Жарнама
Жаңалықтар

Бала құқығын кім қорғайды?

Әдеттегідей өтіп жатқан қауырт күндердің бірі. Жұмыс аяқталған соң, үйге қайтпақ болып аялдамаға қарай аяңдадық. Тұсауын жаңа кескен баладай тәй-тәй басып, зарықтырған «екінші» автобус та сабырлығымыз үшін берілген сыйдай келе қалды. Бірақ, кондуктор келіншек жүгіріп келе жатқан мектеп оқушысын көргенде, әлгі көлікке «қанат» бітіп шыға келмесі бар ма?!

Кезекші бағанасы

Бұған куә болған жолаушылар «бала үлгере алмай қалды-ау» деп демін ішіне тартты. Ал, кондуктор болса, дән риза. Әйтсе де, қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені, оның «қорқынышты» түсіне айналған тағы бірер оқушы келесі аялдамадан күтіп тұрған еді. Алмасқа амал жоқ, кондуктор көнді. Алайда, әлгілерді қыспаққа алып, тергей бастады: «Сабақтың уақыты әлдеқашан аяқталды. Күнделік қайда, оқушы екендеріңді иіскеп білемін бе? Әй, сендерге айтамын, тілдеріңді жұтып қойдыңдар ма, әлде меңіреусіңдер ме?»

Кондуктордың ызбары ықтырып барады. Балаларда үн жоқ. Мүмкін, «үлкенге қарсы сөйлеуге болмайды» деген тәрбиелі сөздерді саналарына сіңіріп өскен болуы керек. Арамыздан араша болып, кішіге қамқорлық танытар ересек адам табылмады. Қарап тұра алмадық, араласуға тура келді.

– Тендердің талабы бойынша жолақыдан босатылған оқушылардың жеке басына қатысты сұрақтар қоюға, әрі дауыс көтеріп ұрсуға, намысқа тиетін сөздерді айтуға құқығыңыз жоқ. Олардың қасында ата-анасы болмағандықтан, «батылдық» танытып тұрсыз ба? Газет тілшісі ретінде бұл мәселені қоғам алдында көтереміз, – дедік.

Бірақ, кондуктордан «Сізден ешкім ештеңе сұрап жатқан жоқ. Мен оқушылармен сөйлесіп отырмын. Таң атқаннан күн бат-қанға дейін соларды тасымалдап, ерігіп жүрмін бе? Тіпті, газет тұрмақ, әкімге барыңыз, маған бәрібір» деген жауап алдым. Өкінішке қарай, автобустың нөмірін жазып алмаппыз. Әйтсе де, мұндай көріністі күнде көруге болады.

Басқа күні осыған ұқсас тағы бір оқиға қайталанды. № 51 маршрутқа мектеп формасын кимеген жасөспірім мініп, 40 теңге төледі. Сонда кондуктор: «Мұны не бетіңмен беріп тұрсың? Бүгін жексенбі, сабақтан тыс уақытта толық 80 теңгені төлеуге тиіссің. Осы жасқа келгенде соны білмей-тіндей миың су болып ағып кетті ме?» Осы мазмұнда тағы бірталай дөрекі сөздер айтылып жатты. Бұл жолы да әңгімеге араласуыма тура келді.

– Балаңыздай бала ғой, бір жолға кешіруге болмай ма? Басқасы болса, сол 40 теңгені де бермес еді ғой. Оқушыларға деген бар ыза-кегіңізді бармақтай баладан алып отырғаныңыз қалай?-дедім сабырға шақырып.

Ол болса: «Біз – жеке қызмет көрсету-шілерміз, көлік өзімдікі. Оқушылар мен зейнеткерлерді тасып жүруге міндетті емеспін» деді міз бақпастан.  Рас, балалар сабақтан тыс уақытта жолақыны толық төлеуі тиіс. Бірақ, кондуктордың жекеменшікті сылтау етіп, қоғамдық көлікке өзіндік тәртіп орнатуы – қате. Тендерге түсіп, жолаушы тасымалымен шұғылданған соң, ортақ ережеге бағынуы керек.

Міне, сырты тәтті, іші қатты қала өмірі осындай.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button