БАҒА ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Облыс басшысының айтуынша, Қытай экономикасы да құлдырауды бастан өткеріп жатыр. АҚШ-та, Еуропалық, Азиялық мемлекеттерде де осындай ахуал қалыптасқан. Ғаламдық экономикалық тербелістерден Қазақстан да бөліне алмайды. Мұндай ахуал кәсіпкерлерге де оңай тимейді. «Бірақ, кәсіпкерлер халықаралық бәсекелестікке төтеп беруі керек» деп атап өтті облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Рас, ендігі жерде валюта бағамы нарықтық жағдайға байланысты анықталатын болады. Дейтұрғанмен, Қазақстанның тиімді экономикалық саясат ұстанып отырғанын атап өтуіміз керек. Бұл мәселеде Атырау да агросекторға айрықша басымдық беру арқылы, ұтымды саясат ұстанды. «Соңғы үш жылда агросекторға 22 миллиард теңге жұмсадық. Бүгінде облысымыз белгілі бір деңгейде өзін агроөнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Көкөніс өнімдерін сақтайтын екі қойма бар. Жұмыртқа, ешкі сүті, шұбат, қымыз өнімдері өндірілуде. Іске қосылған жобалардың барлығы табысты жұмыс істеуде. Сондықтан, облысымызда ауыл шаруашылығы өнімдері негізсіз қымбаттамайтын болады» деген облыс әкімі бағаны жөнсіз өсіруге қатаң тыйым салды.
Облыс әкімінің атап өткеніндей, Атырау негізгі екі бағытты басшылыққа алатын болады. Жұмыс орнын сақтау және жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл орайда, облыс әкімі бірінші тамыздағы жағдай бойынша, жұмыссыз қалған 330 адамның бүгінде 129-ның жұмысқа орналастырылғанын мәлімдеді.
Тағы бір жаңалық, қыркүйек айында Атырауға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті сапармен келеді деп күтілуде. Облыс басшысы, маңызды оқиға кезінде Атырауда оптикалық зауыттың іске қосылатынын айтты. Және де ол Атырауда жүн-тері өңдеу кәсіпорнының, фармацевтикалық зауыт жобасының жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті. Жаһандық дағдарысқа қарамастан Елбасының тапсырмалары бойынша атқарылып жатқан бұл істер облыста экономикалық мүмкіндіктердің молдығын, ендігі мәселе, барды ұқсатып пайдалануда екендігін көрсетеді.
Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев та жағдайдың тұрақты болатынына сендірді. «Кәсіп иелері әлеуметтік жауапкершілікті сезінеді. Әзірге ет бағасында 50 теңгеге өзгеріс бар. Жағдай барынша бақылауда болады» деп атап өтті ол.
Қалай десек те, Қазақстан ғаламдық экономиканың бір бөлшегі. Әлемде қалыптасқан геосаяси, геоэкономикалық ахуалдың әсері біздің елімізді де айналып өте алмайды. Бірақ, Қазақстан өнім өндіру, кәсіпкерлікті кеңейту, экономиканы әртараптандыру қадамдары арқылы тиімді саясат ұстанып отыр. «Әзірге елімізде, соның ішінде Атырау өңірінде де жағдай тұрақты. Ендігі жерде халықтың қиындықтарды сезінбеуіне бар жағдай жасалатын болады. Өйткені, атыраулықтардың барлығы бірдей мұнайшы емес. Зейнеткерлер, аз қамтылған отбасылар бар. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің барлығы Атырауда бастапқы бағадан төмен деңгейде сатылып жатыр» деп жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бизнес иелерін өзара түсіністікте жұмыс істеуге шақырды. Ал, бағаның негізсіз шарықтамауын тиісті органдар, басқармалар жіті бақылауда ұстайтын болады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.