Балқаш көліндегі зерттеу кемесі атыраулық ғалымның атымен аталады

ANU 8815 Жаңалықтар

Биыл көрнекті ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «Экология» академиясының академигі, География институтының бас ғылыми қызметкері Нариман Әмірғалиевтің туғанына 80, ғылыми және қоғамдық қызметіне 58 жыл толады.

ANU_8815

Нариман Әмірғалиұлы 1937 жылы Гурьев (Атырау) облысы Теңіз (Құрманғазы) ауданына қарасты Ботақан ауыл советінің Иманов атындағы колхозында балықшы жанұясында дүниеге келген. 1954 ж. орта мектепті, 1959 ж. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану және география факультетін бітіріп, жолдамамен Атырау қаласында ашылған (1959 ж.) Республикалық ғылым академиясына қарасты Ихтиология және балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға лаборанты болып қабылданды. Осында үзіліссіз әр сатыда 2012 жылдың наурыз айына дейін жұмыс жасады. 1964-2012 жылдары зертхана меңгерушісі, 1990-1993 жылдары институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болды. 2012 ж. География институтына жұмысқа ауысты.

1967 ж. КСРО Ғылым академиясының Гидрохимия институтында кандидаттық, 1997 ж. мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады. 1999 ж. «География» мамандығы бойынша «профессор» ғылыми атағы берілді, 2002 ж. Халықаралық «Экология» академиясының академигі болып сайланды.

Ол көп жылдар Кеңес одағы Мемлекеттік ғылым және техника комитетінің тапсырмалары бойынша ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асырды. Одақтық ғылыми-зерттеу және жобалау институттарымен бірлесіп, солтүстік өзендер суын Қазақстан және Орта Азияға бағыттаудың күрделі жобасын ғылыми тұрғыда негіздеуге, Ертіс-Қарағанды канал суының сапасын ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатынасты.

Оның басшылығымен экологиялық және халық шаруашылығына маңызды бағдарламалар Балқаш-Алакөл, Арал-Сырдария, Жайық-Каспий, Жайсан-Ертіс және басқа да ірі су алаптары бойыншада жүргізілді. Сөйтіп, республика су шаруашылығы ғылымында экологиялық-токсикология бағыты дамыды

1995-2005 жж. Каспий теңізінің, Жайық және Қиғаш өзендерінің экологиясын және биоресурстарын жан-жақты зерттеуде, сегіз халықаралық және отандық бағдарламаларды орындауда профессордың еңбегі зор. Зерттеулер нәтижесінде теңіз биоресурстарын, олардың әртүрлілігін сақтау және теңіз экологиясын жақсарту шараларына бағытталған ғылыми ұсыныстар берілді.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның ірі су хауыздарының экологиялық және балық шаруашылық проблемаларына арналған монографияның да авторы. «Сырдария арнасын және Терістік Арал теңізін қайта құру» жобасының зерттеме құжаттарын жасауға елеулі еңбек сіңірді.

Нариман Әмірғалиұлы КСРО-ның «Қажырлы еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Отан алдындағы қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған. 2011 ж. оған «А.И.Бараев атындағы премияның лауреаты» атағы берілді. Ал, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Балқаш көліндегі зерттеу кемесіне 2006 ж. «Профессор Н. Әмірғалиев» аты берілді.

Айгүл ЕРМЕКОВА,

Атырау мұнай және газ университетінің оқытушысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз