Қазыбек Иса: Сайлауымыз әділ болсын!
Аtr.kz/23 сәуір, 2019 жыл. Қазір елдің бәрінің назары Президент сайлауында. Үлы ақынымыз, абыз Шәкәрімнің «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек»дегеніндей бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек.
Өйткені, бұл Президент сайлауына 30 жылдан бері алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайды. Оның үстіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде «Сайлау әділ де, ашық, таза өтетініне кепілдік беремін» деп мәлімдеді. Яғни, мемлекет басшысының бұл сөзі елдің үмітін оятып, саяси партиялардың қарқынын күшейтуі тиіс.
Бұл ретте, Конституция бойынша әлі бір жылдай Президенттік уақыты болса да, Мемлекет басшысысының ел алдындағы зор жауапкершілігін білдіріп, өзіне тән демократиялық, дипломаттық қасиетімен Президент сайлауын жариялаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі халықтың көңілінен шыққанын айтуға тиіспсіз.
Кезінде кітабын жастығымызға жастап оқыған белгілі жазушы, қазақ детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаевтың ұлы – бүгінгі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туралы айтқанда, мен әдеттегідей кез келген саясаткердің келбетін ең алдымен Ұлттық мүддемізге байланысты қарастырамын. Ал ұлттық мүддеміз ең алдымен мектептен, білім саласынан, балаларға берілер тәлім-тәрбиеден басталатыны анық. Қашанда, қай қызметте болса да, қоғам тынысын сергек бақылап отыратын Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезінде Твитттер әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Бірінші сыныпта шет тілін емес, Қазақ тілін оқытудың қажеттігі» туралы айтқанын ел жақсы талқылап, жаппай қолдағаны белгілі. Иә, қай кезде де, тоқетерін айтатын Тоқаев мырза елдің сөзін айтуымен ерекшеленіп келе жатқан салмағы зор саясаткеріміз екені анық. Кезінде елдің наразылығын тудырған латын әліпбиінің алғашқы нұсқаларының бірі «үтірлі нұсқаға» нүктелі ноқат қоюға үлес қосқаны да белгілі. Шетелдің атақты алпауыт телеарнасы BBC-дің HARDTalk бағдарламасының жүргізушісі Стивен Сакурға еркін жауап беріп, еліміздің демократиялық деңгейін білдірген сүбелі сұхбаты көптің көңілін аударған да болатын. Сол кезде «Елбасы ендігі Президент сайлауына қатыспауы мүмкін» деген сөзді алғаш рет Тоқаев айтқан болатын… Сондықтан болар, елімізде кейбір күрделі мәселелер шиеленісе бастағанда ел Қасым-Жомарт Кемелұлының кеңесін күтіп жүретін. Қазақстан Президенті бола салысымен Инстаграммнан парақша ашуы да Қасым-Жомарт Кемелұлының xалықтың үнін, қоғамның тынысын тыңдаудан туған қарекет деп білеміз. Енді қоғамдық-саяси әлемнің қайнаған қара қазанына айналған Фейсбуктан да өз парақшасын ашып жатса құба-құп.
Сол кезде кез келген мемлекеттің ұлттық мүддесі болып табылатын мемлекеттік тіл мәселесінің «бас ауыруына» айналған бастауыш сыныптардағы шет тілін оқытудың зияны туралы зиялылық биіктікпен білікті пікір білдіруі бүкіл елдің күтіп отырған түйінді сөзі еді… Әр мемлекетте бастауыш сыныпта балалардың тек өз тілінде оқуының артықшылығы және бастауыш сыныпта шет тілінде оқудың зияны туралы тұжырым ғылыми дәлелденген қағида екені ақиқат. Бұған мың бір мысалдың бірі ретінде Жапония секілді озық ойлы дамыған мемлекеттерді алсақ та жеткілікті.
Былтыр, Бұқаралық ақпарат құралдары күні, бір үстелде отырған журналистермен әңгіме үстінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жас кезімде журналист болуды армандаған едім. Бірақ, сәті түспей, кейін Мәскеудің халықаралық университетіне түстім» деп, айтып қалды.
– Әрине, әкеңіз Кемел Тоқаев белгілі жазушы болғасын, журналист болуды армандауыңыз заңдылық қой – деп, мен сөз қосып қойдым.
