Балауса мен Атырау ықшамаудандарында жол салынады
Atr.kz/2 сәуір, 2020 жыл. Биыл қалаішілік жол-құрылысындағы жоспар қандай? Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәлімдеуінше, 2020 жылы Ғабдиев және Мәденов көшелеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу көзделген.
Сондай-ақ, осы жоба аясында өткен жылы құрылысы басталған Амандосов көшесі мен Бейбарыс даңғылындағы жұмыстар да биыл жалғасады. Бұдан бөлек, қала маңындағы Дамба-2, Еркінқала-2, Тасқала-3 және Жаңаталап пен Атырау селосындағы көшелерге жаңа жол салынады. Ал, көпшіліктің сұранысындағы Балауса және Атырау ықшам ауданының көшелеріне жол төсеу үшін жасқталған жобалау-сметалық құжаттамасы дайын.
— Балауса мен Атырау ы/а жолсыз көшелердің барлығын дерлік жоспарға енгізіп, ЖСҚ дайындадық. Енді, бұл құжаттаманы осы жылы мемлекеттік сараптамаға өткізуді көздеп отырмыз. Сараптамадан оң қорытындысын алған соң, жол-құрылысына тиісті қаржы сұратылады. Белгіленген қаржының бөлінуіне қарай, бұл ықшам аудандарға жол төсеу жұмыстары басталады. Ал, Зарослый және Талғайран елдімекендеріне жасақталған ЖСҚ өткен жылы мемлекеттік сараптамаға өтіп, биыл оң қорытындысын алды. Енді, қажетті қаржы бөлінген соң, алдымен осы елдімекендерге жол төселінеді – деді, қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз-хатшысы Аңсаған Сағынбаева.
Сондай-ақ, қала аумағына кіретін Атырау — Индер трассасының 0-10 км қашықтығына дейін жаңа жол салынады. Ал, ағымдық жөндеу жұмыстары аясында қала көшелеріндегі тозығы жеткен жол бөліктерінің 4000 шаршы метрі тегістеледі және тұрғындар өтінішіне сәйкес, қаланың кей аумақтарына тротуар төселеді. Айта кетейік, алдымен бұл жұмыстарды іске асыратын мердігер мекемені анықтау үшін, ашық электронды конкурс жарияланады.
Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі