Бәсекеге қабілетті ұлт бәрінен озады
Абат КЕНЖЕҒАЛИ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, еңбек ардагері:
Жалпы, ұлттық сана, ұлттық біркелкілік, қоғамның рухани жағдайы жөніндегі мәселелер – көптен бері халықты толғандырып келе жатқан дүниелер. Бұл, әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде күрт көтерілген болатын-ды.
Қай жылы екені есімде жоқ, Қазақстандағы ұлттық біркелкілік туралы тұжырымдаманың жобасы жасалып, баспасөз бетіне шыққан. Әртүрлі ұсыныстар да болған еді. Бірақ, ол кез өте қиын кезең болды. Елдің экономикалық жағдайы тұралаған, өндірістер тараған, колхоз-совхоздар жойылып, жұмыссыздық көбейген, ауыл қалаға үдере көшкен уақыт еді. Сол себептен халықты тойындыру, жұмыс тауып беру, жалпы, әлеуметтік жағдайына көбірек көңіл бөлу бірінші орынға шықты. Осыған орай, алдымен экономика деген мәселе көтерілді. Бұл дұрыс бағдарлама болды. Елдің жағдайы жетілді. Өткен ғасырдың қай жылымен салыстырғанда да қазіргі жағдайымыз жақсарды.
Ендігі кезекте қоғамның рухани жағдайы, қоғамдық сана, білім, мәдениет мәселесі алға қойылып отыр. Президент көтеріп отырған рухани жаңғыру – бүгінгі күннің негізгі талабы. Себебі, қоғам өз дамуының белгілі бір сатысында қоғамға қажетті нәрселерді талап етеді. Демек, білім, мәдениет, өркениет, қоғамдық сана – бүгінгі күнгі қажеттілік.
Бір ғана мысал айтайын, «Бәсекелестік» деген термин бар. Бұл – негізінен экономикалық категория. Ал, енді «бәсекеге қабілеттілік» деген ұғым туралы айтсақ, бұл экономикалық категорияның шеңберінен шығып, қоғамдық сананың, жалпы, ой-өрістің, адами қатынастың, қоғаммен байланыстың, жалпы, ойлау жүйесіне қатысты ауқымды категорияның үлесі болып кетеді. Ойлап қарасақ, бүгінгі бәсекеге сай тауар ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ол үшін оны жетілдіріп, сапасын арттырып, қажеттілікке орай, дамытып отыру қажет. Адам да солай. Бүгінгі бәсекеге қабілетті адам қоғамның талабына сәйкес, өз ой-өрісін, көзқарасын, жалпы, сана-сезімін өзгертіп, жақсартып отырмаса, ол да жаңағы атап өткен бәсекеге қабілеттілік деген мәселеден кейінге қалады. Демек, образды түрде айтар болсақ, қазіргі өмір – жарыс. Күре жолда – мыңдаған сәйгүлік. Лайық адам ғана сол адуынды топқа ілеседі. Ал, ілесе алмаса, жолдан шығып қалады немесе аттың табанына жаншылады. Тіпті, қандай болмасын, туған-туысын да үзеңгісіне қыстырып ала кетуге мұрша жоқ. Өйткені, заманның бүгінгі дамуы, жаһандану заманының жылдамдық талабы осындай.
Тұтастай алғанда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өте бір уақытылы шыққан, өмірдің талабына сай дүние деп есептеймін. Қазақстандағы 15 миллион халық бұл мақаланы оқып ғана емес, өмірінің мәнісіне айналдыруы қажет. Ал, жас ұрпақ осы дағдыны санаға сіңіруі қажет. Демек, біз өмірге деген көзқарасымызды жаңғыртуымыз керек. Өйтпеген жағдайда, бәсекеге қабілеттіліктен кейіндеп қаламыз. Руханиятымызға қатысты өтіп жатқан іс-шаралар, қолға алған бағдарламаларды ұлттық болмысымызға сай жасау қажеттілігі де – өте маңызды мәселе.