Бүкіләлемдік қысқы универсиада сәтті аяқталды

IMG 0207 Жаңалықтар

Алатау бөктеріндегі ақ аламан – 28-ші қысқы Универсиада өз мәресіне жетті. Он бір күнге созылған дүбірлі доданың алауы сәрсенбі күні сөнді.

IMG_0207

Әлемнің елу сегіз елінің мықты студент-спортшылары спорттың он екі түрінен сынға түсті. Атап айтсақ, таушаңғы спорты, шаңғы жарысы, биатлон, керлинг, шаңғы қоссайыс, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, шорт-трек. Жалпы алғанда 85 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан спортшылары 36 медаль (11 алтын, сегіз күміс, 17 қола) еншілеп, турнир тізімінде жүлде саны бойынша екінші орынды иеленді. Соның ішінде, атыраулық шорт-трекшілер Денис Никиша үш мәрте (500 м, 1000 м, эстафеталық жарыс) және Ионг А Ким мен Ольга Тихонова (эстафета сайысы) қола жүлдегер атанды. Ал, қоржынында 29 алтыны (жалпы жүлде саны – 71) бар ресейліктер көш бастады. Үздік үштік қатарына  (11 алтын, бес күміс, бес қола) Оңтүстік Корея құрамасы ілікті.

IMG_0220

Универсиада жарыстары сегіз нысанда өтті. Жаңадан екі кешен – «Алматы Арена» (12 мың орындық) және «Халық Арена» (3 мың көрерменге арналған) салынды. Сондай-ақ, спортшыларға арналып Атлетикалық ауыл бой көтерді. Алдағы уақытта атлеттер мекен еткен қалашық пәтер кезегінде тұрған қала тұрғындарына берілмек. Универсиада-2017 дирекциясының мәліметінше, қысқы студенттік ойындар нысандарының құрылысына 30 мың адам жұмысқа тартылған.

IMG_0258

Жабылу салтанатында бүгінгі доданың басты сайыпқырандары – медальдарды жеңген атлеттерге, сондай-ақ, спорт алаңында әділ күреске түскен спортшыларға құрмет көрсетілді. Салтанатты тамашалаушыларға  әсерлі музыкалық шоу ұйымдастырылды. Кеш фолк, этно және рок жанрлары араласқан «Ұлы дала сырлары» атты музыкалық қойылыммен ашылды. Жезтаңдай әнші Ардақ Балажанова әннен шашу шашып, Жәмила Серкебаева скрипкада  Түркештің «Көңіл ашар» күйімен шараны одан әрі әрлеп жіберді. «Ұлытау» тобы Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін төгілтті. Әнұранымыз орындалып, ұлттық рух одан әрі асқақтай түсті.

IMG_0232

Жалпы спортшылар шеруіне 57 елдің Туын көтеріп шыққан екі мыңға жуық спортшы қатысты. Он екі мың көрерменге арналған залды лық толтырған  жанкүйерлер спорт думанының нағыз батырларын, соның ішінде, қазақстандық спортшыларды үлкен қошеметпен қарсы алды. Ал, Канада құрамасы болса, «Рахмет, Алматы» деген жазуы бар плакатты алып шығу арқылы Универсиада астанасына алғыстарын білдірді.

IMG_0242

Дүбірлі доданың жабылу салтанатында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, сондай-ақ, Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатов сөз сөйледі. Айта кетсек, екі жылдан соң кезекті 29-шы қысқы бүкіләлемдік студенттік ойындар Ресейдің Красноярск қаласында өтеді. Сондықтан, Эдхам Акбулатов FISU туын қабылдау, сондай-ақ, Красноярск қаласының бас белгісін таныстырып, жиналған қалың жұртпен қаланың тарихы мен мәдениетіндегі ең жарқын оқиғалармен бөлісу үшін арнайы Алматыға келді.

IMG_0243

– Мыңжылдық тарихы бар Алматы екі апта бойы әлемнің спортсүйер қауымының көз тартар орталығына айналды. Осы уақыт ішінде әлем Қазақстанды, Қазақстан әлемді жаңа қырынан таныды. Халықаралық қауымдастық халқымыздың тамыры терең мәдениеті мен қанына біткен қонақжайлылығын, үздіксіз даму мен әлемдік бәсекелестіктегі қайратын сезді. Алматы Универсиадасы әлем спортының тарихына өзіндік ізін қалдырды. Тілегі, мақсаты бір жастарды біріктірген Универсиада, ең алдымен, шуақты басқосу, – деді Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев.

IMG_0174

Ал, FISU Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин  қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде өткізген, спортшылар мен еріктілерге қолдау көрсеткен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және ұйымдастыруға атсалысқан барша қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.

IMG_0184

– Универсиаданың тарихында бұрын-соңды залға лық толған осыншама көрерменді көрмегенмін. Бұл, әрине сіздердің спортқа деген ынта-жігерлеріңіздің жоғары екендігінің айқын дәлелі. Сіздерді 2019 жылы Красноярскіде өтетін қысқы Универсиадада асыға күтемін. 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы ресми түрде жабық деп жариялаймын, – деді халықаралық федерация басшысы.

IMG_0176

Салтанатты шарада еріктілердің есімдері де құрметпен аталды. Спортшылар мен қонақтарды құшақ жайып қарсы алып, оларға барлық жағдай жасап, көмектескен Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Грузия және Әзербайжаннан келген 3000 еріктінің ерен еңбектері әдемі суреттелді. Кеш бағдарламасында оларға арнап Қазақстан эстрада жұлдыздары «Қанатыңды кең серпі!» атты музыкалық нөмірін орындады. Еріктілер де мұз айдынында және сахнада көрсетілген флешмобқа белсенді атсалысты. Музыкалық нөмір Универсиада алауын өшіру салтанатымен аяқталды. Ал, Алматы қаласының әкімі салтанатты түрде қысқы Универсиада туын Красноярск қаласының басшысына салтанатты түрде тапсырды.

IMG_0180

Сөйтіп, көңілдерге қуаныш сыйлаған, үміт отын маздатқан, рекордтар жаңартылған, жеңіліс жігерді жаныған 28-ші қысқы Универсиада ойындары тарих қойнауына енді. Қош бол, Универсиада-2017!

IMG_0178

 «КҮМІС» ЭСТАФЕТА

Байрақты бәсекенің оныншы күнінде шаңғышылар эстафеталық жарыс жолына шығып, әйелдер және ерлер арасындағы сайыста қоржынымызға екі күміс медаль түсті.

Биылғы Универсиада ойындары қазақстандық жанкүйерлерді тек алтын жүлдеге үміттендіріп қойғандай. Шаңғышылардан да күткеніміз жеңіс тұғыры еді. Алайда, екі рет қатарынан ресейлік спортшылар алдымызды орап әкетті. Отандастарымыз Анна Шевченко, Ольга Мандрика мен Ирина Быковалар  «бестен үш» эстафетасында күміс жүлдегер атанды.

Ал, шорт-тректен эстафеталық жарыста жерлесіміз Денис Никиша тағы бір қола медаль қанжығасына байлады. Сөйтіп, атыраулық спортшы 28-ші қысқы Универсиада ойындарының үш дүркін қола жүлдегері атанып отыр.

IMG_0186

СОҢҒЫ КҮН. СОҢҒЫ ҮМІТ

Спорт аламанының жабылу салтанаты қарсаңында Универсиада алаңында соңғы екі медаль жиынтығы сарапқа салынған болатын. «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде ерлер арасында отыз шақырымға масс-старттан шаңғы бәйгесі өтті. Осы бәсекенің соңғы минуттарында тартысты күрес Ресей мен Қазақстан спортшылары арасында өрбіді. Нәтижесінде, мәре сызығын бірінші болып ресейлік Дмитрий Ростовцев кесіп өтіп, отандасы Валерий Гонтарь бар-жоғы 0,3 секундқа одан қалып қойды. Жеңіс тұғырына үшінші болып қазақстандық Сергей Малышев (+ 0,5 сек.) көтерілді.

Сондай-ақ, дәл сол уақытта ерлер арасында хоккей додасының шешуші ойындары өтіп жатты. Қола жүлде сарапқа салынған додада Канада құрамасы әрең дегенде Чехияны жеңсе (4:3), алтын жүлде үшін бұрыннан бәсекелес достар – Ресей және Қазақстан құрамалары алаңда беттесті. Тартысты өткен бәсекенің екі кезеңінде қарсыластар бір-бірінің қақпасына шайба соға алмады. Алайда, үшінші кезеңде Даниил Ильиннің күшімен ресейліктер есепті ашты. Универсиада қожайындары есе қайтармақ болып, қарсыластарының қақпасын шабуыл астына алғанымен, гол соғуға мүмкіндік туған сәттерді пайдалана алмады. Нәтижесінде ойын 1:0 есебімен аяқталып, алтын Ресейге бұйырды. Ал, Қазақстан хоккейшілері күміс жүлде еншіледі.

IMG_0192

Эдхам АКБУЛАТОВ, Красноярск қаласының мэрі:

«Ендігі жауапкершілік бізде»

– Красноярск те Универсиаданы лайықты деңгейде өткізетін астанаға айналады деп шын үміттенемін. Біз осы мақсатқа жету үшін бүкіл күшімізді саламыз.

Жас спортшылардың арманына қанат бітіріп, жаңа чемпиондарды тәрбиелеп, бүкіл жер жаһандағы жастарды бір-біріне жақындастырып отырған Халықаралық студенттік спорт федерациясына зор алғысымды білдіремін. Шығыстың қонақжайлығын көрсетіп, жарқын спорт жеңістеріне мұрындық болып, ұмытылмас әсерлерді сыйлаған Алматыға рахметімді айтамын. Универсиада-2017 астанасы қазақ кілемі секілді көркем болып есімізде мәңгі сақталмақ!

IMG_0188

Бауыржан БАЙБЕК, Алматы қаласының әкімі:

«Бүгін барша спортшылар жеңіске жеткен күн»

– 28-ші қысқы Универсиада ойындарының сәтті өтуімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бүгін барша спортшылар, командалар жеңіске жеткен айтулы күн. Универсиада тарихының тағы бір мазмұнды парағы жабылғалы тұр. Осы жобаның жүзеге асырылуына тікелей қамқор болған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, ел Үкіметіне алғысымыз шексіз.

Барлық шараларға көрермендердің белсенді қатысуы, мерекелік көңіл-күймен жанкүйер болуы, халықтың ыстық ықыласы – біз үшін ең үлкен баға. Осы дүбірлі доданы өткізуге тікелей атсалысқан FISU халықаралық ұйымының өкілдеріне, барлық  ұйымдастырушылар, Қазақстанның студенттік федерациясына, еріктілер мен студент жастарға, жанкүйерлерге  алғысымызды білдіреміз.

 Айгүл ЕРТІЛЕУ

Суреттерді түсірген: Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ.

Атырау – Алматы – Атырау.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз