Жарнама
Жаңалықтар

БАЛАНЫҢ ЖАНЫН ТҮСІНУ БАРШАҒА ОРТАҚ ІС

Атырау қаласында қазіргі таңда қосымша білім беретін сегіз мекеме бар, олар: алты балалар музыка мектебі, бір жас натуралистер стансасы мен бір мектептен тыс жұмыс орталығы. Шаһар бойынша 6 мыңның үстіндегі бала сабақтан тыс уақытын тиімді өткізетіні тіркелген, өкініштісі, бұл жалпы оқушылардың 13 пайызы ғана. Қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова келесі жылы жасалып жатқан жұмыстардың арқасында қосымша білім беру ұйымдарымен қамту 30 пайызға өседі дегенмен, бұл тараптағы бүгінгі жұмыстың көңіл көншітпей отырғаны сыналды.

Әрине, атқарылып жатқан істер бар. 2015 жылы осы мақсатта бейіндік мектебінің атауы мен қызметін қалалық оқушылар сарайына өзгертіп, оған 5500 оқушы тарту; саз мектептерінің жанынан қосымша үйірмелер ашу арқылы тағы да 1400 оқушыны қамтамасыз ету жоспарланған. «Інжу-Маржан» мәдениет сарайын  жалға алу арқылы төрт жүзге жуық бала қамтылса, қаладағы №17, №21 мектептердің жанынан үйірмелер ашылған. Болашақта қала ішінен және маңайдағы елді мекендерден бірнеше ғимарат пен цокольды қабаттардан орындар жалға алынып, проблеманы шешу мақсатындағы іс-шаралар жүзеге аспақ.

Жиынға қатысушылар тарапынан үйірмелерге төленетін ақы, сондай-ақ, балаларды түрлі байқау-сайыстарға апарудың ата-ананың қалтасына қаншалықты салмақ түсіретіні төңірегінде сауалдар туындады. Гүлмира Шәкірованың айтуынша, көп жерде үйірмелер тегін, ақылы болған жағдайда да айына 5 мың теңге шамасында. Ал, басқа жақтағы өнер-білім жарыстарына барып, облыс намысын қорғайтын ұландарға жергілікті басшылық демеушілер көмегі немесе басқалай жолдар арқылы мүмкіндігінше көмектесіп келеді. Сонымен қатар, қосымша ұйымдарға байланысты бір жылдардағыдай жас техник, жас натуралистер үйірмелерін қайта жандандыру жөнінде ұсыныс айтылды.

Ал, келесі мәселеге көшсек, Атырау қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер кезегіне 776 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала тіркеліпті. 2014 жылы 106 жасөспірімге үй берілген. Шыңғыс Жұмабекұлы бұл топқа облыс әкімінің пәтер беру туралы шешімін қолында ұстап отырған 14 адамды да қосу керектігін ескертті. Алдағы уақытта 240 пәтерлік үй бітіп, пайдалануға берілгенде баспаналы болған балалар үйі түлектерінің саны күрт өсетіні анық.

Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары келтірілген деректерде кезектегі балалардың жас шамасы 0-38 жас аралығы деп берілгенін сынға алды. Мұндай жағдайда олардың ішінен кәмелетке толғандарын нақтылап көрсету керек еді. Белгілі болғандай, ата-анасыз нәресте сәбилер үйіне келгеннен бастап пәтер кезегіне тіркелетін болып шықты. Әйтсе де, оның үйді он сегіз жасқа толғасын барып алатыны, буыны қатып, бұғанасы бекімейінше, жалғыз тұра алмайтыны белгілі емес пе?!

Облыстық психиатриялық жүйке аурулары ауруханасының бас дәрігері Қ.Нұрмұханов баяндағандай, облыста 2011 жылы 104; 2012 жылы 102; 2013 жылы 94; 2014 жыл басынан бері 68 адам өз еркімен өмірден өткен. Оның ішінде, балалар мен жасөспірімдер саны 2011 жыл бойынша — 12; 2012 жылы – 3; 2013 жылы – 6. Биыл оқу жылы қарсаңында Қызылқоға ауданында бір мектеп оқушысы өз-өзіне қол жұмсады. Бұдан бөлек, аяқталмаған суицид, яғни дер кезінде араша түсу арқылы адам өмірі сақталып қалған деректер жүргізілген. Ол бойынша, 2011 жылы 55; 2012 жылы 59; 2013 жылы 39; 2014 жылдың сегіз айында бір бала мен жасөспірім теріс әрекеттен құтқарылған.

Жыл санап аталған аурухана жанынан тәулік бойына жұмыс істейтін «сенім телефонына» қоңырау шалатындар санының көбеюі көпшіліктің мәселеге аса маңыз бере бастағанын көрсетсе керек. Сонымен қатар, дәрігерлер мен медициналық психологтар Қазақстан мен көршілес елдердің ғылыми орталықтарында суицидология бойынша оқулардан өтіп келуде. Суицид бойынша статистика денсаулық сақтау, білім басқармалары, ішкі істер, прокуратура органдары, басқа да қатысты ұйымдар бойынша мәліметтерді тегіс жинақтап, салыстыру арқалы шығарылып отырады.

Денсаулық сақтау жүйесі бойынша қазірде көтерілген тақырыпқа байланысты мынадай мәселелер шешімін күтуде екен: біріншіден, облыс көлемінде әзірге тұрғындарға тәулік бойы көмек беретін дағдарыс орталықтары жоқ; екіншіден, соматикалық ауруханаларда суицид әрекетін жасаушыларға арналған дағдарыс орталықтары болмауы себепті суициденттер жедел жәрдем деңгейіндегі көмек алумен шектеледі.

Айта кететіні, кәмелетке толмағандар арасындағы өзіне қол жұмсау әрекетіне жол бермеу, алдын алу шаралары кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның бұған дейінгі бас қосуларында да қозғалып келеді. Соған байланысты былтырғы қазан айының 13-і күні өткен отырыс хаттамасының орындалуы туралы сөйлеген облыстық білім беру басқармасының бастығы Берікқали Сәрсенғалиев білім ұйымдарындағы психологтар жұмысына жүргізілген мониторинг нәтижесімен таныстырды. Қазіргі кезде облыста 299 психолог жұмыс жасаса, оның 43-і әлі де қайта даярлау курстарынан өтпеген; 33-і мектеп инспекторларымен және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен бір кабинетте отырса, 28-інде мүлдем отыратын жер жоқ. Маман мұндай жағдайда мінез-құлқынан күмәнді әрекеттер байқалып, жат ойдың жетегіне ерген жеткіншекпен қалайша еркін әңгімелеспей?!

Өткен жылдан бері орындалмаған тағы бір жұмыс: «Атырау Жарық», «Қазтелеком», «Су арнасы» мекемелерінің үйлерге тарататын түбіртектеріне суицид жөніндегі ақпарат пен «сенім телефонын» жазып тарату жайы. Бұрын дін басқармасы қолға алған осындай шараның тез арада жүзеге асып, нәтижесін көрсеткенін алға тартқан Шыңғыс Мұқан тиесілі мекемелерге  қабылданған қаулының орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. «Қазақстанның суицид жөнінен Латвия мен Ресейден кейінгі үшінші орынды иеленуі – алаңдатарлық жайы. Проблеманы тереңінен зерттеп отырған ЮСАИД ұйымы анықтағандай, әр ата-ана баласына күніне 20 минут қана уақыт жұмсайды екен. Егер жақын жандар ұл-қызына көбірек көңіл бөліп, бір-бірін тыңдап отырса бұл деректер орын алмаған болар ма еді?! Мүмкін, алдағы уақытта суицид мәселесіне байланысты терең мазмұнды баяндама жасармыз» деп жиынды қорытындылады, — Шыңғыс Жұмабекұлы.

Құралай Қуатова.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button