Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Бұқара мен биліктің алтын көпірі

«Облыстың байырғы басылымы «Атырау» насихаттауды қажет етпейді. Бұқара мен биліктің арасындағы «алтын көпір» қоғамдық пікірдің де ұйытқысына  айналып отыр. Түрлі қосымша, жаңа айдар, бастамалар көп. Сондықтан, газетке ешкім үгіттемей-ақ жазыламыз» дейді құрманғазылық оқырмандар кездесуде.

%d0%b1%d2%b1%d2%9b%d0%b0%d1%80%d0%b0-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%b1%d0%b8%d0%bb%d1%96%d0%ba%d1%82%d1%96%d2%a3-%d0%b0%d0%bb%d1%82%d1%8b%d0%bd-%d0%ba%d3%a9%d0%bf%d1%96%d1%80%d1%96

Ганюшкино селосындағы Смағұл Көшекбаев атындағы мәдениет үйіне бұл күні жұртшылық көп жиналды. Кездесуге ауылдық округтің әкімдері, бөлім басшылары, ардагерлер, тұрғындар да қатынасты.

— Құрманғазы ауданында 58 мыңнан астам адам, 19 ауылдық округ бар. Жыл сайын жергілікті жерде газетке жазылу науқаны қарқынды жүреді. Биыл да бұл шаралар өз деңгейінде қолға алынып отыр. Біздің мақсат – халықтың көзі, құлағы, айнасы болған газеттердің оқырмандарымен табысуына жағдай жасау. Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында баспасөзге жазылу бәсеңдеу жүруде. Дегенмен, ғаламтордан қарағаннан гөрі, адамның өз қолына алып оқыған газет айрықша әсерлі болады, — деді аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова.

Бүгінде шынымен де ақпарат ағынының дамыған кезеңі. Ғаламтор қазір орын алған оқиғаны сол бойда көпшілікке жеткізіп отырады. Алайда, халық кейбір жағдайда қай хабарға сенерін білмей қалып жататыны да шындық. Осындай тұста жергілікті жұрт байырғы басылымға құлақ түреді. Өйткені, көптің санасында «Атырау» айтса, дұрыс айтады» деген ұғым қалыптасқан. Билік орындарының пікірін халыққа, қалың бұқараның тілегін билікке жеткізуді міндетіне алған облыстық газет әрбір хабарды ресми орындарға сүйеніп, әбден тексеріп, шынайылығына көз жеткізгеннен соң ғана оқырманға ұсынады.

— Қандай ма жаңалықты көпшілікке уақытында жеткізудің маңызы зор. Өйтпеген күнде ол маңызын жоғалтып, болған нәрсе жөнінде түрлі қауесет тарап кетеді.Осының өзінен баспасөздің қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудағы рөлі айқын көрінеді.

Соңғы уақытта ғаламтор мен әлеуметтік желілерде жедел хабар тарататын құралдардың саны көбейді. Соған қарамастан газеттер өздерінің маңызын жоғалтпайды. Ғаламтор болмаған кезде 25-30 мың данаға дейін тараған «Атыраудың» таралымы қазірде де 20 мыңнан түсіп көрген жоқ. Оған сүйеніш болып отырған өздеріңіз сияқты оқырмандар, — деді облыстық газет бас редакторының орынбасары Нұрлан Қабылов жұртшылықпен кездесуде. Ол сонымен бірге газет тарихы, онда жұмыс істеген, бүгін де еңбек етіп жүрген әріптестері туралы ой қозғады.

%d0%b1%d2%b1%d2%9b%d0%b0%d1%80%d0%b0-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%b1%d0%b8%d0%bb%d1%96%d0%ba%d1%82%d1%96%d2%a3-%d0%b0%d0%bb%d1%82%d1%8b%d0%bd-%d0%ba%d3%a9%d0%bf%d1%96%d1%80%d1%96-2

— Тоқсан жылдық тарихы бар «Атырау» биыл өзінің жиырма мыңыншы нөмірін жарыққа шығарды. Санмен айтқанда бұл аз уақыт көрінгенімен оның астарында талай адамның маңдай тері, таусылған көзінің майы, сан түрлі тағдырлары жатыр. Елімізге белгілі жазушылардың көбі осы басылымда шыңдалды. Соғыс кезінен бастасақ Асқар Тоқмағамбетов, Әбу Сәрсенбаев ағаларымыз, одан бергі Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Нұралы Әжіғалиев, Нұри Мұфтахтардың қолтаңбасы қалған. Жалпы айтсақ, Атырау ардақтыларының «Атырауда» ізі қалмағаны жоқ. Облыстық басылымда Құрманғазы өңірінің де тыныс-тіршілігі, күнделікті өмірі кеңінен көрініс тауып келеді. Мұнда ғұмырының ұзақ жылын осы газетке арнап, халықтың көзі мен құлағы болған ардагер ағамыз Рахмет Иманғалиевтің зор еңбегі бар. Алдыңғы толқынның жолын бүгінгі жас ұрпақ та лайықты жалғастырып келеді, — деді ол.

«Қай бағытта жүреміз? Қандай кемшіліктеріміз бар, нені ұмыт қалдырдық, болашақта қандай тақырыптарды қозғағанымыз жөн?» деген сауалдар ортаға түскен басқосуда оқырмандар шынайы пікірлерін ортаға салды. Жиында облыстық «Прикаспийская коммуна» газеті бас редакторының орынбасары Наталья Оразғалиева бүгінгі атқарып жатқан қызметтерімен көпшілікті хабардар етті. Айта кетейік, жуырда «Атырау» газетінің белсенді тілшілеріне «Құрметті автор» деген атақ тағайындалған болатын. Құрманғазы ауданынан осындай құрметті Өмірзақ Қажымғалиев иеленді. Кездесуде мерзімдік басылымдарға жазылуды әрдайым жоғары дәрежеде ұйымдастырып жүрген Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Ғаббасовқа «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының атынан Алғыс хат пен сыйлық табыс етілді.

 

Сіз не дейсіз?

Амангелді  ХИЛАУОВ,

зейнеткер:

Қиғаштың 

мәселесі көбірек

жазылса

— «Атырау» газетін 1965 жылдан бері жаздырып алып, оқып келемін. Оның атауы өзгерсе де заты өзгермеген, ел ішіндегі жақсыны да, жаманды да жұртшылыққа жеткізетін міндетін жоғары бағалаймын.

Құрманғазы – облыстағы үлкен ауданның бірі. Сондықтан, мұнда мән беретін мәселелер көп. Мысалы, соңғы жылдары Қиғаштың деңгейі төмендеп кетті. Арнасы аршылмағандықтан, ол тайыздап барады. Осы себептен болашақта су тапшылығы бола ма деп уайымдаймын. Жалпы, экологиялық проблемалар – қоғамның назарын ерекше аударатын жағдай. Су тапшылығы қазір әлемді ерекше толғандырып отыр. Жері құмайт біздің облысымыз үшін ол тіптен маңызды. Аймақтың байырғы басылымының бетінде экология тақырыбы  үнемі жазылуда. Менің ойым, осы мәселелер айтылған жерде қалмай, жауапты орындарға жетсе, тиісті шарасы алынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Айналаның тазалығы, күл-қоқыс туралы да осыны айтқым келеді. Облыстың кейбір жерлерінде, қалада лас қалдықтар үлкен проблемаға айналғанын, аяқ алып жүргісіз екендігін ақпарат құралдарынан естіп-біліп отырамыз. Осыған жеткізетін біз– тұрғындар, өздеріміз. Қоршаған ортамызға құрметпен қарап, өз-өзімізге сыйластық көрсетсек, мұндай күйге жетпес едік. Ендеше, газет осы тақырыпқа жүйелі түрде қалам тербегенін қалаймыз. Әрбір азаматтың экологияға деген жауапкершілігін арттыруға, мәдениетін көтеруге үлес қосқанын құптаймыз. Сонда ғана кемшілік жөнделіп, олқылықтың орны толады.

 

Аян ТӘЖІБАЕВ,

Ганюшкин селосының тұрғыны:

Жақсы

істердің

жаршысы

— Қазіргі қоғамда ақпарат құралдарының айрықша орны бар. Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуында да журналистердің еңбектері ерекше. Осы тұрғыдан айтқанда, облыстық «Атырау» газеті қашаннан елдің сөзін сөйлейтін, мүддесін көздейтін басылым. Ауылдағы үлкен адамдардың қолынан бұрын «Коммунистік еңбек» түспейтін болса, қазіргі ұрпақ «Атырауды» бас көтермей оқиды. Иә, басылымда жаңаша бастамалар көп. «Бизнесмен», «Талбесік», «Әділет әлемі», басқа да қосымшалар бүгінгі заманның жүгін көтеріп тұр деп айтуға болады.

Халық ішінде жүргенде байқаймыз, тұрғындардың облыстың қара шаңырағы саналған басылымға ынтасы зор. Сондықтан менің өтінішім Ресеймен шекарадағы, облыстың іргелі де үлкен аймақтарының бірі Құрманғазы ауданы туралы барынша көбірек беріліп тұрса. Өйткені, жергілікті жерде де жақсы істер, жүзеге асқан шаралар аз емес қой. Солар баспасөзде көрініс тапса деген тілегім бар.

 

Людмила РАХМЕТОВА,

кітапханашы:

Рухани азықты

газеттен табамыз

— «Атырау» газетін сүйіп оқимыз, аудандық басылыммен бірге, оны алдымен қолға аламыз. Мұнда соңғы кездері руханият тақырыбындағы мақалалар көптеп шыға бастады. Рахымжан Отарбаевты айтпағанның өзінде, өзіміздің жерлесіміз Өмірзақ Қажымғалиевтың материалдары жиі жарияланады. Сонымен қатар, жас буынды тәрбиелейтін, ұлағат беретін туындыларды көбірек көреміз. Қазіргі алмағайып заманда газеттің қоғамды ұйыстыруға, ел тәуелсіздігін тұғырлы етуге қосып отырған үлесі зор деп білемін.

Әдебиет пен мәдениет тақырыбындағы мақалалардың көбірек көрініс тапқаны құптарлық. Бұл – келешек ұрпақ үшін қажет. Осылайша жастардың бойына сіңірілген рухани азық оның қоғамда саналы азамат болып қалыптасуына жол ашады.

 

Таңатар ДӘРЕЛОВ,

Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің

бас редакторы:

«Атырау» —

халықтың көзі, құлағы

— Мұнайлы өңірдің тарихы терең десек, оны жасақтауда облыстық газеттердің ерекше үлесі бар. Себебі, жергілікті жердің шежіресін іздеген адам мұны осы басылымдардың беттерінен табады. Құрман-ғазы ауданының өмірі, мәдениеті мен әдебиеті, жақсы-жақсы жаңалықтары «Атырауда» жүйелі түрде жариялануда. Жалпы, газет бетінде оқылымды мақалалар, оқырмандардан түскен пікір-ұсыныстар көптеп жазылады. Айталық, жуырда «Алтын медаль» алып, абыройымызды асқақтатқан елге белгілі жазушы, жерлесіміз Рахымжан Отарбаев туралы қаншама материалдар берілді. Ол – біздің мақтанышымыз емес пе? Жұмекен ағамыз жайында да көпшілікке ұсынылған туындылар көп. Құрманғазы ауданының әлеуметтік-экономикалық саласындағы тоқсандық, жартыжылдық, жылдық көрсеткіштері де газетте тұрақты көрініс табуда. «Атырау» бізге қашан да ыстық, оны асыға күтіп отырамыз. Осы тұста айтайын дегенім, өңірімізден түлеп ұшқан талай ұл-қыздарымыз қазіргі кезде облыстың ақпарат саласында жемісті еңбек етіп жүр. Бұл да құрманғазылықтар үшін үлкен мерей.

 

Зайр ХИДУЛЛИН,

КСРО кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері:

Мақалалар

ақылы ма?

— Құрманғазы ауданының орталығында кәсіптік-техникалық лицей жұмыс жасап келеді. Ол бұрын училище деп аталатын еді. Айтайын дегенім, алғашқы жылдары мектептегі үлгерімі нашар, мінезі қиын балалардың барлығы осы училищеге келетін. Соларды тәрбиелеп, түзу жолға түсіруде білім ошағының ұжымы үлкен еңбек сіңірді. Осы қызметіміздің нәтижесіндей, бүгінде шәкірттеріміз саналы азамат болып қалыптасып,  өмірдің әр саласында қызмет етіп жүр. Тілге тиек еткен кәсіптік-техникалық лицейге биыл 55 жыл толады. Айтулы датаны жоғары деңгейде атап өту, облысқа кеңінен насихаттау мақсатында оқу орнының тарихын, кешегісі мен бүгінгісін жазып, газетке берейін десем, ол ақылы екен. Әрине, түсінеміз, нарықтық заман ғой. Алайда, білім ошақтарының бәрінің қаражат төлеп, мақала беруге мүмкіндіктері болмай жатады. Болашақта осы мәселе ескерілсе деген ұсыныс айтамын.

 

Гүлжанар ӨТЕУЛИЕВА,

Абай атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

Ұстаз еңбегі

еленсе

екен…

— Өзім мектепке биыл келіп жатқан жас ұстазбын, ағылшын тілінен дәріс беремін. Облыстық «Атырау», аудандық «Серпер» газетін үйдегі әжем бұрыннан бері жаздырып алып оқиды. Сондықтан да, бұл басылымдар маған да бала кезден таныс. Мұнда білім саласындағы жаңалықтар, хабарлар үнемі көрініс тауып тұрады. Оны мүмкіндігінше жібермей оқып отыруға ұмтыламын. Ұстаз – адамның тәрбиешісі ғой. Осынау қасиетті мамандық иесі туралы алдағы уақытта көбірек жазылса. Сонымен қатар, қасымдағы мұғалім әріптесім айтқанындай, қазір ұстаздардың қағаз жазудан қолы босамай жатады. Осы мәселеге газеттер маңыз берсе дұрыс болар еді. Кейбір ұстаздар өмір бойы мектепте жұмыс істеп, бір жылы сөз естімей-ақ зейнетке үн-түнсіз кетіп жатады. Журналистер осыны ескерсе дейміз.

