Бақыттың берік мекені

Мерейли отбасы Жаңалықтар

Отбасы күні Атырауда кең көлемде аталып өтті

Елбасының Жарлығымен осыдан үш жыл бұрын қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып белгіленген еді. Содан бері тұрақты түрде әр жылы күздің алғашқы күндері берекелі әулеттің мерекесі ретінде тойланып келеді.

Биылғы жылы Атырау қаласында да атаулы күнге орай салтанатты шара ұйымдастырылды.

%d0%bc%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%b9%d0%bb%d0%b8-%d0%be%d1%82%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b

«Бақыт кілті» атты театрландырылған қойылымнан бастау алған кеш ұядай ошағын берік ұстап, көпке үлгі болып жүрген жанұяларды марапаттау рәсіміне ұласты. Тамыры тереңге жайылып, мәуелі бәйтеректей өсіп-өркендеген ұлағатты әулеттерге де құрмет көрсетілді.

Отбасыларды мерейлі мерекесімен құттықтаған қала әкімі Серік Шәпкенов мемлекет тарапынан әр жанұяға көрсетіліп отырған қолдауларға тоқталды.

– Әр жанұяға жасалып отырған ерекше қамқорлық пен жүйелі көмек әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін күн өткен сайын нығайта түсуде. Отбасы күні аталып өтуінің өзі үлкен өнегені, ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді. Шараға шақырылған әулеттен бөлек, қаншама бақытты шаңырақ бар?! Отбасы – адам бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастыруда рухани-адамгершіліктің бастауы. Сіздер, әрқайсыларыңыз, өз жанұяңызды берік сақтау, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер, – деді шаһар басшысы.

Шарада марапатталған ұлағатты жанұялардың қатарында Қасанов, Бакаров, Тұрғалиев, Сисекешов, Төлеуов, Қапенов, Райсов, Шығанақов, Қуанәлиев, Хамзаев, Несіпбаев, Оразбаев отбасылары бар.

Нұргүл Ысмағұлова

ұсыныс. пікір. тілек.

Наурызбай ТӨЛЕУОВ,

ардагерұстаз:

 

Жанұядағы тәрбиеге ештеңе жетпейді

– Жанұядағы тәрбиені ештеңемен теңгеруге болмайды. Қырық жылдан астам ұстаздық қызмет атқардым. Шәкірттеріммен қоса, балаларымның да тәрбиесіне көп көңіл бөлдім. «Жақсы мұғалім болуы үшін, ең алдымен, балаларды жақсы көру керек» дейді ұлылар. Өмірден түйгендерімізді балаларымызға, шәкірттерге айтудан жалыққан емеспіз.Соның арқасында қазірде ұрпағымның бәрі аяқтанып, үбірлі-шүбірлі болып жатыр. Бірі дәрігер болса, екіншісі мұнай саласының маманы, мұғалімдікті бітіргендері де бар. Жұбайым Бәтима Ильясова ұстаздық қызметті абыройлы атқарды.

Елбасының Жарлығымен Отбасы күнінің тойлануы бұл жалпыұлттық тәрбиеге, отбасылық құндылыққа деген оң көзқарас, жақсы бетбұрыс деп қарауға болады. Өйткені, елімізде мерейі тасып, ұрпақ шаттығына бөленіп отырған қаншама жанұя бар?! Олардың өнегесі әрбір жасқа үлгі болары анық.

 

Шынаргүл ҚҰСАНОВА,

Тұрғалиевтер отбасының

отанасы:

 

Бала – өмірдің гүлі

– Бүгінде жеті баланың анасымын. Жұбайым – Нұрлан Кәрімұлы қаладағы №9 орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Өзім Атырау аграрлы-техникалық колледжде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Елбасының Жарлығымен «Алтын алқаға» ие болдым. Отыз жеті жастағы кейбір аналардан осындай құрметті атағым арқылы ерекшеленемін. Балаларымның алды студент. Кішілерім – үшемдер: Мержан, Сержан және Нұрайна балабақшада. Көпшілік адамдар «Ұстаздық пен бала тәрбиесін алып жүру қиын емес пе?» – деп сұрайды. Мен айтар едім: «Өзің жақсы көріп тұрған нәрседен бас тарта алмайсың. Сол себепті, көзімнің қарашығындай балаларымды тәрбиелеуден еш жалыққан емеспін. Керісінше, бала – өмірдің гүлі, біздің ертеңіміз. Оқу орнындағы шәкірттеріме де әркез отбасы берекесі, ынтымақтастығы жайында көбірек әңгімелеймін.

Берік жанұя – отағасы мен отанасының түсіністігі, сыйластығы, құрметтеуі арқылы қалыптасады. Қазіргі кезде бүгін үйленіп, ертең отбасы болып кете алмай, ажырасып жатқан жастарды көріп қиналамын.

Басаролла ХАРАСОВ,

денсаулық сақтау саласының

ардагері:

 

Бір отбасында алты дәрігерміз

– Президентіміз келешекті болжаған болуы керек, қыркүйек айының екінші жексенбісін Отбасы күні деп белгіледі. Бұл мерекенің мәні өте зор. Расында, отбасындағы өнеге мен тәрбие, қоғамның беталысына әсерін тигізеді. Ата-ананың да балаларына тастап кететін басты байлығы жақсы тәрбие ғой. Өзім төрт баланы тәрбиелеп, өсірдім. Оның екеуі жолымызды қуған ақ халатты маман иесі атанды. Қазір жанұямызда алты дәрігер, бір медбике бар. Биыл үлкен немерем С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін бітіріп келді.

Қоғамға тәрбие қандай керек болса, салауатты, дені сау ұрпақ та сондай қажет. Сол себепті, ұрпақтарымның дәрігерлік мамандықты таңдағанына қатты қуанамын. Әсіресе, бір отбасынан бірнеше дәрігерді дайындап шығару – мен үшін үлкен жауапкершілік. Жұбайым екеуміз дәрігерліктің қиындығын жақсы білеміз. Көпшілігі өзі қиынсынған жұмысты баласына беруге тырыспайды. Біз керісінше, ұрпағымызға табыстауды жөн көрдік. Себебі, нағыз дәрігер – жүрегі таза, ізгілік қасиеті мол адал жан. Ұрпағының осындай адал жолда жүргенін кім қаламайды?! Ниетімізге орай, балаларымыз да өзімізге ұқсап, мамандықтарын жан қалауымен таңдады. Біздің дәрігерлер отбасы өткен жылғы «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жүлдегері атанды.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз