Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30% көбейеді
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепке дейінгі оқу мен тәрбие саласындағы тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін көтеру шараларын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өз сөзінде министр елдегі 3,7 млн баланың сапалы білімі мен саналы тәрбиесін және өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін еске салды.
«Біріншіден, мектепке дейінгі оқу мен тәрбие саласында тәрбиешінің әлеуметтік мәртебесін арттыру, біліктілік пен кәсіби дамудың жаңа формаларын енгізу арқылы кадрлық әлеуетті күшейту; жалақыны орта есеппен 30%-ға арттыру; мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті ортада білім алуға мүмкіндік беру мақсатында «Педагог көмекшісі» штатын енгізу бағытындағы жұмысты жалғастырамыз», — деді Ғани Бейсембаев елордада өткен министрліктің алқа отырысында.
Сонымен бірге, министрдің айтуынша, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшада тегін тамақпен қамту қолға алынады.
Айта кетейік, елордада КАЗГЮУ университетінде Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары және 2023 жылға жоспарланған міндеттер бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтуде.
Алқа отырысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, министрлік өкілдері, педагогтер қатысып отыр.