Жарнама
Жаңалықтар

БҰҚАРА МЕН БИЛІКТІҢ АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР

Газеттің өткен тарихы, қалыптасу жылдары, кешегісі мен бүгіні кеңінен сөз болған жиынды университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраев жүргізіп отырды.
— Тарихқа зер салсақ, бүгінгі «Атырау» газеті – ХХ ғасыр басында алғаш аймақ халқын білімге шақырып, сауатын ашқан, қоғамдық санасын оятқан «Ерік» газетінің ізбасары, — деді университет басшысы Б.Мамраев.
– Әр кезеңде әр түрлі атпен шыққан «Атырау» газетінің 90-жылдардағы жанайқайы – Тайсойған, Азғыр, Нарындағы ядролық полигондар жөніндегі өзекті мәселелер аяқсыз қалмай, кейбірі республикалық дәрежеде шешімін тапқаны белгілі.
Тәуелсіз Қазақстан алдындағы қазіргі міндет – Елбасының «Мәңгілік ел» концепциясын қолдап, қуатты мемлекетке айналу жолында қажымай-талмай еңбек ету. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті – осы бағытта маман тәрбиелеп жатқан іргелі ұжым. Біздің оқу-әдістемелік, ғылым саласындағы жаңалық-жетістіктерімізді жарыққа шығарып, қоғамдағы бедел, орнымызды халыққа насихаттап келе жатқан «Атырау» газетіне алғысымыз шексіз.
Сонымен қатар, «Атырау» газеті журналистерінің қатарын университет түлектері құрайтынын мақтанышпен айта аламыз. Демек, «Атырау» газеті облыстың ақпарат кеңістігінде өзіндік салмағы бар, 90 жылдық тарихында халыққа рухани демеушісі бола білді десек, бұл – біздің де еңбегіміздің көрсеткіші.
Сондай-ақ, Бейбіт Баймағамбетұлы өз сөзінде газеттің тұңғыш редакторы Төлепкерей Өтеулиев: «Қазаққа ғылым керек, өнер керек. Сол екеуінің анасы – мектеп керек! Мектеп керек!» деп, ұлттың намысын қайрап, оны қараңғылықтан құтқаруға мүдделі болғандығына ерекше тоқталды. «Әрине, дүние құбылмалы. Заман бір қалыпта тұрмайды. Алайда, замана талабына сай өмір сүру, қала берді уақыттан озу – азаматтық сын. Осы ретте «Атырау» газетінің ұжымы Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Ғабдол Сланов, Берқайыр Аманшин, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаевтай біртума таланттардың туындыларын жариялап, есімі елге белгілі Тауман Амандосов, Фариза Оңғарсынова, Марат Ысқақов, Меңдекеш Сатыбалдиев сынды ақын-жазушыларды тәрбиелеп, жас ұрпақ алдындағы абыройын атқарды», — деп атап өтті ол.
«Газет – елдің естір құлағы, көрер көзі, айтар үні». 1923 жылғы 1 сәуірде облысымызда қазақ тілінде алғаш рет «Ерік» деген атпен жарыққа шыққан басылым талай қиын-қыстау кезеңінен өтіп, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, әр тақырыпқа қалам тербеп, қоғамдық сананы қалыптастыруда ерекше орын алды. Әр жылдары газетті басқарған Сейітмұхамед Мәмбетов, Серікқали Жақыпов, Ғатау Махамбетов, Шияп Қожахметов, Сағат Төлебаев, Сүлеймен Сауырғалиев, Мәди Байтұрсынов, Абдолла Құрманбаев, Боранбай Омаров, Хабир Нұрмұхамедов, Түсіп Бисекенов, Құмар Кенжеғалиев, Теңдік Жауыров, Қилыбай Қуанышбайұлы, Нұрлан Қабыловтың есімдері ерекше құрметке ие.
Бір ғасырға жуық уақыт бойы өңір халқының рухани байлығына айналған басылымның мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференцияға арнайы қатысқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан газет тарихына, қоғамда алатын ерекше орнына тоқтала келе, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
— Құрметті қаламгерлер! Уақыт бар жерде сағаттың тілі тоқтаусыз болса, кез келген ұйымның, мекеменің, адамның мерейтойын тойлап жатамыз. Мұның өзі елдігімізді, бірлігімізді көрсетеді. Дегенмен, бүгінгі шараның орны бөлек. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсыновтың қағидасына салатын болсақ, бүгінгі той — тек бір газеттің немесе бір ұжымның тойы емес, халықтың тойы деп білгеніміз дұрыс». Сондықтан, облыстың бас басылымы — «Атырау» газетінің мерейтойымен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов-тің атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер, — дей келе, Шыңғыс Жұмабекұлы ақпарат кеңістігінде бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде радио, телевидение және интернет уақыт үрдісіне сай қаншама қарқынды дамығанымен, газеттің орнын баса алмайтындығын атап өтті.
Тоқсан жыл – тұтас тарих. Осы жылдар ішінде өз оқырмандарының жүрегіне жол таба білген «Атырау» қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымға айналды. Сонау «Еріктен» бастап салмақты ойынан, өз бағытынан айнымаған басылымның тарихына облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы Исатай Балмағамбетов терең талдау жасады.
— Тоқсан жыл аз уақыт емес. Оны атап өту дегеніміздің өзі — өткенге тағзым, бүгінге салауат, болашаққа аманат. Осылай пайымдағанды жөн деп санаймыз. Бұл мерейтойды атап өту арқылы қазір өмірде жоқ аға-ұрпақтың рухына тағзым етеміз, көзі тірілерге құрмет көрсетеміз. Мұның өзін ұрпақтар сабақтастығы мен тәрбиенің бір тармағы деп санаймыз, — деп, газеттің Бас редакторы Исатай Құндызбайұлы шараның басты мақсатына тоқталды.
— «Еріктің» тұңғыш редакторы Төлепкерей Өтеулиев пен оның қосшыларының халқын сүйген, оның мүддесі жолында отқа да, суға да түсетін көзі ашық, көкірегі ояу, ең бастысы, нағыз ұлтжанды азаматтар болғанын мақтаныш сезіммен айта аламыз. Оған сол жылдары газет бетінде жарияланған мақалалар куә. Кеңестік қытымыр саясаттың салқыны тимеген сала ол дәуірлеген 70 жылда қалмағаны ақиқат. Әр сөзден саяси астар іздеген, әр адамнан ұлтшыл, «халық жауын» жасаған кезеңдерде газет атауы да әлденеше рет өзгерді. Расында да, бұл атаулар сол кезеңнің тынысын бейнелейді: «Жұмыскер тілі» (1924 ж.), «Жем жұмысшылары» (1932 ж.), «Социалды құрылысқа» (1933 ж., қыркүйек), «Социалды құрылыс» (1933 ж., қараша), «Социалистік құрылыс» (1938 ж., қаңтар), «Коммунистік еңбек» (1963 ж., мамыр), «Атырау» (1990 ж., маусым) болып өзгеріп отырғанмен, қазыналы өмірдің төл басылымы бір орында қайырлап, не тұралап қалған жоқ. Талай-талай шыңдалу белестерінен өтті. Қалай аталса да, халықтың көзі мен құлағы, сенімді мінбері бола білді, — деді ол әр кезеңге жіті тоқтала.
«Еріктен» басталған өткірлік, байсалдылық, сарабдалдық сара жол ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, газет бүгінде кемеліне келген басылымға айналып отыр. Аймақтың рухани өмірінде облыстық газеттің алар орны да, ұйымдастырушылық-ұйытқылық ролі де ерекше болды. Газет ардагерлері туралы жинақталған бұған дейін екі мәрте арнайы жинақ болып жарық көрген естелік бар. Биыл да 90 жылдық мерейтойға орай үшінші кітап басылып шықты.
— Тұтас бір аймақтың жылнамасына айналған газетіміздің 90 жылдық белесіне көтерілгенде біз де өткенімізді таразылап, болашағымызға бағдар жасап алар жауапты шақтамыз. Осы орайда, бүгінгі облыстық газеттің мазмұны да, көтерер жүгі де күн санап байып, халық арасындағы абырой-беделі өсіп отырғандығы бізге зор жауапкершілік жүктейді. Жұртшылық іздеп жүріп оқитындай тартымды басылым жасауға жан-жақты мүмкіндік те бар. Баяғыдай сия сауыт пен қол терімнің уақыты өткен, компьютер мен басқа да заманауи озық құралдармен қаруланған журналистер мен баспагерлер аймақтың ғана емес, елдің, тіпті әлемнің жаңалықтарын да қас пен көздің арасында оқырманға жеткізе алады. Газеттің жеке веб-сайты да «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» (Ы.Алтынсарин) заманды әйгілеп отыр, — деп басылым басшысы газеттің қазіргі қол жеткізген жетістіктеріне, ерекшеліктеріне терең тоқталды.
Бүкіл ғұмырын газет өміріне арнаған ардагерлер де бұл шараның құрметті қонақтарының бірі болды. Басылым ұжымы да ардагерлерімен тығыз байланыс орнатып, өткен жылы редакция жанынан «Ақылдастар алқасын» құрған болатын.
«Компьютерлендіру – қазақ баспасөзінің ерекше дәуірі» атты баяндамасында ардагер журналист Қилыбай Қуанышбаев газеттің заман талабына сай қалыптасу тарихын әңгімелеп берді.
— Жазу машинкісі редакцияға отызыншы жылдары келген. Оның өзі үлкен жаңалық болғанмен, ол ұзақ жылдар қазақшаға көше алмады. 1960-ншы жылдары ғана қазақтың орыс алфавитінде жоқ тоғыз әрпі металлға құйылып, бөлек келетін болды. Сөйтіп, қазақша жазу машинкісінің «қызығына» қанып болмай жатып, «Атырау» газетінің редакциясы 1996 жылы компьютерге көше бастады. Сол жылы компьютер цехын жасақтау, қызметкерлерді үйрету жылы болды. Компьютердің біздің редакция өміріне енуі біз үшін ұлы оқиға болды десек, оның алғашқы өнімі – «Атамекен» қосымшасының 1996 жылғы желтоқсандағы №10 саны екен. Осы санның тарихи маңызы барын қазір ескеріп отырмыз. Ол төрт бояумен басылып, біздің редакцияның мүмкіндігін бірден танытты. Сөйтіп, біздің редакция республикадағы қазақ басылымдарының ішінде бірінші болып компьютер цехында жарық көрді, — дей келе, газет тарихында жаңа парақтардың ашылғандығын баяндады.
Өңір журналистикасын зерттеп, талай еңбектерін жазған тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы: «Еріктен» «Атырауға» дейін газеттің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгерлердің атқарған жұмысына тоқтала келе: «Облысымыздағы күллі қалам ұстағандардың ұстаханасы мен қарашаңырағы болған газеттің мерейтойы — баршамызға ортақ, құшақ жая қарсы алатын жарқын мереке. Оқырмандарыңыз күннен-күнге көбейе берсін!» деген ақ тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, газеттің тұрақты авторларының бірі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет те «Газет атын Алаш қойған…» атты баяндамасында құнды мәліметтермен бөлісті.
Аталмыш оқу орнының 4-нші курс студенті Асылай Сержан өз сөзінде «Атырауды» ұстазы санайтынын, әр нөмірін жібермей сүйіп оқитынын айтты. Атыраудың ғасырға жуық тарихын бедерлеген, ел тәуелсіздігінің жарқын жетістіктерінің арқасында орын алған табыстарды насихаттаған мазмұнды басылым деп бағалай келе, сән-салтанаты жарасқан мұнайлы астананың мерейін арттырып, гүлдене түсуіне үлкен үлес қосып келе жатқан басылымның ізгілікке толы мерейтойымен құттықтады.
Бүгінде «Атырау» жаңарған, қазіргі заманға сай, оқырмандарының сүйікті газетіне айналды. Баспасөз тарихында өз орнын айқындады. Уақыттың жедел ағымына ілесіп келе жатқан газетіміздің мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференцияға жиналған жұртшылық ұжымға әрдайым биіктен көрініп, шығармашылық шабыт, тың идеялар, асқақ абырой мен зор мәртебе тілеп тарқасты. Біз де «өңір баспасөзінің қайнар бұлағы — «Атырауымыз» халықпен бірге жасай берсін!» деген тілегімізді айтамыз.

МЕРЕЙ ТАСЫҒАН КҮН

Ел үшін жасаған еңбегіңнің еленгені де бір бақыт. «Атырауды» мерейтойымен алыс-жақыннан құттықтай келушілер қатары аз болған жоқ. «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай жүргізген салтанатты шарада ақжарма тілектер ақтарылды.
— Облыстық «Атырау» газетін қырық бес жылдан бері білемін, — деп бастады сөзін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Ақжайық kz» журналының бас редакторы, жазушы Рахымжан Отарбаев, — Үшінші сыныпта оқып жүрген кезім, «Коммунистік еңбек газетінің соңғы бетін қарап отырсам, «Ошаған» деген бет шығатын еді. Сын-сықақ беті. Сонда ет комбинатының шұжығын сынаған өлең шықты. Ұнап кетсе керек, жаттап алдым. «Барсаң сәлем айта бар, комбинаттың халқына, Колбасаны арқанмен байлайтұғын салты ма?», — деген сол бір шумақ өлең әлі күнге дейін жадымда жүр.
Бұл газет осылай біздің санамызға сіңген. Талай ұрпақтың тәрбиешісіне айналған. «Еріктен» бастап аты бірнеше рет өзгерсе де, заты бір ғой. «Еріктен» еңбектеген баладан бастаса, қазір «Атырау» болып тоқсан жастық ақсақалдық дәрежеге жетіп отыр. Сол ақсақалдық құтты болсын дегім келеді.
Басқа басылымдарға шығармаларым қанша шықса да, мен «қорқатын» екі орным бар. Себебі, сол кісілерді, сол ұжымды жастай өзіме ұстаз тұтқам. Біріншісі – қазіргі «Серпер» газетіндегі бұрын жұмыс жасаған ағаларым, кейінгі замандастарым, інілерім. Екіншісі – осы «Атырау». Осылар қалай қабылдайды екен, «Рахымжан не жазыпты, нені айтыпты» деп ойлайды-ау деп қымсынатыным бар. Басқа жерден қымсынып көрген емеспін. Бұл ұстаздың алдындағы шәкірттің ұяңдығы, үлкен бір талаптың алдындағы балалық қымсынуымыз сияқты.
«Атырау» газетінде жұмыс жасаған Берік Қорқытов, Теңдік Жауыров, Қилыбай Қуанышбаев, Шөпенғали Дәуенов секілді азаматтар тек менің емес, елдің ұстаздарына айналды, сол үшін мінәжат, сол үшін сіздерге тағзым дегім келеді. Қырық жыл бойы «Атыраудың» тілшісі болған, Еділ-Жайық арасындағы бүкіл шежірені жазған Рахмет Иманғалиев ағамыздың да еңбегі зор.
Біраз жыл Президент әкімшілігінде жұмыс жасадым. Талай газет бар қазақта, бірақ соның ішінде осы «Атырау» мен «Жетісу» газеттерінің алдына шығатын басылым жоқ екеніне көзім жетті. Ұлтқа ұстаз болған ұжымға жетістік тілеймін.
«Атыраулықтардың рухани серігіне айналған тарихы мол, тағылымы зор газеттің мерейтойы құтты болсын. Қаламгерлерге шалқар шабыт тілеймін», — деген Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов құттықтау адресаты мен сыйлығын «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетовке табыстады.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің кеңесшісі Чанель Жоли отыз мыңға жуық оқырманы бар «Атырау» газетінің «Теңізшевройлдың» қалыптасу жылнамасында салиқалы серігіне айналғанын атап өтті. Газет тілшілері компания жаңалықтарын, саясатын бұқараға жеткізуде үлкен жұмыстар жасап келе жатқанын айтқан ТШО өкілі сәттіліктер тіледі.
Махамбет аудандық мәслихатының хатшысы Асқар Құрманбаев, Исатай ауданы әкімдігінің атынан Ақылбек Рысқалиев, Құрманғазы ауданы әкімдігінің атынан «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелов, облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Рахметолла Хайруллин, Атырау мұнай және газ институтының атынан Гүлшара Мұқанғалиева, «Ембімұнайгаз» АҚ атынан Нұрлыбек Ғұмаров сөз алып, мұнайлы аймақтың мұңы мен жырын бұқараға жеткізуде алтын көпір болып отырған «Атыраудың» атына алғыстарын жаудырды.
Қазақстан Журналистер Одағының атынан одақтың облыстағы бөлімшесінің басшысы Қуандық Батыров құттықтап, ардагер журналистерге және газет тілшілеріне марапаттар табыстады. Олардың арасында құқық қорғау және экология бөлімінің аға тілшісі Құралай Қуатова кәсіподақ төсбелгісіне ие болса, газет қызметкерлері Айгүл Ертілеуова, Айбөпе Сабырова, Баян Жанұзақова, Ералы Аманбаев, Айнагүл Ерболовалар алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанатты шараның екінші бөлімінде «Атырау» газеті жариялаған «Толғауы тоқсан тоқсан жыл» әдеби байқауы мен «Қайдасың, бұрынғының бұрымдысы» атты бұрымды қыздар бәйгесінің жүлдегерлеріне сыйлықтар табыс етілді.
Тоқсан жыл – абырой мен беделдің биігі. Осынша уақыт бойы мұнайлы мекеннің мерейлі үнжариясы ретінде халыққа қызмет қылып келе жатқан «Атыраудың» тойы – елдің тойы, елдіктің мейрамы. Мерекелік дастархан үстінде де ақ тілектер ақтарылды. Газеттің бұрынғы қызметкерлеріне, ардагер қаламгерлерге, белсенді оқырмандарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. «Атыраудың» тұрақты авторларының бірі, белгілі өнер иесі Сәйпеден Сидеғалиев асабалық жасап, той дастарханының сәнін келтірсе, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілері Ханзада Сақыпова, Назым Шаймарданова, Хамиль Сүйекбаевтар әннен шашу шашты.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас сөз. Жыл басталғалы мерейлі жаспен құттықтаушылар легі аз болған жоқ, баршаңыздың да ықылас-пейілдеріңізге мың алғыс. Әсіресе, «Атыраудың» мерейтойы мазмұнды өтсін деген ниетпен көп көмек көрсеткен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне, университет ректоры Бейбіт Мамраев пен Аққали Ахмет, Қылышбай Сүндетұлы сынды басшы, ғалым азаматтарға айрықша рахмет айтамыз.
Тоқсан жыл – газет өміріндегі елеулі белес. Ол – толысқан, қалыптасқан Атырау баспасөзінің қарашаңырағы. Осынау жылдарда газетпен бірге болған барша оқырманға ризашылығымызды білдіреміз. Іргеміз ажырамасын, облыстың бас газетінің ғасырлық тойында амандықпен жүздесейік!

Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Бақытгүл БАБАШ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button