Жарнама
ЖаңалықтарҚоғамҚұқық

Балық та – байлықтың бірі

Оны қорғау да, сақтау да ешқашан маңызын жоғалтпайды

Биылғы «Бекіре – 2017» балық қорғау акциясы жылдағыдан өзгеше басталды. Алдымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Құрманғазы ауданында балық шаруашылығына қатысты арнайы жиын өткізді. Оның орынбасары Сәлімжан Нақпаев арнайы топпен бірге балықшылардың ортасына (Жанбай, Зинеден ауылдары) барып, жаңа заңдылықтарды түсіндірді. Ал, облыстық прокуратурадағы жиын осы саладағы құрылым басшылары, құқық қорғау органдары жетекшілерінің жауапкершілігін көтере түсті.

брифинг

Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Марлен Айнабековтің Атырауға арнайы сапарлап келуінің мақсаты – «Бекіре – 2017» акциясын жоғары деңгейде ұйымдастыруға қатысты. Ол жергілікті жауапты басшылармен бірге  аймақтық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, журналистердің сұрақтарына жан-жақты жауап берді. «Атырау» газетінің тілшісі министрліктің өкіліне алғашқылардың бірі болып сауал қойды.

Балық өсіру зауыттары қайта жарақталады

Каспий жағалауындағы елдер, атап айтқанда, Ресей жылына 56 млн., Иран – 22 млн., Әзербайжан 15 млн. бекіре шабағын айдынға жіберуде. Ал, Атырау облысының үлесі – бар болғаны екі зауыттан 7 млн. шабақ. Болашақта жергілікті жерде өндірістің ауқымын кеңейту немесе жаңа балық зауыттарын салу жоспарланып отыр ма?

Марлен Айнабеков, Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

– Бұл – біз үшін өзекті мәселенің бірі. Сіз айтқандай, бекіре балығын өсіру бойынша теңіз жағалауындағы басқа елдердің үлесі жоғары болып тұр. Сондықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018 жылдан бастап Атырау облысындағы екі балық өсіру зауытының өндірістік қуатын арттыру үшін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда. Ол үш кезең бойынша өтеді. Алғашқы әзірде жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталады. Мұның көлемі әзірше 30 млн. теңге болады. Оған бюджеттен қаражат бөлінеді. Соның нәтижесінде, айдынға жылына 30 млн. бекіре балығының шабағы жіберіледі деген үмітіміз бар.

Лимитті кім бөледі?

Балық аулау лимитіне қатысты не айтар едіңіз? Ол қазіргі күні бөлініп болды ма?

Мұрат Ермекқалиев,

облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы:

– Кеше ғана Каспий теңізінен балық аулауға байланысты лимит бекітілді. Ал, Қиғаш өзені бойынша Наурыз мерекесіне дейінгі кезеңде бұл мәселе шешілді. Орал-Жайық балық өсіру зауыты, «Амангелді», «Каспий балық» өндірістік кооперативтері өз үлестерін алып отыр. Жайық өзенінде ауланатын балықтың лимиті бойынша жасақталған құжаттың хаттамасы жергілікті атқарушы орынға жолданды. Сол бойынша тиісті рұқсаттамалар берілуде. Бүгінде Атырау облысы бойынша лимит бөлу мәселесі толық шешімін тапты деуге болады.

Айта кетейін, осымен үшінші жыл қатарынан балық аулау лимитін бөлумен «Казахрыбхоз» қауымдастығы айналысуда. Оған біздің құрылымның тікелей қатысы жоқ.

брифинг2

Айдында қуаты күшті қайық жүрмейді

Өндірістік мақсатта қолданылатын суда жүзу құралдарына талап кү-шейді.  Сондықтан, оларды тіркеуде қиындық туындап отырған жоқ па?

М.Ермекқалиев: – Өздеріңізге белгілі, биылдан бастап (балық аулау маусымы кезінде) айдын бетіне қуаттылығы 20 ат күшінен асатын қайықтар («казанка») жіберілмейді. Жаңа талапты түсіндіру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Сәлім-жан Нақпаев бастаған арнайы топ негізінен балық шаруашылығымен айналысатын Исатай ауданындағы Жанбай, Зинеден ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Мұнда өндірістік мақсаттағы балық аулау тек «будара» деп аталатын құрал арқылы жүзеге асатындығы айтылып, түсіндірілді. Заң – баршаға ортақ. Сол себепті, оны бәріміз де орындауға тиіспіз.

Қайықтың иелері қайтпек?

Техникалық бақылау инспекциясының мәліметінше, 700-ден астам қуаты күшті қайық («казанка») тіркелген. Жаңа талап бойынша бұл суда жүзу құралы балық аулауға жіберілмейді. Осындай жағдайда қайықтың иелері қайтпек?

М.Ермекқалиев: – Талаптың ортақ екендігін жоғарыда айттым. Суда жүзу техникаларының техникалық бақылау инспекциясында тіркелуі де заңды. Алайда, әңгі-менің өзегіне айналған қайықтың бұл түрі балық аулауға емес, серуендеуге арналған. Осы жағдай ескерілсе деймін. Оның үстіне Үкімет қабылдаған қаулының ерекшелігі, жаңа талаптар туралы табиғат пайдаланушылармен бірнеше рет кездескенде айтқан болатынбыз.

Қазіргі күні балықты өндірістік мақсатта өсіруге маңыз беріліп отыр. Ол «су маржанының» табиғи жағдайда өсіп-өнуіне мүмкіндік беру үшін жасалған қажетті шара.

*«Бекіре – 2017» балық қорғау акциясының басталуына байланысты арнайы штаб құрылды. Оның жұмысшы органы – Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы.

*Аумақтық инспекция 20 бекет ұйымдастырды. Оның  13-і жылжымалы. 7-уі стационарлық.

*Акцияға қатысып жатқан облыстық ішкі істер органы: қызметкер – 232, автокөлік – 58, жүзу құралы – 8.

*Пешной – Атырау, Атырау – Астрахан, Атырау – Орал, Атырау – Ақтөбе автожолдарының бойына стационарлық бекет қойылды.

*«Бекіре – 2017» шарасына қатысатын шекарашының саны – 60 адам. 10 теңіз катері, 3 автокөлік тартылған.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button