
Балалар ауылы — басты бақылауда
Атырау қаласы Талғайраң елді-мекенінде орналасқан облыстық отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылы аймақ басшылығының жіті назарында. Су тасқынына байланысты мұнда тәулік бойы кезекшілік қолға алынды, — деп хабарлайды төтенше жағдай жөніндегі жедел штаб.

-Шұғыл жағдай орын алса, тәрбиеленушілерді эвакуациялауға дайынбыз. Қазір дабыл сөмкелері дайындалып, эвакуациялау орны белгіленді. Балалар ауылының сыртына 4 метр биіктікте бөгет соғылды. Су деңгейінің көтерілуі тұрақталғанша, тәулік бойына жұмыс істейтін арнайы кезекшілік құрылды. Шұғыл жағдайда балаларды таситын екі көлігіміз бар, — деді облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы директорының міндетін атқарушы Қасым Мұқашев.

Айта кету керек, мұнда 8 отбасыда 44 бала тәрбиеленіп жатыр. Тәрбиешілер тәулігіне 24 сағат балалар ауылында. Мектеп жасындағы оқушылар Бесікті, Талғайраң, Геолог ауылдарындағы мектептен білім алуда. Балалар ауылында арнайы мамандармен қоса алғанда, барлығы 49 қызметкер бар.
