Бүгін – қасиетті Қадір түні
Биыл 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні бүкіл адамзатқа Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған – Қадір түні.
Қадір түні – бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше қасиетті түн. Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар, бұл сөз «құдірет» деген мағынаны да қамтиды. Оның құдіреттілігі сол, бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды.
Қадір түнінің өзге түндерден артықшылығы – ол түні періштелер жер бетіне Алла Тағаладан қайыр-береке мен мол жақсылық ала түседі. Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды уақыт – Қадір түні. Ал ең қорқынышты түн – адамның қабірде болатын түні. Қадір түнін құлшылықпен өткізу қабірдің жап-жарық болып нұрлануына жол ашады.