Қазыналы өңірдің күй керуені еліміздің бас қаласына жетті
Кеше Астана қаласындағы Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев баспасөз-конференциясын өткізді. Мұнайлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жедел қарқынмен өсіп келе жатқанын атап өткен ол Елордадағы мәдениет күндеріне дайындық барысына тоқталды.
— «Ханшатыр» ойын-сауық алаңында Астана жұртшылығына арналып Атырау облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, облыстың өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасы өтеді. Шараға Жылыой, Махамбет, Мақат аудандарының шығармашылық ұжымдары, жеке орындаушылар қатысады. Сонымен бірге, «Меруерт», «Жұлдыз» би топтары өз бағдарламасын көрерменге ұсынады, — деді Әлібек Ибатоллаұлы.
Айта кетсек, бас қалада өтетін шараларға қатысу үшін Атыраудан барлығы 260-қа жуық өнер иелері, 10 шығармашылық топ келді. Оның ішінде, «Нарын» және Дина Нұрпейісова атындағы оркестрлер, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония ұжымы, Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры, сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы бар.
Кешкісін сағат 16.00-де «Бейбітшілік және келісім» сарайында Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының құнды жәдігерлері мен жеті планшетінен құралған «Ғасырлардан сыр шерткен – Атырау» атты көрмесі ұйымдастырылады. Ондағы экспонаттар саны 270-ке жуықтайды. Брифингтің бас мейманының айтуынша, аталған көрмеге орта ғасырлық Сарайшық қалашығынан табылған археологиялық бұйымдар, Сұлтан Бейбарыс, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Құрманғазы Сағырбаев, Дина Нұрпейісова сынды тарихи тұлғалардың архивтік құжаттары мен жеке заттай жәдігерлері, Жәңгір ханның жұбайы Фатима ханымның камзолының көшірмесі, этнографиялық тұрмыстық заттар, қолөнер шеберлерінің туындылары, ағаш ыдыстар, зергерлік әшекейлер, қолөнер шебері Н.Қалиевтың бұйымдары астаналықтардың назарына ұсынылады.
Ал, кешкі сағат 19.00-де «Бейбітшілік және келісім» сарайында атыраулық өнерпаздар гала-концертке шақырады. Шара «Нарын» мен Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар біріктірілген оркестрінің орындауындағы Айтқали Жайымовтың «Тойбастар» күйінен бастау алады. Сонымен қатар, Астана қаласының Жастар театрында облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрының әртістері Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» атты қойылымын назарға ұсынады.
Атырау облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев жәрмеңкеге 36 тауар өндіруші қатысып, жергілікті өнімнің 90-ға тарта түрін ұсынатынын жеткізді.
Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сұрақтарына тұшымды жауап алды.
— Атырау облысында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр?
— Өткен жылы облыс орталығы мен Жылыой ауданында екі 280 орындық балабақша пайдалануға берілсе, биыл тоғыз балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі күні аймақта 19312 бала кезекте тұр. Айта кететін жайт, бұл мәселеге мемлекет тарапынан қаражат бөлу ғана емес, жекеменшік балабақшалар санын көбейтуге жұмыстанудамыз. Қазіргі таңда олардың саны – 11.
— Жастарды пәтермен қамту, оларға орта және жоғары білім алуға жәрдемдесу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Өткен оқу жылында облыс бойынша 4615 түлек мектеп бітірді. Олардың алпыс пайызы жоғары оқу орындарына, 27 пайызы колледждерге оқуға түскен. Бұл бағытта біз облысқа қажетті мамандықтар бойынша арнайы курстар ұйымдастырып отырмыз.
— Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы туралы айтып өтсеңіз.
— Күні бүгінде өңірде 588 үкіметтік емес ұйым бар, оның жүзге жуығы белсенді жұмыс жасап отыр. 8 басқарма бойынша, мемлекеттік және облыстық бюджеттерден 144 жобаға 328 миллион теңге қаржы бөлінді.
— Атырау облысының Астана қаласындағы күндері аясындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 36 тонна балық өнімі шығарылмақшы. Бұл өнімдер бағасы базардағы құнмен салыстырғанда арзан бола ма?
— Бұл бағытта біз республика бойынша мониторинг жүргіздік. Жәрмеңкеде балық өнімдері базардағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылады.
— Денсаулық сақтау саласы бойынша қандай мәселелер шешімін таппай отыр?
— Ең басты мәселе – кадр тапшылығы. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 144 маман жетіспеген еді. Осыған орай, 90 адамды жұмысқа орналастырдық. Оның ішінде, 78 маман жоғары оқу орындарын тәмамдаған. Келесі жылы бұл мәселе толықтай шешіледі.
Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Атырау – Астана – Атырау.