Балалар тіс емханасының бүгінгі тынысы қалай?
Аtr.kz/1 маусым, 2020 жыл. Жазғы каникул – әрбір ата-ананың баласының саулығына баса назар аударар кез.
Әсіресе, бұл кезеңде балалардың тісін емдеп, суыртып, түзетіп, ақ маржандай келбетін сақтау үшін стоматолог-дәрігерлерді іздей бастаймыз. Ал, бүгінгі карантин жағдайында бұл қызмет қалай ұйымдастырылуда? Осы орайда, облыстық балалар тіс емханасының бүгінгі тынысымен таныстық.
Аталған денсаулық сақтау мекемесінің директоры Нұргүл Намазғалиеваның айтуынша, төтенше жағдай кезінде мұндағы бірінші және екінші қабаттағы қызметтердің жұмысы тоқтаған жоқ. Үшінші қабаттың қызметі қандай да бір жағдай орын алар болса, жедел іске қосу үшін алдын ала резервке қойылды.
– Түске дейін және кейін екі терапевт, бір хирургтан құралған бригадалар ауысыммен жұмыс жасады. Сондай- ақ, шұғыл көмек көрсету кабинетінің мамандары еңбек етті. Бұрын әрбір пациентке 20 минут уақыт бөлінетін болса, төтенше жағдай кезінде бұл қызметтің уақыты 30 минут болып белгіленді. Осы мерзімнің ішінде баланың емханаға қайта-қайта келіп ем қабылдамауы үшін барынша бір пациентке сол сәтте толық ем көрсетуге ұмтылдық. Мұның барлығы – коронавирус инфекциясының алдын алып, бала саулығын сақтау үшін атқарылған жұмыстар, — деді Нұргүл Сатанқызы.
Ортодонтиядан басқа қызметтің барлығы көрсетілді. Резервке алынған үшінші қабаттың қызметі іске қосылған жағдайда жұмысқа шығушылардың тізімі де алдын ала бекітілді. Бұл қызметті атқарушылардың қатарына әркімнің өз еркімен төтенше жағдай кезінде еңбекақысы сақталмай, уақытша жұмысы тоқтаған дәрігерлер, үйлерінде үш жасқа дейінгі баласы бар қызметкерлер жазылды.
Стоматологиялық қызмет көрсетуші емханалар үшін белгіленген санитарлық талаптың барлығы сақталуы тиіс. Бұл ретте емхананың басшысы денсаулық сақтау ұйымының тазалығына, коронавирус инфекциясын алдын алуға баса мән берілгенін айтты.
– Қажетті құрал-жабдықтар уақытында залалсыздандырылды. Сала мамандары бетперде мен қолғаппен, коронавирустан қорғайтын арнайы медициналық формамен, қорғаныс көзілдірігімен қамтамасыз етілді. Пациент пен оның қасына еріп келген ата-анасын ең алдымен есік алдында қызуын өлшеп қабылдаймыз. Қызуы жоғары болған жағдайда оларды оқшаулап, медициналық тексерістен өткіземіз. Егер жедел респираторлық вирустық инфекциясы болса, міндетті түрде жедел жәрдем шақырамыз. Ал, қызу тіс ауруының салдарынан пайда болған болса, оны өзімізге қабылдап, қажетті ем жүргізіледі. Пациентті қабылдар сәтте ең алдымен оның коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен байланыста болғанын анықтау үшін анкета да толтырылады, — деді Нұргүл Намазғалиева.
Бұл талаптардың сақталуына қазіргі карантин кезінде де баса ден қойылуда. Пациент стоматологиялық кабинетке бахила киіп кіруі тиіс. Өзінде бетперде болмаса, оған міндетті түрде медициналық бетперде беріледі. Сондай- ақ, қолдарын антисептикпен жуады. Әрбір пациентті қабылдар алдында бөлме ішінде бактерицидтік шамдар қолданылуда.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
САН ДЕРЕК
Төтенше жағдай кезінде стоматологке жүгінген бала саны – 4 628
Оның ішінде ауданнан келгендер – 211
Сала мамандары тарапынан көрсетілген қызмет саны – 12 169
Карантин кезінде жедел көмек қана көрсетілгендіктен, негізгі қызметтер бұрынғымен салыстырғанда 2,5 есеге қысқартылды.