Бағдар тұтар темірқазығымыз
Atr.kz/11 тамыз, 2020 жыл. Қандай жағдай болмасын әлем, соның ішінде қазақ елі, қазақ жұрты Абайды жұмыр жерде тірлік барда ешқашан ұмыта алмайды. Бүкіл дүние жүзін коронавирус пандемиясы жайлап, қиындықты бастан кешіп жатқан кезеңнің өзінде Абай әр жүректің төрінде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай – рухани реформатор» атты мақаласы соның тағы бір айғағы болып табылады. Ұлы хакім «Пайда ойлама, арды ойла, талап қыл артық білуге» деп тағылымды өсиет беріп кеткен данышпан. Шын мәнінде, пайдадан бұрын арды ойлағанға, еліңнің бүгіні мен ертеңі үшін алаңдауға, соған орай қызмет еткенге не жетсін! Абай ұстанған осы бағдар біздің темірқазығымыз.
Дана да дара Абайдың әр өлеңі, әр ғақлиясы солай. Бәрінде де жатқан ғұламалық пайым. Неден үлгі алып, неден сақтану керек, соның бәрін тайға таңба басқандай айтып кеткен ғой. «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінде: «Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба…» деп алып, әрі қарай бес нәрседан қашық, бес нәрсеге асық болуға үндейді. «Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой
Бес асыл көнсеңіз» деп тізбелеп береді. Мұнысы әсте, бұдан бір ғасыр жарымнан астам бұрын айтылған өсиет деуге келмейді. Дәл қазір айтылғандай, бүгіннің сөзі. Иә, ХХІ ғасыр адамдарының бойларында да өсекке ерушілік, өтірікке үйірсектік, мақтаншақтық, еріншектік, бәсеке, байлық қуып, малын, қаражатын босқа шашушылық жоқ емес. Ал, Абай санамалап берген жақсылық жақтар да шүкір, баршылық. Демек, Абай болжампаз, Абай көреген. Сынды да, мінді де айтудайақ айтып кеткен. Ол жазғанын, айтқанын мәңгілікке лайықтаған. Бүгін де, ертең де, келесі ғасырларда да міні құрамай, баршаға бағыт беруден танбайтын дүниелер тудырған ғұлама. Мемлекет басшысы айтқандай, Абай, сөз жоқ, рухани реформатор. Оған дау болмаса керек. Атадан алтау, анадан төртеу болып, жалғыздық көрмей, бірақ, іші өліп, сырты сау жүргеннің өзінде келешектің сөзін айтып, жырын жырлап кеткен теңдессіз тұлға. Оның ғаклияларының өздері керемет өсиеттер. Бір ғажабы, оның ашылмаған құпиялары, сырлары көп екен. Абайдың өзінің «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» атты өлеңінде: «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап…» деуінде үлкен мән бар. Жағымпаздық, мансапқорлық жайында ептеп ескертіп, еңбек пен ақылды әр адамның өздеріне серік етуін меңзеп тұр емес пе? Бұл бүгінгі жастар үшін де, болашақтағылар үшін де керек. Соны ұмытпағанымыз жөн. Осы заманның әрбір адамының есте ұстары ол Абай шығармаларынан тәлімтәрбие алу болуға тиіс. Ол үшін барша қазақтың төрінде Абай кітабы, оның ілімін әлемге танытқан заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы тұрса қандай жақсы?! Абай – біздің бағдар тұтар темірқазығымыз!
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі