Азық-түлік сатпайтын дүкендер мен сауда орындары жабылады
Atr.kz/26 наурыз, 2020 жыл. Бүгіннен бастап Алматыда үлкен-кішілігіне қарамастан азық-түлік сатпайтын барлық дүкендер мен сауда орындары жабылатын болады.
Алматыда азық-түлік дүкендеріне келетін клиенттердің барлығына маска тағу міндеттеледі. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Наталья Дягилева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Азық-түлік дүкеніне келушілерде маска жоқ болса, қызметкерлер бетперде беруі тиіс.
«Дүкендерге тек маскамен кіруге болады. Егер келушінің маскасы болмаса, оған қызметкерлер беруі керек. Сауда орындарында осының бәрін қадағалайтын жауапты тұлға болуы тиіс. Сауда орнында санитайзерлер қойылуы керек. Санитарлық торапта сабын жеткілікті болуы шарт», — деді ол.
Ал дүкендерде қызмет көрсететін қызметкерлер де маска тағып, қолдарына бір реттік қолғап киюге міндеттеледі.
Наталья Дягилеваның айтуынша, маска таусылған жағдайда кәсіпкерлер сатып алуы тиіс.
«Келушілер де, сатушылар да осы талапты орындауы тиіс. Олай болмаған жағдайда жаза қолданылады», — деді ол.
***
Қосымша айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 81-ге жетті. 26 наурызда сағат 01:10-дағы жағдай бойынша коронавирус індетін жұқтырған тағы бір адам Алматы қаласында тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат coronavirus2020.kz-ке сілтеме жасап.
«Осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 41 адам, Алматы қаласында – 32 адам, Қарағанды қаласында — 2, Шымкент қаласында- 2 адам, Алматы облысында — 1 адам, Ақтөбе облысында — 1 адам, Жамбыл облысында -1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында — 1 адам тіркелген», делінген хабарламада.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