 

Базарбай НҰРЫШЕВ,

Көктоғай селолық клубының директоры:

Ауылдарда клуб жоқ

— Селолық клубтың бірнеше жылдан бергі жетекшісімін. Мәдениет саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатырмын деп айтуыма болады. «Атырауда» осы жүйе жайында көп материал беріледі. Облыстың көлеміндегі мәдени шаралар туралы да кеңінен оқып отырамыз.

Мәдениет – күрделі сала ғой. Елімізде, оның ішінде облыс көлемінде осыған қатысты көптеген жаңалықтар, жақсылықтар болып жатыр. Алайда, шешімін күткен мәселелер де бар. Мысалы, ауыл клубтарының жағдайы әлі мәз емес. Кезінде Құрманғазы ауданындағы клубтардың бірқатары жекеменшікке өтіп кетті. Соның зардабын қазір кейбір елді мекендердің тұрғындары көріп отыр. Осы сөзімнің айғағындай, біздің клуб амалдың жоқтығынан мектепте орналасқан. Балалар оқитын білім ошағында мәдениет ұжымының да қатарласа қоныстануы ыңғайсыздық тудырады. Бұл тек біздің басымыздағы ғана емес, жергілікті үш мәдениет клубына да тән жағдай. Газет аталған мәселелерге назар аударғанын, тиісті орындарға жеткізгенін қалаймыз.

 

Бақыт ҒАБДОЛОВА,

кітапхана қызметкері:

Көп сұрақтың жауабын

газеттен көрсек…

— «Атырау» газетінің «Әділет әлемі» қосымшасын, оның ішіндегі «Заңгер бұрышын» жіберместен қарап отырамыз. Өйткені, қарапайым халықтың көкейінде жүрген сауал көп. Мәселен, коммуналдық-шаруашылық саласына қатысты туындаған сұрақтарға болашақта арнайы мамандар жауап берсе, осы тақырып жөнінде әлі де көбірек жазылса жөн болар еді. Жалпы, сұрақ-жауап бетін жиі-жиі беріп тұрсаңыздар. Себебі, заң жиі өзгереді.Ал, қарапайым адамдардың оны қадағалап, қарап отыратын мүмкіндігі жоқ.

 

Бекжан НҰҒМАНОВ,

мәдениет қызметкері:

Мәдениет –

өркениет өзегі

— Теңіздің халқы, ең алдымен аудандық және облыстық газеттерді қолына алады. Өйткені, ғаламтор қаншалықты дамыды дегенмен, жергілікті жердің жаңалығын осы басылымдар бізге жеткізеді. Ал, ғаламтордан хабарды оқи отырып, «Осы дұрыс па екен?» деген көңілде күмән тұрады.Себебі, алынған хабардың нақты көзі айтылмайды.

Өзім мәдениет саласында еңбек ететіндіктен «Атыраудың» бетін парақтағанда осы бағыттағы мақала, хабарларды іздеймін. Болашақта Құрманғазы ауданының мәдениет саласына қатысты материалдардың көбірек берілгенін қалар едік. Бізде елге ерекше еңбек сіңірген азаматтар, мәдениет саласының «отымен кіріп, күлімен шығып жүрген» адамдар аз емес. Солар туралы жазылса, осы бағыттың тыныс-тіршілігі кеңірек көрсетілсе, жөн болар еді. Біз келесі жылға төрт-бес газетке жазылып отырмыз. Оның басында әрине, «Атырау» тұр.

Құрманғазы ауданына сапарымызда жергілікті жұрттың облыстық «Атырау» газетіне деген ерекше ықыласын байқадық. Баспасөзге жазылуды ұйымдастыруда жергілікті атқарушы орын өкілдері, селолық округ әкімдері, мекеме басшыларының айрықша белсенділігін сезіндік. Әсіресе, газетке жазылу науқанына ерекше үлес қосып жүрген Құрманғазы аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова  әріптесімізге байырғы басылымға деген жанашырлығы үшін айрықша алғысымызды білдіргіміз келеді.

Азамат Базарбаев

Суреттерді түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Құрманғазы ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button