«БАЛАЛАР ҮЙІНЕН» – АЯЛЫ АЛАҚАНҒА!..
Жетім балаларды асырап алушы және тәрбиелеуші азаматтар үшін қолайлы құқықтық ортаны қалыптастыру, патронаттық тәрбие, отбасындағы қорғаншылық және қамқоршылық практикасын кеңейту бағытындағы жұмыстарды жақсарту бағытында баяндаған облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова бұл салада нәтижелі шаралар қолға алынғанын атап өтті.
— Бүгінде өңірімізде 655 жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала болса, оның ішінде 498-і – қорғаншылық пен қамқоршылықта, 21-і – патронаттық тәрбиеде, 115-і – балаларға арналған мекемелерде. Облыста осындай балаларды тәрбиелейтін екі мекеме бар. Дегенмен, салыстырмалы түрде алып қарасақ, соңғы жылдары балалар үйіне қабылданғандар саны азайып отыр, — деді Злиха Қадырбайқызы.
С.Қазыбаев атындағы балалар үйінде 2011 жылдан бері «қабылдаушы ата-аналар мектебі» жұмыс жасап келеді, өткен жылдың қорытындысымен 20 үміткер ата-ана аталған мектептен кеңестер алып, 12 баланы қорғаншылыққа, патронатқа, асырап алған.
Сондай-ақ, төрт жылдан бері әр баланы күтіп-баққаны үшін қорғаншы және қамқоршыларға ай сайын 10 орташа есептілік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы қарастырылған.
Әрине, бір кездері бала асырап алу қиын әрі күрделі процесс болғанмен, жыл сайын талап жеңілдетіліп келеді екен. Алайда, ата-аналар осындай қадамға барып, «балалар үйінен» бүлдіршін алғанмен, оның жаңа ортаға бейімделуі де оңай емес екен. Себебі, интернаттық жүйеге үйреніп қалған бала бірден отбасылық өмірге үйренісіп кете алмайтын көрінеді. С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің директоры Сәния Мусиева кейбір ата-аналардың балаларды кері қайтару фактілері орын алғанын да жасырмады.
Айбөпе САБЫРОВА.