Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Бала сүйегін дамытады: құрттың 40 пайдасы туралы не білеміз?

Мамандардың мәлімдеуінше, стоматология кабинеттеріне келетін үш баланың екеуін тісжегі мазалайды.


Даланың дайын дәрумені


Кейбір үш-төрт жастағы балалардың тістері шыға сала қарайып, кальций жетіспеушіліктің салдары анық байқалып тұрады. Баласы үшін жанын беретін ата-ана бүгінде сапасынан саны көп желілік маркетингтердің түрлі дәруменін құндылығына көз жеткізбестен, құнына қарамай алып береді.

Ал, оның да өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Біреуіне пайдасы тисе, біреуіне кері әсер етеді Бұл желілердің түрлі тауарлары ауылдарға да жетіп үлгерген. Аз ғана табысына бағасы аспандаған дәруменді сатып алуға олар да әуес. Ал, нағыз кальцийдің қайнар көзі ауылда емес пе? Сүт ішіп, сүзбе жеген, нанды қаймаққа батырып, қарны ашса құрт жеген ауыл баласы кальцийден кенде болушы ма еді? Жаңа заманның жарнамасы жарып тұр ма, әлде құрттың пайдасына жете мән бермей жүрміз бе? Құрт қалай жасалады?

Құрт – ата-бабамыздан бізге мұра болып қалған ұлттық тағамның бірі. Құрттың жасалу жолы туралы қызылқоғалық зейнеткер ана Гүлшат Меңдіғалиева былай дейді: «Қаймағынан ажыратылған сүтке (тартылмаған сүттің құрты майлы болады – авт.) малдың ұлтабары немесе айран құйып, жылы жерге қоямыз. Бірнеше сағаттан кейін сүт ұйып, ұйыған айранды қос қабатталған дәке дорбада шамамен бір тәулік сүземіз. Одан бөлінген сұйықтықты бізде, яғни Қызылқоғада көк су дейді. Көк суды кейбір адамдар ішек-құрылысын тазалау үшін емдік мақсатта да пайдаланып жатады.

Сол көк суынан толық ажыраған сүзбеге тұз қосып, құрт жасаймыз. Құрт жасаудың да түрлі жолы, формасы бар. Ертеде әжелеріміз екі қолымен саусақтың ізі қалатындай сықпа құрт жасаса, кейінгі кездері алақанда домалатып доп-домалақ немесе ромб тәріздес етіп дайындайды. Құртты өреге жайып, әбден кепкеннен кейін қайтадан салқын сумен жуып, тазартып, тағы бір жеңіл кептіріп аламыз. Міне, осылай дәмі тіл үйіретін, домаланған аппақ құрттар дайын болады. Құрт – жасау ұзақ әрі жауапты процесс. Сүтті дер кезінде ұйытып, тұз мөлшерін ретімен салып, оны баппен жасау да шеберлікті қажет етеді. Ал, қоңыр түсті қайнаған құртты жасаудың өз жөні бар» дейді ол.


Ертеде құрттан жаз кезінде шөлге ішетін шалап жасаған. Езіп, көжеге, сорпаға, тұздыққа да қосқан. Тіпті бірнеше уақыт сақтап, алыс жолға да құртсыз шықпаған. Ал, қазір өнімнің көзі азайып кетті ме, сауда орындарында түйірлеп сатылуда.


Ұлттық тағам жеген бала қайратты болады


Медицина бойынша құрттың балалардың тісіне, жалпы саулығына қандай пайдасы бар? Осы сұрақ бойынша Атырау облысы балалар стоматологиялық емханасының директоры Нұргүл Намазғалиевамен хабарластық.

– Егер бала жастайынан құрт жеп өссе оның тісі өткір, қатты, ауырмайтыны жөнінде ғылыми деректер бар. Құрт, ірімшік жеп, қымыз, айран, сүт ішкен баланың денсаулығы мықты болады. Құртты адам алыс сапарға шыққанда пайдаланса, қарны ашпайды, шөлдемейді, ал, ұшақпен ұшқанда құрттың құлақтың бітпеуіне және жүректің айнымауына көп ықпалы бар. Құрт химиялық құрамы мен калориясы жағынан сүзбеден де пайдалы. Сүзбеде ақуыз мөлшері 14,5-18,6% болса, қазақ құрты ақуызға өте бай – 52,6%. Ал, 100 грамм сүзбе 87-227 кКал-ға дейін қуат берсе, құрттан 370,1 кКал қуат алуға болады. Сонымен қатар, құртта А, В, С, РР, Е дәрумендері, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, натрий, алюминий, фосфор микроэлементтері жетерлік.


Әсіресе, құрамында кальцийі мол. Ал, сүйекке кальций балалық шақта өте көп мөлшерде керек. Ол жетіспесе тісжегіге, боркемікке ұшырайды және сүйегі әлсіз, кеуекті және сынғыш болады. Сондықтан да жас баланың тісі ғана емес, бүкіл сүйектерінің дамуына құрттың пайдасы мол, — дейді кәсіби маман.

Шыны керек, бүгінгі қала баласына құрттан гөрі түрлі әдемі қаптамадағы қытырлақ алған оңай болып тұр. Дүкен сөресінде тұрған санаулы құрттың өзі жергілікті емес. Көбі көрші қырғыз ағайынның өнімі. Бәрінің бірдей сапасы жақсы деп те айта алмаймыз. Ал, өзіміздің өндіріс қашан құрт дайындап, қолжетімді бағамен сатады? Құрт жемейтін қазақ баласы жоқ. Тек қолы жетпей жүргені қынжылтады.


Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button