«БАЛА ЕҢБЕГІН ҚАНАУҒА ҚАРСЫ 12 КҮН»
Мәслихатта облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова сөз алып, аталған акцияның мәні мен маңызына тоқталды. Осы маусым айы бойына жалғасатын «Қазақстан балалары – нұрлы жолмен!» атты акция аясында облысымызда «Айгөлек» фестивалі, мектепке дейінгі, бастауыш сынып оқушыларын қамтитын басқа да мәдени-көпшілік шаралар қолға алынуда. Бұған қоса, орта мектептер жанынан ашылған жазғы лагерьлер өз жұмысын бастауға дайын.
Бұдан кейінгі әңгіме жасы кәмелетке толмаған балалардың құқын қорғауға ойысты. Әсіресе, жазғы каникул кезінде олардың жасына сәйкес келмейтін түнгі немесе денсаулығына зиян келтіретін ауыр жұмыс жасамау жайы сөз болды.
Осы мәселеге қатысты облыстық ішкі істер департаментінің бөлім бастығы, полиция полковнигі Ерлан Рысқалиев те өз ойын ортаға салды. Ол жасы он сегізге толмаған жасөспірімдер тек ата-аналарының келісімімен ғана жұмыс жасай алады, онда да ол спирттік ішімдіктермен, темекімен, жанар-жағармаймен, химиялық ерітінділермен, электр көзімен, пластмасса құюмен, көлік жөндеумен, монша, сауна, түнгі клубтардан өзге, ыстық пеш пен қазандықтан тысқары, кәріз жүйелерін тазалаудан басқа жұмыстар болуы керектігін айтты.
Мәслихатта ата-аналар үшін сенім телефондары хабарланды. Олар: 27-17-85 (облыстық білім беру басқармасы), 98-21-31 (облыстық ішкі істер басқармасы), 102.
Лиза СЕЙТІМОВА.