Бұқарамен біте байланыс
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының үлкен мәжіліс залында «Мемлекеттік қызметтер көрсету» бағыты бойынша сараптама топтың кезекті отырысы өтті. Ол республикалық комиссияның «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы аймақтық саясат және мәслихаттармен жұмыс бойынша кеңестің бірлескен отырысымен бірге өтті.
Отырыс жұмысын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мемлекеттік қызметтерді көрсету» бағытындағы комиссия басшысы Майра Айсина ашып, жүргізіп отырды.
Республикалық бірлескен отырыста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы аймақтық саясат және мәслихаттармен жұмыс бойынша кеңестің төрағасы Серік Сейдуманов сөз сөйлеп, ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Сәкен Сәрсенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова және басқалары баяндама жасады. Баяндамалар негізінде бірлескен отырыс қатысушыларының ұсынысы қабылданды.
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді дамыту мәселесі кеңінен әңгіме болғаннан кейін деректі фильм көрсетілді. Отырысқа қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова сөз алып, көтеріліп отырған мәселеге қатысты ойларын ортаға салды .
Кезекті отырыс жұмысын облыстық «Нұр Отан» партиясы «Мемлекеттік қызметтер көрсету» бағыты бойынша сараптама топтың кураторы, облыстық мәслихат депутаты Ерсайын Дүйсемәлиев қорытындылады.
Лиза Сейтімова