
Бар жақсылық — балаларға
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры “ТШО” компаниясының қолдауымен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері үшін мазмұнды әрі қызықты іс-шара ұйымдастырды. Мерекелік бағдарлама экскурсиядан, танымдық квесттен, мультфильм көруден және таза ауада демалудан тұрды.
Шара барысында ең алдымен балалар тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия жасады. Мұражай қызметкері бүлдіршіндерді ежелгі Қазақстан тарихымен таныстырып, Ұлы Отан соғысы кезеңіне тоқталып өтті. Сонымен қатар өңірдің жануарлар және балықтар дүниесіне арналған зал да балалардың қызығушылығын тудырды.
Экскурсиядан кейін балалар отандық «Сарайшыққа саяхат» атты анимациялық фильмді тамашалап, ондағы көркем әрі тарихи оқиғалардан әсер алды. Одан кейін ұйымдастырушылар балалар үшін көңілді әрі танымдық квест ойындарын өткізді. Бұл ойын барысында қатысушыларға мұражай ішіндегі экспонаттарды табу және түрлі тарихи-мәдени сұрақтарға жауап беру міндеті жүктелді.
— Біз квест ойнадық, мұражайда арбаны іздедік, сұрақтарға жауап бердік. Еш қиындығы болған жоқ, — дейді шараға қатысқан Наржанай есімді балақай.
— Қызықты сұрақтар қойды, мысалы, Алтын адам қайдан табылған? Жүгіріп жүріп жауап іздегенім қатты ұнады, — дейді тағы бір қатысушы Сергей.
Айта кету керек, ойын тапсырмаларының бірі қазақ қыздарының дәстүрлі бас киімі туралы болды. Балалар бұл сұраққа да белсенділікпен қатысып, дұрыс жауап – «сәукеле» екенін анықтады.
Шара соңында балалар таза ауада серуендеп, бір-бірімен еркін тілдесіп, шаттыққа бөленді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН