Балаларды құтқарып қалды
Желтоқсан айының басында болған суықта Еңбекші ауылдық округіндегі ағысы жоқ Сурхан өзеніне мұз қатып қалды. Кейбір адамдар үстімен өте де бастады. Мұз қатса бала біткен соның үстінен табылатыны белгілі жайт. Еңбекші орта мектебінің 7 сынып оқушылары Мейрам Жасұланов пен Ғапу Жұмабеков көк мұздың үстіне ойнауға шықты. Сол сәтте олар өздерін қандай қауіптің күтіп тұрғанынан бейхабар еді. Ойын қызығына беріліп жүріп өзеннің ортасына жеткенде жұқа мұз шырт етіп ойылды. Ойларында ештеңе жоқ екі баланың біреуі, Ғапу суға сүңгіп кетті де, Мейрам жандәрмен жағадағы мұздан ұстап қалды. Мұздай судың ішінде қалған Ғапу болса серігінен ажырамауға тырысып бақты. Балалардың айқайын естіген ауыл тұрғыны, зейнеткер Базарбай Нұрмұхамбетов дереу жүгіріп жағаға жеткенімен, оларға жақындай алмады. Кері айналып басқа адамдарды шақыруға кетті.
Жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген ауыл тұрғыны Мырзабек Жанболатұлы сол күні шаруа қожалығының иесі Рамазан Сапаровпен бірге жағадағы қайығын майлап жүрген еді. Баланың көмек сұраған айқайы құлағына жетісімен дереу қайықты өзенге түсіріп, моторын орнатып бірден дауыс шыққан жерге тартты. Мұзды жарып жүре отырып балалар тұрған жерге жетіп, оларды судан шығарып алды. Бұл кезде жарты сағат мұздай суда тұрған Мейрам мен Ғапу қатты әлсіреп қалған екен. Енді сәл кешіккенде оларды құтқару мүмкін де болмайтын. Екі бала қайыққа салғаннан кейін де көпке дейін өздеріне келе алмады. Қозғала бергенде мотордың жағармайы бітті. Қымбат уақыттарды, адам өмірі қыл үстінде тұрған сәттерді зая жіберіп алмауға асыққан Мырзабектің өзенге түсерде оны қарауға мұрғасы да жоқ-ты. Еппен жүзіп жағаға жетті.
Осылайша ауыл тұрғыны Мырзабектің шұғыл қимылдауының арқасында ғана екі баланың өмірі сақталып қалды. Оның осы ерлігіне олардың ата-аналары да риза. Мейрамбектің анасы Әлия Қанатқалиева редакциямызға келіп, көзіне жас ала отырып болған оқиғаны әңгімелеп берді.
— Өзім қоғамдық ақылы қызметте жұмыстамын. Екі қызым, бір ұлым бар. Азаматым да жұмыс жасайды. Алдыңғы күні өңкей кішкентай балалар сол арадан мұздан өтіпті. Оқиға 12 желтоқсан күні Дәулеткерей аулының шығыс жағында, шамамен сағат 11.30-да болған. Маған хабар 12-де жетті. Өзім аздап ауырыңқырап жүргенмін, жалғыз ұлымды суға ойылып кетті дегенді естігенде сол жерде есімнен танып қалдым. Қасымдағы екі келіншекке рахмет, солар мені үйге әкеліпті. Есімді жиғанымнан кейін жолдасым Ғали Ескендіров болған жайды айтты. Сол күні үйде отырған ұлым әжесінің шығып кеткенін пайдаланып мұзға ойнауға барған. Қасына досы Ғапу ілескен. Мұз үстінде біреуі конькимен, екіншісі шанамен жүрген. Бірінші болып менің ұлым ойылған. Артынша Ғапу да шанасымен бірге батып кеткен. Балам оған қарай жүзіп жетіп: «Сен жүзе алмайсың ғой. Менің белімнен тас қылып ұстап ал, әйтпесе суға кетесің», — дейді. Ол айтқанын істейді. «Мама! Мұзға шығайын десем, ол ойыла берді. Мұздай суда жүзіп жүріп, айқайлап көмек шақырдым», — дейді Мейрамбек. Баламның дауысын естіп алғашқы болып Мұстажап деген кісінің немересі барған. Содан ол Рысқали Каримовке хабарлайды. Рысқали Мырзабек Хисамеденовке телефон соғады. Бұл кезде Мырзабектің өзі де ұлымның дауысын естіп, трактордың тіркемесіне тиеп қойған қайығын түсіріп, дереу моторын орнатып көмекке ұмтылады. Қайықпен мұзды жарып өтіп балаларға жетеді. Екеуін қайыққа салып алғанда жағармайы да біткен екен.
Екі баланы жағаға жеткізгенде Мейрамбек есін жиып өзі жүреді де, Ғапу аяғын баса алмаған соң Мырзабек арқалап алады. Жағада Бекболат Бурмашев, Базарбай Нұрмұхамбетов қолдарынан келгенше көмектеседі. Базарбай аға аяғы тоңбасын деп баламның су болған шұлығын шешіп, өзінікін кигізеді. Медбике Бота Надирова да дереу жетіп балаларға алғашқы көмегін көрсеткен. Қазір баламның жағдайы жаман емес. Түнде аздап қызулап шықты. Мырзабекке алғысым шексіз. Жасаған жақсылығы алдынан шықсын. Өмірі ұзақ, дені сау, отбасында көрер қызығы көп болсын! Егер ол көмектеспегенде жалғыз ұлымның жағдайы не болары бір құдайға ғана мәлім. Алла сақтады. Енді алға қарай садақа беріп жібермесем деп ойлап жүрмін. «Мама! Оған Мырзабек ағаны шақырыңыз! Ол мені құтқарып қалды. Енді мен мұзға бармаймын», — дейді балам. Әлі кішкентай ғой, ертең осы сөзін ұмытпаса жарар. Қатты қорқып кетіпті. Балама көмектескен кісінің бәріне шай беремін, — деді.
Мырзабектің балаларды құтқаруы бейбіт күнде жасалған ерліктің бір көрінісі. Осындай азаматтарымыз аман болсын!
Қанат ҒҰМАРОВ.
Атырау облысы.
Құрманғазы ауданы.
Ганюшкин ауылы.