Жарнама
Жаңалықтар

БАҒДАРЛАМА ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛУДА?

Аталмыш бағдарламаның инфражүйе мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыс орындарын көбейтуді көздеген бірінші бағыты 2012 жылдан бастап қолға алынғаны белгілі. Осы уақыт ішінде 2,7 млрд.теңге бөлініп, 1303 адам жұмысқа орналастырылған.
Өткен жылдың тағы бір жетістігі – әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу бойынша 37 млн.теңгеден астам сомаға тоғыз жоба жүзеге асып, бөлінген қаражат толықтай игерілген. Барлығы 188 жұмыс орнын ашу жоспарланып, іс жүзінде 193 қызмет орны құрылды.
Биылғы жобаланып отырған 73 жобаға 2 млрд. 394 млн. теңге қарастырылған. Қазіргі таңда қаражаттың 69 пайызы игеріліп отыр, жыл соңына дейін толықтай жұмсалмақ.
Жұмыссыздықты азайтуды көздейтін екінші бағыт бойынша жеке ісін бастаған іскер адамдарды кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретуге 3 261,0 млн.теңге бөлінген. Облыс басшысы өз сөзінде соңғы жылдары халықтың арасында бизнеспен айналысуға деген құлшыныстың артып отырғанына тоқталып өтті. Егер 2011 жылы 89 адам несие рәсімдесе, биыл олардың саны сегіз жүзден асып жығылған. 2013 жылы несиелеу сомасы 2 млрд. 165 млн, теңге құрапты, бұл 2011 жылмен салыстырғанда он есеге артық!
Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің баяндамасын «түсінікті де нақты» деп бағалаған Серік Нығметұлы басқа облыстардың есебін де осы тұрғыда жасау жөнінде ұсыныс білдірді. Үкімет басшысының айтуынша, «Жұмыспен қамту» бағдарламасының орындалу барысын тыңдау кезінде туындайтын сұрақтың бірі — азаматтарды оқытуға байланысты туындап отыр. Арнайы оқып, белгілі бір кәсіпті игергеннен кейін де жұмыссыздар қатарын толықтырып отырғандар бар. Демек, бұл мәселеге жіті көңіл бөлу керек. Егер ешқандай нәтижесі болмаса, оқытудың тиімділігі неде?
Сондай-ақ, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету кезінде зейнетақы салымдарының уақтылы аударылуын қадағалау керек.
Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда облыстарындағы «Жұмыспен қамту» бағдарламасының атқарылу есебі кезінде әрбір аймақтың ерекшелігіне байланысты жайлар да назардан тыс қалмады. Мәселен, Қарағанды облысы – урбанизация, яғни, ауылдан қалаға көшу деңгейі жоғары өңірдің бірінен саналады. Онда жергілікті халықтың 80 пайызын қала тұрғындары құрайды. Керісінше, Сыр бойы халқының 63 пайызы ауылдық жерде тұрады екен. Сол себепті, Серік Ахметов қала халқын асырап қана қоймай, экспортқа да өнім шығарып отырған ауылдықтарды, ал қалалық жерлерде ауылдан көшіп келгендерді жұмыспен қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып өтті.
Үкімет отырысында, сонымен қатар, облыс әкімдері аймақтағы шешімін күтіп тұрған мәселелерді де ортаға салды. Отырыста бағдарламаның маңызын жоғары бағалаған аймақтардың басшылары оны жүзеге асыру бойынша жұмыстардың одан әрі тиімді жалғаса беретініне сендірді.

Құралай ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button