Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Бүркітші Арман Қошқаров: «Биіктікті ұнатқандар бүркіт ұстайды»

Ұлыстың ұлы күніне орай Қазақстан чемпионы, 2017 жылғы Атырау және  Ақтау қалаларында өткен республикалық турнир жеңімпазы, бүркітші Арман Қошқаровты әңгімеге тартқан болатынбыз.

Би¦кт¦кт¦ __нат__андар

— Аталмыш жарыстарда сізді биік тұғырға көтерген – бүркіттеріңіз. Оларды қай жерден қолға түсірдіңіз? 

— Құстарым «Нарын», «Ақеділ» деп аталады. Алғашқысын Нарын құмынан тор құрып ұстадым. Ол үшін  алты метрлік торға биіктігі екі жарым метрлік алты шыбық қадап, кереге сияқты айналдырып құрып қояды. Ортасына түлкі немесе қоянның өлексесін тастап, жанына қарақұс сияқты өлексе жейтін жыртқыш құсты байлап отырғызады. Бұл аудан бүркіттің иелігіне жататындықтан, ол оны бірден байқайды. Сондықтан, өлексе жеп отырған құсқа түседі. Құсты ұстаймын деп, өзі ауға оралып қалады.  Бүркіт бірден қолға үйреніп кетпейді. Оны үйрету «құстың түн ұйқысын алу» деп аталады. Ол үшін биіктігі бір жарым метр аспа дайындалады, бұл «ырғақ» деп аталады. Екі ағаш екі арқанмен екі жағынан байланып, ортасына бір ағаш ілінеді, осыған бүркітті отырғызады. Құс енді ұйықтай бергенде ұзын жіппен ағаштан тартып қалып, әткеншек сияқты тербетіп отыру керек. Сонда ол ұйықтай алмайды. Ұйықтамағасын шаршап, әбден діңкесі қатып барып қолға көнеді. Оны көндіргеннен кейін тамақ жегізу одан да қиын. Егер бүркіт бір адамның қолынан тамақ жеуге тез үйреніп кетсе, ол  жақсы. Мәселен, «Нарын» тез үйренді, екі-үш күнде қолымнан тамақ жеп кетті. Мен ұстағанда алты жаста болатын.

«Ақеділді» Хан Тәңірі шыңдарынан ұстадым. Оны да тор арқылы қолға түсірдім. Оның үйренуі өте қиын болды. Екі апта бойы тамақ жемей, менің де сілемді қатырды, өзін де діңкелетті. Ол үш жасында қолға түсті. Балапан кезінен баулыған құстан гөрі түз құсы мықты, алғыр, қайратты келеді. Балапаннан баулыған құсқа көп күтім, шеберлік керек, оны сәбидей күту қажет. Ол түз құсындай емес, аңға түскенде аңқаулау болады. Аңды жіберіп алады.

— Бүркітті қалай күтесіз? Бүркітші болуыңызға кімнің әсері болды? Саятшылықтан басқа қандай кәсіппен айналысасыз?

— Бүркітті үнемі етпен тамақтандырамын. Жаз кезінде етті тоңазытқышта сақтаймын. Арнайы алынған тоңазытқыш бар, сонда қыстай аулаған аңдардың еттері сақталады. Жаздай соны беремін, жетпесе, базардан жылқы етін аламыз. Жазға салым мен бүркіттерді салқын жерге отырғызамын. Жазда күніне үш келідей ет жейді.

Қатты ыстықта қараңғы қораға бос жіберіп, ортаға тас және су құйылған шылапшын қойылады. Суды екі күнде бір ауыстырып отырады. Күн жылыда тазымен аңға шығамын. Бүркітке тамақ тауып беру оңай емес. Аталарымыз «Бүркіт – кедей-кепшіктің айналысатын өнері емес» деген. Ол рас.

Ал, қыркүйектің соңы, қазан айының басында күн суытады, сол кезде қайта ұшырып, баулимын. Аңға шығатын кезде етті азайтып, суға шайып, қан-сөлсіз ет берген дұрыс. Құс қан тілеп, аңға шыққанда бірден жемтігіне бас салады. Ұстаған аңнан өзінің сыбағасы беріледі.

Бүркітші болуыма әкем Әбдікәрім Қошқаров тікелей ықпал етті. Ол – қолөнерші. Мені де қолөнерге баулыды. Қамшы, қалқан, қылыш қалқан, қылыш жасаймын.

— Саятшылықтың денсаулыққа қандай пайдасы бар? Сіз осы кәсіппен айналысқаныңызға өкінбейсіз бе?

— Ешқандай өкінбеймін. Бүркіт – менің жан досым. Мен де оның сырын көзінен оқуым керек. Оның тілі жоқ, ауырғанын айта алмайды, соны құстың жанарына қарап анықтап отырамын. Жараланып қалса, қиналамын. Темекі, арақ сияқты жаман әдеттен аулақ жүремін. Өйткені, бүркіт – текті құс. Ол иесінің өн бойынан нашар иіс шықса, жанына жолатпайды. Онымен бірге өзің де рухани тазарасың, өтіріктен, қызғаныштан, күңкіл-сүңкілден аулақ боласың. Бүркіт – сезімтал. Иесінің жан дүниесі таза болмаса, бабында тұрған бүркіт те аңға түсе алмайды. Бір сөзбен айтқанда, мен өзім барлық жағынан  биіктікті  жақсы көремін.  Ал, оны  бүркіттен ғана  үйренуге  болады.

— Әңгімеңізге рахмет! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Гүлзада Ниетқалиева

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button