-Сіз қазір де журналистердей мақалалар жазып жүрсіз ғой,-деді «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі.
-Иә, алдыма дайындап әкелген мәтіндерді көбінесе, ұнатпай, өзім жазуға тырысамын» – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Әңгіме Қ.Тоқаевтың твиттердегі бірінші сыныпта ағылшын тілін емес, қазақ тілін оқыту керектігі туралы, ел жаппай қолдап жатқан құнды кеңесіне келгенде Қасым-Жомарт Кемелұлы:
-Ағылшын тілін, жалпы шет тілдерді бастауыштан кейін, 5-сыныптан бастап оқыту керек. Біз өзіміз солай оқыдық қой, – деді.
-Жаратылыстану пәндерін, физика,математика пәндерін ағылшын тілінде оқыту деген қалай болады? Оған дайын мұғалімдер бар ма?-деп риторикалық сұраулы жүзбен қарады бізге.
-Білім министрі Сағадиевтың «Ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдердің барлығы дайын тұр» деп зуылдауының бәрі өтірік. Кеше ауылдан келген мұғалімдер «Ағылшын тілінде сабақ беру қазір мүмкін емес, босқа халық қаржысын шашу, ертең балаларымыз дүбара болып, қатты зардабын тартамыз» деп зар жылап кетті, – дедім мен әңгіме өзіміз күнде көтеріп жүрген негізгі тақырыбымызға ауысқанын қолдап.
Сөз арасында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақ үні» сайтындағы «Тоқаевтың тоқетер сөзін түсінбейтін депутаттар да бар екен» деген мақаламызды оқығандығын айтып, рахметін білдірді. Мен «үкімет айтса, үндемеу, министр не десе де, мыңқ етпеуді меңгерген депутаттарға салса, ағылшын тілін балабақшадан бастайық деп шығады ғой» деп, кейбір «халық қалаулыларын» да түйреп өттім арасында… (Айтпақшы, кезінде шет тілін бастауыш сыныптан кейін ғана оқыту керектігі туралы Тоқаев тоқетерін айтқанда, келіспей қарсы болған әлгі депутаттар қазір басқаша сайрай бастады).
Иә, кезінде шет тілін 5-сыныптан бастап оқып-ақ, кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы төрағасының орынбасарлығына дейін көтерілген, әлем мінберінде ағылшынша талай сөйлеп, баяндама жасап жүрген , Сенат төрағалығын сенімді атқарған, енді міне, Қазақстан Президенті болып, мемлекет тізгінін қолына алған Қасым-Жомарт Тоқаевтың нар тұлғасы – өзі айтқандай, балаға шет тілін бастауыштан кейін оқыту – талқылаусыз таңдау, өмірлік өзекті қағида екенін анық білдірмей ме?
Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев осылай көтерген білім саласындағы келеңсіздіктерге биыл нүкте қойылғанын ел қуанышпен қабылдағаны айқын. Мемлекет тізгінін қолға ала салысымен «Рухани жаңғыру – Қазақ тілінен басталады» -де мәлімдеп, алдымен Ұлттық мүддемізге-Мемлекеттік мүддемізге басты назар аударуда.
Қазір еліміздегі Президент сайлауының дүбірі күннен күнге күшейіп келеді… Әрине, мемлекет басшысын xалық сайлауы тиіс. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұрынғылардан өзгеше биылғы Президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастап түсетіні анық. Сонымен бірге партиялардың, қоғамдық ұйымдардың үміткерлері де бақ сынайды бұл сайлауда. Біздің «Ақ жол» партиясынан да үш-төрт үміткер бұл аламанға ат қосатынын мәлімдеп үлгерді. Бұл сайлаудағы бір кемшілік – Қазақстан Президенттігіне үміткер болып, тек бес жыл мемлекеттік қызметте істегендер ғана тіркеле алады деген қисынсыз талап! Заңымыздағы бұл заңсыз тосқауыл ел үміт күткен көп үміткердің жолын жауып, қолын байлап отыр. Енді біздің «Ақ жол«» партиясының негізгі үміткері 24 сәуірде өтетін партия құрылтайында анықталады!
Ең бастысы – Сайлауымыз әділ, үміткеріміз дәділ болсын деп тілейміз!
Қазыбек ИСА,
ақын, «Қазақ үні» газетінің Президенті.