Балаларға демалыс сыйлады
Atr.kz/11 маусым, 2019 жыл. «Алтын Сазан» демалыс орны мен «Атырау 06 Регион» автомотоклуб мүшелерінің ұйымдастыруымен демалыс аймағында ерекше шара өтті. Мұнда «Шаңырақ» облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйі және «Мұнайшы» спорт кешенінің жүзу спортына қатысушы балалар қатысты.
Бұл шараға балық аулап өңдейтін мекеме «Амангелді» ЖШС, «Мир хорошего настроения» ойын-сауық аниматорлары, ТЖД құтқару жасағының қызметкерлері арнайы келіп, балаларды мерекемен құттықтады. Демалыс орнында балалар бір күнін ойдағыдай өткізді. «Атырау 06 Регион» автомотоклуб мүшелерінің ұйымдастыруымен өткен концертті тамашалап, футбол, волейбол ойнап, сыйлықтар берілді.
«Шаңырақ» облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінің директоры Гүлсара Ботатаеваның айтуынша, демалыс орнында енді он күндік демалыс өтпек. «Мекенге келуімізге «Алтын Сазан» ұжымы себепші болды. Концерт барысында 6 отбасыға арнайы әр түрлі сыйлықтар берілді. Демалушылардың көңіл күйі керемет» деді ол. Бүлдіршіндер бассейнде жүзіп, ботаникалық саябақты да аралады. Ол жерде 61 түрлі ағаш отырғызылған. Демалыс аймағының директоры Кенжетай Рамазанов алдағы жылы олардың санын көбейту жоспарда барын айтты.
«Демалыс орны ақырындап дамуда. Болашақта қыс мезгілінде де осындай орындар ашқымыз келеді» деген ол балаларды ағаштардың тарихымен таныстырып, аралатты. Сондай-ақ, «Мир хорошего настроения» ойын-сауық аниматорлары келіп, түрлі ойын
сауық бағдарламаларын ұсынды. Облыстық төтенше жағдай департаменті құтқару жасағының кинолог мамандары иттермен таныстырды.
«Ең алдымен, осы жерге бізді әкелген сүйікті үлкен анамыз Гүлсара Аманғалиқызына рахмет. Мұнда уақытымызды көңілді өткіздік. Концерт тамашалап, би билеп, әзілдер айттық. Бассейнге барып, суға түстік. Жаңадан достар таптық. Осындай жақсы күнді сыйлаған демалыс орны ұжымына, автомотоклуб мүшелеріне және барлық демеушілерге алғысымыз шексіз» деді «Шаңырақ» балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі Нұрдәулет Шудабай.
Сонымен бірге, Халықаралық балалар күніне орай аталған демалыс аймағында «Ашық хауыз» жүзу бассейні ашылды. Осы орайда, бассейнде «Мұнайшы» спорт кешеніндегі үйірмеге қатысушы балаларға суда жүзу әдістері үйретілді. Алматыдан келген спорт шебері, жаттықтырушы Тимур Сегізбаев жарыс өткізді. «Алтын Сазан» демалыс аймағының меңгерушісі Владимир Вознюк алдағы жоспарларымен бөлісті. Жуырда балаларға арналған әскери-патриоттық лагерь ашылады.
«Мұндағы мақсатымыз – туризмді дамыту. Балаларға арқанмен тауға шығу өнерін де үйретеміз. Балалардың бір мезгіл тынығуы үшін киіз үйлер жасақталды. Осы лагерь ашылады дегеннен бастап, Ақтау, Ақтөбеден де сұраныс көп болуда. Соған байланысты басқа қалалардан балалар қабылданып жатыр. Лагерь ақылы қызмет көрсетеді» — деді В.Вознюк.
Оның айтуынша, «Алтын Сазан» демалыс аймағына келушілерге арнап жағажай ашылмақ. Арнайы қайықтар дайындалып, қауіпсіздік шаралары қарастырылуда. Сонымен бірге, биыл Жастар жылына арналған концерттік бағдарламалар дайындалып, кең көлемде фестиваль өткізіледі. Оған 19-29 жас аралығындағы жастар қатысатын болады.
Гүлдана ЖАМБОЗОВА
Индира ӘУБӘКІРОВА, ата-ана:
– Менің балам «Мұнайшы» спорт кешеніндегі жүзу үйірмесіне қатысатын еді. Сол жердегі жаттықтырушылардың қолдауымен балалардың бір күндік демалыстары жақсы өтіп жатыр. Мұнда суда жүзу үшін барлық жағдай жасалған. Балаларымыз өте көңілді. Сол үшін барлық демеушілерге, ұйымдастырушыларға атааналар атынан алғыс айтамыз.