау құралдары табылған. Жүзу құралы Дамбы селосындағы шекара бөліміне жеткізіліп, табиғат заңнамасын бұзғандар уақытша қамауға алынды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.